• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 19:32:56
Алматы
+12°

04 Желтоқсан, 2023 Барлық аймақтар

Бизнес форум: "Қытайдың тауарын емес, зауытын тасу маңызды"

Алматы қаласында кәсіпкер Бахтияр Өсербекұлының ұйымдастыруымен «ХХІ ғасырдағы Жібек жолы» атты бизнес-форумы өтті.

Фото: Qamshy.kz

Форумға республиканың түкпір-түкпірінен өз бизнесін ашуға ұмтылған жастар мен шағын кәсіп иелері келді. Екі күнге созылған форум барысында бизнес идеялар құрылып, жиналғандар өз өндірісін ашуға кеңестер алды және еліміздегі белді кәсіпкерлермен кездесті.

Бахтияр Өсербекұлының кәсіпкерлік өркендеуі қиын да күрделі кезеңдерден, көпшілік шыдас бермес бұралаң жолдардан тұрады. Қарапайым слесарьдан жеке консультациясы ең қымбат бизнес-аналитиктер қатарына дейін көтерілген. Енді өз тәжірибесімен бөлісіп, өз елімізде өндіріс орындарын ашу мәселесін талқылады. Ал кәсіптік жолға ден қойғандардың басым көпшілігі неден бастарын, ең қиыны қандай кәсіпті алатынын білмей дағдарады. «Тағам» асханалар желісін құрған, қазірде «Біздің ауыл» жобасының авторы Жеңіс мырза жиында өзінің бизнес жолынан бастап, ең өзекті тақырыптардың бірі мақсат қою, соған сай табыс табу мәселесі жайында айтты.

– Алты түрлі байлықтың түрі бар, соның ең соңғысы – ақша. Мысалы, сау адам денсаулықтың миллионері. Осылай дұрыс бағалау керек. Әйтпесе, қазір барлық нәрсені тек ақшаға әкеп тіреп тастаған. Ал, шындығында, адамның бақытты өмір сүруі үшін көп ақша қажет емес. Бизнесті тек табыс үшін ашу қателік. Миллион, миллиард ақша табамын дейді, бірақ оны қайда жұмсайтынын білмейді. Мақсатсыз тұрғызылған бизнес деген осы. Бірінші кім болғың келеді, қайда барғың келеді, ол үшін қанша қаражат қажет, соны тап та бақытты өмір сүр. Таңда үйден мақсатсыз шыққандықтан, мақсаты бар адамның артынан ілесіп кетесің және өзіңнің емес сол адамның мүддесін жүзеге асырасың, – дейді табысты кәсіпкер.

Ал «Coca cola», «Food master» секілді әлемдік брендтердің дистрибьюторы Ерлан Андасбаев адамның артынан ақша, атақ пен мансап өзі жүгіруі керек деп есептейді.

– Белгілі арман-мақсаты бар, сол жолда өзін дамытқан адамға байлық пен даңқ өзі-ақ келеді. Біздің елде бизнес бар, бірақ масштабы үлкен деуге болмайды. Мысалы, өткенде Бахтияр бауырыммен Қытайға бардық. Міне, масштаб деп соны айтады. Бірақ жүз миллиондай ақшасы айналымда жүрсе де, олар үлкен масштабқа жеттік деп санамайды. Себебі, оларда бәсекелестік бар, қасында одан да үлкен компания тұр. Бұндай үлкен деңгейге жетпесек те, әжептәуір жұмыс істеп жатырмыз. Бұл да еңбекпен келген, оқу мен талпыныстың нәтижесі. Бұл қозғаушы күштің негізгі факторы – аштық. Білімге, үйренуге аштық сезіну керек, – дейді кәсіпкер. Жетістікке жеткізген тек бұл ғана емес. Андасбаев сөз арасында намыс жайын көтерді. – Біз істемесек, сырт ел келіп біздің жерімізде табыс табатын болады. Ал бизнес өз кезегінде үлкен артықшылықтарды береді.

Намыс он жыл бойы түріктердің компаниясында жұмыс істеген Ерлан Андасбаевты өзі жеке кәсіп ашуына қозғаушы күш болса, «Shanhai Whitesand LTD» компаниясын негізін қалаушы Айнұр Тұркияны балаларым қытай болып кетпей, қазақы ортада жүрсін деген ұлы мақсатпен елге жетелеген.

– Мен алғаш Шанхайда өз бизнесімді ашқанда, қытай елі көмегін аямады. Қытайда Орта Азия елдеріне қызығады. «Бір белдеу – бір жол» деп екі ел арасында үлкен саясат жүрді. Біздің компаниямыз осымен бірге өнеркәсіпке, одан өндіріске қарай дамыды. Қазақстанда зауыттар салынуына атсалыстық. Қазіргі уақытта біз өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған электр станцияларын жаңарту жұмыстарын жасап жатырмыз. 2019 жылы Алматыға көшіп келдік. Қыздарым өз мәдениетінің ортасында өссін, ана тілінде сөйлесін дедім. Бірақ қазақ тілінен гөрі орысша көп сөз қосып сөйлейтін болды, – бүгінгі қоғам дертін де бір қозғап өтті. – Біраз цехтарды көшірдік. Сонда логистикалық компаниялармен қиындықтарға кезіктік. Тауарымыз уақытылы жеткізілмеді, шығыны асты. Сол үшін өндірген тауарларымызды өзіміз тасысақ деген оймен логистикалық компания аштық. 

Форумда көтерілген негізгі мәселелердің бірі – Қазақстанда өндіріс ашу. Елімізде өндіріске қажетті барлық шикізат бар. Бірақ кәсіпорын болмағандықтан, шикізат күйінде қазбалы байлығымыз шетелге жіберіліп жатыр. Осыны негізгі мақсат етіп қойған Бахтияр Өсербекұлы жиналған жас кәсіпкерлерге алдын ала зат алу, оны сатудың тиімді жолдары, кішігірім кәсіпорын ашу, өндіру және оны жарнамалаудың тиімді тәсілдерін айтып кеңес берді.

 а

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: бизнес-форум

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір