• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Шілде, 07:36:29
Алматы
+35°

Бүгінгі жаһандану заманында ғылым мен технологияның қарыштап дамып, алтын басты азаматтарына әр ел инвестиция құйып жатқанда біздің мемлекетіміз де қалыс қалып, көш соңында қалмауы тиіс екені бесенеден белгілі. Осы ретте президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет басындағыларға аса маңызды  тапсырма беріп,  сол тапсырмаға сәйкес елімізде 2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасы әзірленген болатын. Қазіргі уақытта жоба сәтті іске асып жатыр.

Жобаның мақсаты білім сапасын көтеру, білім беру нысандарын салу, білімге қолжетімділікті арттырып, осы саланы цифрландыруды қолға алу және балалардың оқуы үшін қолайлы жағдай жасау сияқты түрлі мәселелерді шешуге бағытталған.

Жоба аясында 2025 жылға қарай Білім беру саласы бойынша негізгі капиталға инвестиция 174,8 пайызға өсіп, білім беру саласында 5 млн теңгеге жуық қаражат ЖҚҚ-ға жұмсалып, 104 мыңға жуық білім беру саласында жаңа жұмыс орындары ашылмақ екен. Жалпы «Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасының іске асуына 2 млрд теңге бөлініп отыр екен.  Қазіргі ғылым мен технологияның заманында білім беру саласына қанша қаражат құйсаң да артық етпесі анық.

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасы аясында әрине Астана қаласында да айтарлықтай елеулі жұмыстар атқарып жатыр. Қала еліміздегі негізгі қала, яғни мемлекет астанасына айналғалы халықтың санымен бірге оқу орындарының да саны артып, сәйкесінше шешілуі тиіс мәселелер де артты. Астананың көлемі бірнеше есе үлкейіп,  тұрғынүйлер үсті-үстіне салынып жатыр.

Осы ретте биылғы оқу жылында қалада жаңадан 9 мектеп есігін білім алушы балаларға тұңғыш рет айқара ашқанын айта кету керек. Оларды атап айтсақ, Рысқұлов көшесіндегі, Р.Қошқарбаев даңғылындағы және Ұлы Дала даңғылы мен Сауран көшесінің қиылысындағы, Ұлы Дала даңғылы мен №39 көшенің қиылысындағы және т.б. мектептер.

Алдағы оқу жылында қалада 2 ауысымда тағы 13 мектеп салыну жоспарланған екен. Бұл мектептердің әр бірі 4 мың оқушы оқытып шығара алады.  Қалада мектептер саны артып қана қоймай, жағдай да жасалып жатыр. Оқу орындарының маңайына ағаш, гүл отырғызылып, тиісінше абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.

Тағы бір айта кететін жағымды жаңалық, жақында Астана қаласында мектеп оқушыларын кітапқа баулу мақсатында сабақ алдында «8 минут кітап оқу» бастамасы жүзеге аса бастаған болатын. Яғни оқушылар күнделікті мектепке 8 минут ерте келіп, өздері ұнататын көркем әдебиет оқиды. Шара оқу жылының екінші тоқсанынан басталған. Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтің айтуынша бұл шара оқушылардың кітапқа қызығушылығын арттырады.

«Бұл жобаны бастаудағы мақсатымыз әрбір оқушы көркем әдебиет оқыса екен дейміз. Себебі, кітап оқыған оқушының білімі, ой-өрісі кеңейеді. Кітап оқудың пайдасы орасан зор. Сөздік қордың көбеюіне, мидың күнделікті жаттығуына және есте сақтау қабілетінің жетіліп, баланың шығармашылық ойлау жүйесін жақсартады. Одан өзге білім сапасын көтеруге тигізер әсері мол. Сол себепті осы жобаны ойлап тауып, мектептерге енгізіп отырмыз», – дейді Қасымхан Сенғазыев.

Сондай-ақ, мектептерде «Буккросинг» бұрыштары ашылып, онда оқушылар бір-бірімен кітап алмаса бастады. Мектептердің фойелерінде оқушыларға арналған коворкинг зоналар да бар. Осындай игі бастамалардың арқасында бас қаламыз білім қаласына айналып, сауатты да саналы ұрпақ тәрбиелеу үстінде екенін баса айтқымыз келеді.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Астана білім алу

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір