• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Желтоқсан, 22:16:51
Алматы
+7°

29 Қараша, 2023 Саясат

LRT: Қазаққа жармасқан жалмауыз жоба

Жік тудыратын, жұт шақыратын LRT жыры әлі де бітпейтін секілді.

Фото ғаламтор желісінен алынды

Астанада 10 жыл бойы құрылысы не әрі, не бері емес болған LRT жобасының жыры қайта басталды. Көлік министрлігі құрылысқа ақша сұрап, Ұлттық қорға ауыз салмақ. Тоқаевтың өзі LRT жобасы қате болғанын айтқан. Бірақ оны тоқтатсақ, шығын одан да көп болатынын шарасыз мойындады.

Енді көлік министрлігі LRT-ның әуежайдан жаңа вокзалға дейінгі учаскесіне 2023 жылға 52 млрд теңге сұрап отыр.

– Бұл құрылыс басталған соң аяқталуы қажет. Бірақ оған қатысты шешімдердің тез қабылдануына қарсымын. Әуелі урбанист мамандар талқылап, ортақ шешімге келсін. Халықтың пікірін сұрасын. Себебі, елордалықтар ЛРТ мен БРТ-ның не екенін білмейді. Өміріне қандай өзгеріс әкелетінінен хабарсыз. Себебі бізде ондай тәжірибе ешқашан болған жоқ, дейді урбанист Асхат Сәдуов.

бағанасы қисайған ЛРТ

 Салынбай жатып бағанасы қисайды

 Экономист Сәбит Рысбаев LRT-ның көлік ретінде қала халқына пайдасы тиетініне сенбейді. Оны тек жұмыспен қамтамасыз ететін жоба қажет деп санайды.

– LRT әу бастан имидждік жоба болған. Бізге LRT сонша қатты қажет емес. LRT қолданысқа берілген күннің өзінде жүктемені азайтпас анық. Әуежайдан вокзалға дейін көп адам бармайды. Бұл жай ғана шетелдіктер көрсін деген имидждік проект. Стансалардың саны басында 18 болатын, кейін оны да 11-ге дейін азайтып тастады. Аялдамалардың арасы бір-бірінен алшақ. Мұны тұрғындар үшін қолайлы жоба деп санамаймын. 2 млрд долларға бұдан да жақсы, пайдалы жобаларды іске асыруға болар еді. Мәселен, зауыт, фабрика ашу секілді халықты жұмыспен қамтамасыз ететін жобалар болса. Ал мына LRT-ның еш пайдасы жоқ. Оның үстіне, құрылысы бітпей жатып, жемқорлыққа қатысты қаншама адамның үстінен іс қозғалды, қаншама адам қашып жүр. Бұл түкке де қажеті жоқ жоба, деді ол.

Өзге елдерде ЛРТ-ның құны қанша?

Өзге елдерде LRT құрылысына жұмсалған шығындарды Дина Елгезек былай мысалға келтіреді:

– Тәшкенде 422 млн долларға 55 шақырымдық 35 станса салынған. 1 шақырымы 7,67 млн долларға түскен.

Ұлыбританияның Нотингем қаласында 337 млн долларға 14 шақырымның бойында 23 станса салыныпты. 1 шақырымы – 24 млн доллар.

АҚШ-тың Шарлотта қаласында 15,4 шақырымдық LRT 462,7 млн долларға түскен. Әр километрінің құны – 42 млн доллар.

Оңтүстік Кореяның Уиджонгбу қаласында 469 млн долларға салынған. Өзі 11,1 шақырым, әр шақырымы 42 млн долларға түсіпті.

Ал Қазақстанда ше?

Астананың 11 стансасы LRT-сының әр шақырымы бюджетке 84,4 млн долларға түседі!

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір