• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

02 Қараша, 04:47:29
Алматы
+12°

Уақыт өткен сайын адамдар арасындағы аурулардың түрі көбейіп, естімеген диагноздар құлаққа үйреншікті болып барады. Тіпті сәбилердің шала туылуы жиілеп, соның салдарынан болатын ретинопатия ауруының қауіпі артқаны жайлы дабыл да қағылуда. Ретинопатия – бұл шала туған шақалақтарда жиі кездесетін көз ауруы. Ол тез өршитіндіктен, егер санаулы күнде анықталып ем жасалмаса, бала зағип болып қалуы мүмкін. Мәліметтерге сүйенсек, бұл дертті кеш анықтау салдарынан 2021 жылы 35 сәби зағип болып қалған. Қазір Қазақстанда дер кезінде диагностика жасау жолға қойыла бастады...    

Елімізде жылына 22 мыңнан астам сәби шала туылады. Мамандардың айтуынша, олардың  40% жуығында ретинопатия тіркеледі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бұл кеселді дер кезінде анықтап, ем жүргізе алатын елімізде 22 офтальмолог маман ғана бар. Онда да шала туған нәрестелердің көз жанарындағы қауіпті аурудың бар-жоғын арнайы диагностикалық тексеру арқылы ғана анықтауға болатынын айта кетейік.  Әуелі, аталған ауру жайлы қысқаша таныса кетсек.

Ретинопатия – бұл көз торларындағы елеулі ретинальды тамырлық бұзылысы, деградацияланып, оптикалық жүйке атрофиясы мен торларына зақым келуі. Көз торы тамырларының қалыпты жетілуін бұзатын бірқатар факторлардың әсерінен дамитын витреоретиналды көздің патологиясы. Жетілмеген сәби ағзасындағы әлсіздік, көру жүйесінің де толыққанды дамымауы аурудың өршуіне қолайлы. Сондай-ақ шала туған сәбилерде жиі кездесетін бұл кесел инкубатордағы оттегінің жоғары концентрациясының әсерінен де күшейіп жатады. Яғни инкубаторлар шақалақтың шала өкпесінің тыныс алуын қамтамасыз етуде өте маңызды болғанымен, ретинопатияның дамуына  ықпал етіп жатады. Сондықтан медицина саласы жоғары дамыған елдерде де шала туған кездегі ретинопатияның жоғары көрсеткіші жеткілікті мөлшерде. Олардың неонаталдық технологиялары 500 грамм салмақтағы нәрестелердің өмірін 3 айдай ерте, тіпті одан да бұрын туған нәрестелерді қолдауға қабілетті. Бірақ ол технологиялар қанша озық болса да, шақалақтардың көру патологиясына апарады. Себебі инкубаторлар баланың дамуы үшін табиғи ортамен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылығы бары айтпаса да белгілі. Ал ретинопатия еш білінбей, ауыртпалықсыз асқынып отыратындықтан, арнайы құрылғылар мен мамандардың көмегі аса қажет.

Осы орайда қуанышты жаңалық! Еліміздегі шала туған сәбилердің ретинопатиясының ерте скринингіне арналған жабдықтар бірнеше жыл бұрын небәрі 4 орталықта ғана болса, қазір «Шеврон» компаниясы мен  «Аяла» қайырымдылық қорының бірлескен жобасымен бұл мүмкіндік артты. Олар еліміздегі 16 медициналық орталықты офтальмоскоп, 5 лазерлік аппарат пен 5 ретинальды камерамен қамтамасыз етті. «Бұл Қазақстанда жаңа туған нәрестелерді офтальмологиялық скринингпен қамтуды шамамен 12%-ға ұлғайтуға, шала туған балаларда ретинопатияны анықтауды 20%-ға арттыруға және ретинопатия кезінде көз торын лазеркоагуляциялау бойынша оталардың үштен бір бөлігіне көбірек жүргізуге көмектесті», - деді қайырымдылық қордың президенті Айдан Сүлейменова.

Қажетті офтальмологиялық жабдықтардың толық жиынтығы: камера, офтальмоскоп, лазерхирургиялық қондырғы жабдықтарымен қолдаулар нәтижесінде  1,5 жыл ішінде ретинопатияның алдын алуда орасан серпіліс болғанын дәрігерлер де қуана жеткізуде. Олар бұл жетістікке қайырымдылық қолдау мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде жеткенін алға тартуда. Осылайша, технологиялық мүмкіндіктер артқан сайын нәрестелердегі көз ауруын сапалы әрі тез анықтап, емдеу жолға қойыла бастады. Былтыр Қазақстанда ретинопатиясы анықталған сәбилердің жалпы саны 1523 болса, оның 597-не көз торының лазеркоагуляциясы бойынша ота жасалған. Бұл 2021 жылға қарағанда 34%-ға жоғары. Қазір Қазақстандық офтальмологтар «Шеврон» компаниясы мен «Аяла» қайырымдылық қорының қолдауымен елімізде екі ірі қаладан өзге тағы үш перинаталды орталықта балалар лазерлік түзетуден өтіп жатқанын атап өтті.

Осындай қайырымдылыққа ұйытқы болып жүрген әлемнің жетекші біріктірілген энергетикалық корпорацияларының бірі «Chevron»  жайлы  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Теңіз және Қарашығанақ мұнай-газ секторындағы ірі жобаларды іске асыруда сенімді серіктес ретінде еліміздің энергетика нарығында өте белсенді қызмет атқаруда»,- деп атап өткен болатын. Ал «AYALA» қайырымдылық қоры Қазақстандағы балаларға қатысты денсаулық сақтау және білім беру саласында жемісті жобаларды жүзеге асырып келеді. Сондықтан ретинопатияның алдын алудағы жемісті қадамдардың ең тиімді жолы болашақта шала туған сәбилердің санын азайтуға қатысты  аналардың  денсаулығын қолдау кампаниясына ұласады деген сеніміміз мол.

Айша АМАНҚЫЗЫ

журналист

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір