• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

14 Қараша, 13:01:52
Алматы
+12°

20 Қараша, 2023 Саясат

Ескі Қазақстанның көрсеткен сесі

Не болды? Кіл "бұрынғылар" жиналып, Болаттың асын өткізді...

Фото: matritca.kz

"Ескі Қазақстаны қайсы, жаңасы қайсы" деп ұқпай жүргендер бар ма еді?

Өткен сенбіде Астанадағы "республикалық Бас мешітте" (ондай да бар) кешегі елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев марқұм інісі Болат Назарбаевтың асын берді.

Болат Назарбаевтың өліміне әлі сенбей жүргендердің бар күмәні осымен тынса керек.  

Бір қызығы, Болат марқұмның асы "жабық жағдайда" өтті. Қарапайым халықтан ешкімді кіргізбеген. Есесіне "ескі Қазақстан" қаз-қалпында жиналды. Мәселен, асқа келгендер арасында тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзін айтпағанда:

  • ҰҚК экс-басшысы Нұртай Әбіқаев 
  • Конституциялық кеңестің бұрынғы төрағасы Қайрат Мәми 
  • Түркістан облысының бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеев 
  • Ішкі істер министрі болған Қалмұханбет Қасымов пен Ерлан Тұрғымбаев 
  • Дариға Назарбаева мен оның күйеуі Қайрат Шәріпбаев 
  • бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаров 
  • президент әкімшілігін басқарған Әділбек Жақсыбеков 
  • олигарх күйеу бала Тимур Құлыбаев 
  • Алматының экс-әкімі және "Самұрық Қазына" қорының экс-басшысы Ахметжан Есімов 
  • президенттің экс-көмекшісі һәм Конституциялық кеңестің бұрынғы хатшысы Қайырбек Сүлейменов 
  • бұрынғы Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов 
  • президент әкімшілігінде іс басқарған Абай Бисембаев 
  • ШҚО-ның экс-әкімі Даниал Ахметов 
  • елдің бұрынғы бас идеологы болған Марат Тәжин 
  • бұрынғы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев 
  • Назарбаев зияткерлік мектептерін басқарған Күләш Шамшидинова
  • тарихшы Бүркітбай Аяған, Нұрсұлтан мен Болат Назарбаевтардың туған қарындасы Әнипа Назарбаева, кешегі "сарай бұлбұлы" Ермұхамет Ертісбаев сияқты тұлғалар байқалды.

Фото: nazarbayev.kz

Бұлардың бәрі – кілең бұрынғы басшылар болғанымен, қолында әлі де байлығы, керек десең күші, артынан ерер рулас-жымдастары бар, былайша айтқанда жерде жатқан адамдар емес екені анық. Қазақстандағы әлі талай жерге ықпалы жүреді, мешіттегі осы ас туралы ақпаратты таратуға өздерінің БАҚ-тарына пәрмен берді.

Назарбаев көсіле сөйледі, өз еңбегін қазақ халқы елеу керектігін жеткізді. Даниал Ахметов: "Болат Назарбаев адал адам болды" деді.

Айтпақшы, кей басылымдарда кілең "бұрынғылар" жиналған Болаттың асына "қазіргі" энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қатысыпты деген ақпарат шықты. Сол-ақ екен, министрліктің өкілі жылан шағып алғандай жалма-жан "бұл мәлімет жалған, министр аталған іс-шараға қатысқан жоқ" деп жанталаса ақпарат таратты. Егер Даниал Ахметов айтқандай, Болат адал адам болса, оның асына баруда тұрған не бар еді, соншама?

Дегенмен, қазіргі билікте отырған шенеуніктердің Назарбаевтарға қатысты іс-шаралардан ат тонын ала қашуы тегін емес сияқты. "Жыланды үш кессең де кесірткедей күші бар", ескі Қазақстан реванш жасап, билікке қайта жармасуы мүмкін деген күдік бар әлі қоғамда.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір