• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

13 Қараша, 03:15:40
Алматы
+12°

22 Қараша, 2023 Барлық аймақтар

Фото: ашық дерек көздерінен

2023 жылдың басында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2022 жылдың соңына қарай инфляция шарықтау шегіне жетіп, 20,3%-ды құрағанын мәлімдеген еді. Ал ұлттық банктің биылғы статистикасы қуантарлық. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

Инфляцияның өсуіне негізінен азық-түлік өнімдері, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары әсер етеді. 14 қарашадағы көрсеткіш бойынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа бағасы мынадай болды: бірінші сұрыптағы ұн – 310 теңге, сұйық май – 742 теңге, жұмыртқа – 560 теңге, күріш – 513 теңге.

21 қарашада Qamshy.kz әлеуметтік базар деп аталатын кішкене дүкендердің біріне барып, бағаны салыстырды. Көкөністердің бағасы сәйкес келгенімен, бірінші сұрыптағы ұнның орташа бағасы 445 теңге, сұйық май – 858 теңге, ал жұмыртқаның бағасы 700 теңгеден төмен түспейді. Көпшілік баратын супермаркеттерде баға бұдан жоғары.

 Қазақстандағы инфляция жоғарғы және қашан да тұрақсыз. Үкімет пен ұлттық банк алдына үлкен мақсат қойып, инфляцияны төмендетеміз деп атқарған жұмыстары ылғи мардымсыз болып шығатын. Бұның негізгі төрт факторы аталады:

– Шикізатқа тәуелділік және Қазақстан экономикасының диверсификациясының төмендігі.

– Бюджеттік саясаттың сәйкес келмеуі және оны жүзеге асырудағы қаржылық тәртіптің болмауы.

–  Елімізде бәсекелестіктің жоқтығы және нарықтық механизмдердің тиімсіз жұмыс істеуі.

–  Қазақстандағы қаржы және валюта нарығының жеткілікті деңгейде дамымауы.

Қазақстан ұлттық банкі ҚР аймақтарындағы инфляциялық үрдістер туралы деректі жариялаған деректерге шолу жасасақ.

2023 жылғы қазанда жылдық инфляция баяулап, 10,8%-ды құрады (қыркүйекте – 11,8%). Өңірлер бойынша жылдық инфляция барлық 20 өңірде бәсеңдеді.

Бұл ретте, қазан айында елдегі айлық инфляция 0,7% болды. Экономист Мақсат Халықтың айтуыша, бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары.

– Өткен жылы тауар бағаларының өсу қарқыны 20% болған. Қазір 11%, әлі де екі таңбалы. Өсу қарқыны жоғары деуге негіз бар. Қазақстан үшін 5-6%  болса, норма еді. Ал біздегі көрсеткіш қазір бұдан екі есе жоғары. Әрине, бұл ресми деректерге негізделген, ал бейресми түрде қарасақ, ол әлдеқайда жоғары. Азық-түлік инфляциясы өз алдына жеке жүреді, оны төмендеп жатыр деп айтуға келмейді. Ол қашан да қымбаттау үстінде. Қыркүйек-қазан айларында сандық көрсеткіштердің бәсеңдеуі заңдылық, себебі өнім алатын уақыт. Қараша мен желтоқсанда баға қайта шарықтайды. Жаңа жылға дейінгі үрдістер басталады да, кәсіпкерлер көбірек табыс тауып қалу үшін бағаны өсіреді.

Инфляция ауыздықталды деп, үкімет мұны өз жұмысының нәтижесіндей көреді. Шынын айту керек, бұған сыртқы факторлар әсер етті. Рубль бағасы қатты құлдырап, Ресейден келетін тауарлардың бағасы арзан болды. Бұл инфляцияның төмендеуіне айрықша әсерін тигізді деп айтуға негіз бар. Сондықтан бұл үкіметтің тамаша жұмысының нәтижесі деуге ерте. Осы бағыттағы жұмыстар әлі де жүргізілуі қажет.

Экономика министрлігінің инфляцияға қатысты жақсы болжамдарының тағы бірі доллар бағамына байланысты. Алдағы жылы доллар бағамы 460 теңге шамасында болады деп болжануда.

«Белгілі дәрежеде теңге тұрақты болады деген болжам бар. Бұған ықпал етуі мүмкін бірінші фактор – Американың федералды резервтер жүйесі пайыздық мөлшерлемесін шақыртау шегіне жетізді, енді мақсатты түрде бәсеңдете бастайды. Келесі жылы бұл валютаның қуаттылығы төмендейді. Демек, теңгеге де қатты қысым жасамайды деген сөз. Мұнай бағасы, геосаяси жағдайлар тұрақты болса, онда теңгеміз тұрақты болады деуге негіз бар», – дейді экономист.

Инфляцияға қарсы атқарылған жұмыстарға талдау

Экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, негізінен өнім өндіру көлемін ұлғайтуға бағытталған 46 жаңа шара әзірлеген. Басты бағыттарын негізге ала отырып, мақсат қаншалықты деңгейде орындалғанын талдап көрейік.

Бірінші бағыты – «Өнім өндірісін ұлғайту». Бұл бағыт тікелей сатып алудан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру арасында форвардтық шарттар жасасуға көшіп, тұрақтандыру қорларының жұмысын қайта форматтауды көздеген. Істің нәтижесі сол – қаңтар-қыркүйек айларындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 9,9%-ға азайған. Бұл 8 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Қатарынан он жыл бойы ұн бағасы қымбаттап келеді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елімізде қант және ұн тапшылығы болмайтынын айтқан еді, бірақ арзандайды деп ешкім уәде берген жоқ.

Екінші бағыт – «Сақтау, логистика және көлік» – бұл картоп пен көкөністерді сақтау бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру. Ұлттық статистика мәліметінше, елде мынадай көкөніс арзандады: картоп (-2,2%), сәбіз (-2,1%), пияз (-2%), қырыққабат (-0,9%). Бірақ бұл қымбатшылықтан кейін келген «жеңілдіктер» екенін ескеру керек. Жылдық есеппен алғанда жаңа піскен көкөністер 28%-ға қымбаттап, бағасы қайта түсті.

Үшінші бағыт – тауарлардың бөлшек саудасы. 2023 жылғы қаңтар-қазан аралығында бөлшек сауда көлемі 14 827,1 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,9% артты. Алайда, қазақстандық өнімдердің сапасы қуантарлық емес. Ұнымызды экспорттайтын жалғыз ел Ауғанстан өніміміздің сапасы нашарлап кеткенін айтыпты. Бұған дейін Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан біздің ұннан бас тартқан.

Төртінші бағыт – баға белгілеуді бақылау, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеу. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, монополистер астыртын келісім  жасайды.

– Бұл көбіне олигополиялық нарықта болады. Мысалы, үш-төрт компания өзара келісіп, тауар бағасын өсіреді. Баға белгілеуді бақылау деп осыны айтып отырса керек. Жұмыртқа мен сұйық майдың бағасын өсіргені сияқты бірқатар мәселелер кездеседі. Бұл айтылады, бірақ жазаланып жатқаны жоқ. Дұрысы, анықталды ма, бірден жазалап, көрсету қажет. Монополияға қарсы күрес солай жүруі керек. Кей монополистік компаниялар қалауына қарай бағаны қоя береді. Ал өнім бағасы тым жоғарылап кетсе, халыққа қиын. Сыртқы саудада шетелге шығарылып отырған өнімнің көлемі ғана емес, импортталған тауар да қадағалануы тиіс. Оның бағасы өсіп кеткен жағдайда, орнын алмастыра алатын ішкі нарықтағы өнімге қолдау жасау керек. Сонда өзімізде шыққан тауардың бағасы қолжетімді болады және инфляция кезінде сол құнын сақтап тұрады. Теңгенің құнсыздану процесі жүрмейді.

 

Әсем Жұмақан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: экономика инфляция

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір