20 Желтоқсан, 2023 Барлық аймақтар
Байбек пен Назарбаев саябақты сата жаздады – белсенді
Алматыдағы тоғайдың ішіндегі ойранның сыры белгілі болды.
Фото: ашық дерек көздерінен алынған
Алматыдағы Баум тоғайында ағаштар жаппай оталып жатыр. Біреу сап-сау тұрған ағаштарды алып тастап, оның орнына құрылыс алаңын дайындап жатқан сияқты, дейді белсенді Санжар Боқаев.
Орман шаруашылығы комитеті санитарлық мақсатта Баум саябағында 1000 ағашты отауға рұқсат берген екен. Ал жергілікті экобелсенділердің есебінше, биыл бұл паркте 2074 ағаш тамырымен жұлынып, түбінен кесілген, оның жартысына жуығы сау ағаш болған.
Тоғайдағы жағдайды айтып, тұрғындар экобелсенді Гүлмира Ташимованы шақырған.
— Жиһаз үшін кесілген бе деген ой келді. Кесілген діңдердің ұзындығы 7-8 м, діңдері түзу. Кептеліп қалған Камазды шығару үшін әдемі ағашты шынжырмен зақымдап тастаған. Ал кесілген ағаштардың діңінен белгі таппадық, тек біреуіне ғана қойылған. Сейсенбіде олар барлық бөшкелерді аударып, ағашты шабу туралы белгілерді көрсетуге уәде береді. Бірақ біздің тексеріміздің нәтижесінде еш бір ағашта ешқандай белгі жоқ екенін анықтадық. Медеу» саябағының қызметкерлері мемлекеттік органдар мен тұрғындарды алдап отыр. Мыңнан артық ағаш кесілді. Эко-патруль еріктілері ағаш діңін санап, нақты санын шығарды, — дейді ол.
Санжар Боқаевтің айтуынша, Алматы әкімдігі санитарлық кесу мен жерде қалған ағаш қалдығын шығаруға 27 млн теңге бөлген. Тендерді “Solarit” ЖШС-і жеңіп алған. Бірақ жұмысты ұқыпсыз атқаратыны жаға ұстатады. Мәселен, ауру ағашты кесу үшін орманға ауыр техникамен кіріп, жас талдарды таптап, үлкен сау ағаштарды аямай зақымдай берген. Титтей жанашырлығы болса, бұл жерге техника кірмеуі тиіс еді.
Боқаев мынадай тарихи фактіні келтіреді:
2001 жылы премьер-министр Қасым-Жомарт Тоқаев боп тұрғанда арнайы қаулымен Алматының Баум тоғайында Мемлекеттік табиғат ескерткіші және ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі берілген.
2018 жылы премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың қаулысымен саябақ ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесінен айырылды. Өйткені оның алдында, 2017 жылы сол кездегі әкім Бауыржан Байбек Нұрсұлтан Назарбаевтан “Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы” Заңды өзгертіп, бұл орманды республикалық маңызы бар мәртебеден айырып, қала әкімдігінің коммуналдық меншігіне беруді сұраған болатын.
– Көріп отырғанымыздай, бұл Бауыржан Байбек пен Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақта осы бақтың орнын кезекті тұрғын үй кешенін салу үшін босатып бермек жоспары болғанын білдіреді. Мұны басқаша түсіндіру мүмкін емес. Баум саябағы жылдар бойы қараусыз қалып, оны қасақана құртылып келгенінің сыры белгілі болды, – дейді Санжар Боқаев.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір