23 Қараша, 2023 Әлеумет
Фото: Ашық дереккөз
Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатында «KazAgroFeed» компаниясының демеушілігімен дәстүрлі V республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы өтті.
Ұлттық рухани мұрамызды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылып жатқан кезекті сөз додасына еліміздің 12 облысы мен 3 ірі қаласынан (Алматы, Астана, Шымкент) және Назарбаев зияткерлік мектебінен 24 оқушы қатысып, ақыл-ойы мен сөйлеу шеберлігін сыннан өткізді.
Байқау оқушыларға сөз өнерінің ерекшелігі мен жүйелі сөз саптау шарттарын меңгерту, сауатты әрі жатық сөйлеу дағдысын – сөйлеу мәдениетін жүйелеу, сөз өнерінің тарихи-мәдени болмысын тану, сөз құндылығын бағалау, ұлттық тәрбие беру, сол арқылы әдеби тіл нормасына сәйкес мемлекеттік тілді қолданудың жаңа деңгейін қалыптастыруға бағытталды.
Республикалық байқауға «Дарын» РҒПО-ның Педагогикалық шеберлік және психологиялық қызмет бөлімінің басшысы Бақтияр Сайран Бәкенұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ақын, сазгер, шежіре-шешен, ұлт жанашыры, Талғар аудандық мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Дәркембай Кәмінұр Тәлімұлы, Сүлеймен Демирел Университетінің профессоры, ғалым Жұмақаева Береке Дәулетханқызы және М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің ғылыми қызметкері, PhD докторант Жұматаева Айдана Нышанғалиқызы қазылық жасап барлық қатысушыға бағыт пен шабыт берді.
Сөз додасына қатысушылар өзара жұптасып, жеребе негізінде таңдалған тақырыптар бойынша ой өрбітті. Оларды бағалауда ой қисынын сақтай отырып, жылдам әрі сауатты пікір білдіру, сөз тапқырлығы, логикалық жүйелік, сөз көркемдігі, тіл тазалығы, тақырыпты аша білуі сынды критерийлер негізге алынды.
Нәтижесінде 8 оқушыға жүлделі орын, 4 оқушыға Арнайы жүлде табысталды. 4 оқушы – Шайкыбекова Нұрай (Павлодар облысы), Ауғанбай Әсел (Маңғыстау облысы), Нұржанқызы Ақерке (Алматы облысы), Әйгерім Арсланбекқызы(Абай атындағы РММИ) Арнайы жүлдені (20 мың теңге); 4 оқушы – Абдихай Жанболат (Шымкент қаласы), Нұбарақұлы Абай (Алматы облысы), Ондасынқызы Әсия (Ақтөбе облысы), Асқарқызы Ақбота (Жамбыл облысы) жүлделі ІІІ орынды (40 мың теңге); 2 оқушы – Жапас Аяулым (Абай атындағы РММИ), Үмбетқали Бекарыс (Батыс Қазақстан облысы) жүлделі ІІ орынды (70 мың теңге); Жабағиева Үммігүлсім (Семей қаласы, Назарбаев Зияткерлік мектебі) жүлделі І орынды (100 мың теңге) алды.
Ал бас жүлде мен(150 000₸) арнайы кубокты Абай облысы, Аягөз ауданындағы #10-гимназияның 10-сынып оқушысы, республикалық “Ділмар” шешендік өнерді дамыту клубының мүшесі, “Ділмар-Аягөз” шешендік өнер үйірмесінің жетекшісі Түрсәлім Әли Мұхтарұлы иеленді. Сонымен қатар, қалған оқушыларға сертификаттар мен кітаптар тарту етілді.
Жоба авторы: республикалық Абай мектебінің мұғалімі, журналист Жарқын Сәленұлы.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір