• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 15:24:07
Алматы
+12°

20 Қараша, 2023 Барлық аймақтар

Өлімнің жеделсатысы

Қазақстанда әрбір бесінші лифт жөндеуді қажет етеді. Бірақ қайғылы жағдай болғанға дейін жөндеуді қолға алып жатқандар некен-саяқ.

Фото: ашық дерек көзінен алынған

Қозғалыстың бұл түрі әлдеқашан қауіпсіз болудан қалған. Лифттерді орнату мен пайдалануды құзырлы органдар нашар бақылайды. Тиісті материалдық-техникалық базасы жоқ кез келген жеке кәсіпорын жолаушылар мен жүк лифтілерін орнатып, реттеп, жөндей алады. Оған арнайы қойылған біліктілік талаптары жоқ. Бұл мәселенің түбірі 2014 жылы элеваторлардың жұмысын бақылау жергілікті атқарушы органдарға берілгенінде. Көптеген аймақтарда бақылауды жүзеге асыру үшін ресурстар жетіспейді. Осыдан кейін лифтке байланысты апаттар жиілеп кеткен.

Еліміздегі тұрғын үйлердегі лифттердің 4 мыңнан астамы жөндеуді немесе ауыстыруды қажет етеді. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2018-2022 жылдар аралығында елімізде лифттердің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан 13 төтенше жағдай тіркелген. Оның 8-і адам өлімімен аяқталды. Биыл да қайғылы оқиғалар көп болды. Ақтау қаласында лифт құлап, 34 жастағы ер адамды басып қалды. Күні кеше Астанада Байтұрсынов көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде лифт ішіндегі темір конструкция тұрғынның басына құлады. «Алжир» музейінде жеделсаты құлап, екі әйел жапа шеккен. Қылмыстық кодекстің 306-бабының 2-бөлігінің 2-тармағы «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе өткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету» бойынша іс қозғалды. Лифт жаңа болғанымен, қауіпсіз емес екені, жөндеу, тексеру жұмыстары олқы жүргізілгенінің дәлелі осы.

Қазақстан лифтшілері ұлттық қауымдастығының президенті Ержан Игібаевтің айтуынша, нарықта лифттерге қызмет көрсету және орнатумен айналысатын біліктілігі жоқ, ұлттық стандартқа сай істей алмайтын компаниялар көп. Алайда, оларды тексеруге мораторий кедергі келтіреді. Сондықтан уәкілетті органдар ешқандай шара қолдана алмай отыр. Е.Игібаев аттестаты жоқ компаниялардың да тендер ұтқан кездері кездескенін айтады. Адам қауіпсіздігі емес, жекеленген адамдардың қалтасын қампиту басты орынға шыққан.

Қазақстанның лифт операторларының ұлттық қауымдастығының дерегінше, басты проблема – ескірген лифттердің көптігі және тиісті жөндеу жұмыстарының жүргізілмеуі. Қазақстанда мерзімі 25 жылдан асып кеткен 4500-ге жуық лифт шұғыл ауыстыруды қажет етеді. Бұл жағынан Павлодар облысы көш бастап тұр. Мұнда 1000-нан астам лифтті ауыстыру керек.

25 жыл қолданыста болған лифттерге бағалау жүргізілуі тиіс. Бағалауды заңнамаға сәйкес аккредиттелген және лифтке қызмет көрсетуге жауапты ұйым жүргізе алады. Бірақ компания жарамды деп тапса, жұмысын жалғастыра береді.

Жоспардан тыс жөндеуге не ауыстыруға қомақты қаражат қажет. Тұрғындар дауысқа салып, толтырылған хаттама тұрғын үй саясаты басқармасына қарасты коммуналдық кәсіпорынға беріледі. Осы құжат негізінде пайызсыз ақша бөлініп, ай сайынғы төлем түрінде ақша алынады. Мысалы, Алматыдағы Жароков-Левитан көшелерінің қиылысындағы тоғыз қабатты үйлердің бірінде ауыстырылған жаңа лифт үшін тұрғындар ай сайын 14 мың теңге көлемінде төлем жасап келеді. Бұл төлем 3 жыл мерзімге созылмақ. Жалпы құнын есепке алсақ, аталған мерзімде 12 млн 96 мың теңгеге жуық қаражат жиналады. Орташа айлықпен күн көріп жүргендерге мұндай көлемдегі ақша ауырлық салады. Сол үшін көп тұрғын ескі жеделсатыларын жаңасына ауыстыруға құлықсыз.

«Спутник» кешенінің тұрғыны:

– Лифт соңғы кезде жиі бұзылатын болды. Жуырда лифтіде өрт шығып, бүкіл жұрт дүрлікті. Бұзыла беретін лифтіге алаңдай бастадық. 17 қабатты үйде тұрамын. Екі лифтіміз бар. Біреуі сынып қалса, кәдімгідей әбігерге түсеміз. Бір лифт 17 қабаттың тұрғындарын тасып үлгермейді. Мектепке барарда балаларымыз лифт күтіп, сабаққа кешігіп қалады. Лифт бұзылған кезде ішінде қамалып қаламыз. Шамымызға тиетіні,  лифт жұмысын қадағалайтын ұйым уақытылы келіп, бұзылған лифтіні жөндеп бере алмайды. Бірақ ай сайын лифт ақысын төлеп отырмыз. Алайда лифт не дұрыс жұмыс істемейді, не оны жөндейтін адам келмейді.

Лифтке қатысты дау көбейіп барады. Үйлер түгілі, мекемелерде де кезек, лифттің бұзылуы көп. Айтпақшы, шенеуніктер мен басшылар қатардағы қызметкерлермен кезекте тұрғысы келмейді. Сол үшін оларға бөлек лифт қарастырылған. Мысалы, БАҚ өкілдері тоғысқан Астанадағы аты дардай Қазмедиа қызметкерлерінің мұндай бөлінушілікке еті үйреніп кеткен. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоратында да басшылық үшін арнайы лифт бар. Өзге қызметкерлер, сабылған студенттер екі лифтке кезек күтуге мәжбүр. Орташа есеппен үлкен лифтке 8 адам мінуі керек, ал мұнда амалсыздан екі есе көп адам мініп кетеді.

Әсем Жұмақан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: лифт

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір