12 Ақпан, 2024 Барлық аймақтар
Алтынбек – ауыр тақырып. Мұнда ұлттық трагедия жатыр
Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ
tarlan.kz
Мемлекет басшылығына сөзі түзу, тайғанақ емес, жалтақ-жағымпаз емес, табанды, ел тағдырын ойлайтын азаматтарды әлі аңсап келеміз. Ондай жандар әлі де бірлі жарым. Қазақ үшін қастандықтың құрбаны болған Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі ерекше.
Алтынбек Сәрсенбайұлы – шеше жағынан Әлмерек абызға жиен, өзі Райымбек Хангелдінің зәузаты. Екі асылдан туған асылман. Алтынбекті көзі қарақты қауым әуелі адам баласы жұтынып оқитын газеттер шығарушы журналист, іскер маман, кейін ақпарат министрі, соңында қысастық көріп, қазаға ұшыраған ұлт жанашыры ретінде біледі.
Иә, Алтынбек тақырыбы – ауыр тақырып. Мұнда бүкіл ұлттық трагедия жатыр. Бұл тақырыптың артында қазақтың талқандалған тағдыры жатыр. Бұл тақырып – нәзік, шікәмшіл, кірпияз. Түлкібұлаңға салмай, ақиқат туын қадап жазу – нағыз қаламгердің һәм ұлтым деген азаматтың ғана қолынан келеді.
Ұлтты күйрету де, пұшпаққа шығару да адамдардың ниетінен. Алтынбек Сәрсенбайұлының ниеті ерек, кіршіксіз, мөлдір еді…
Ол тұншығып бара жатқан тілімізді босатуды ниет етті, егемендігіміздің қызығын өзімізге көрсетуді ниет етті, бақуатты, елді рухани күйреуден сақтауды ниет етті. Соның жолында тізгін тартпай, ұлт үшін көзсіз ерліктерге барды.
Ұлт тамырсыздана бастады. Ашаршылық, қуғын-сүргін, 70 жыл бодандық, 30 жылдық жүйеден халықтың санасы да, ұлттық құндылығы да, хәл-ақуалы да дегредацияға ұшырады. Алтынбек ұлттың бойына «еңсені тіктеу керек» деген идеологияны сіңіре бастады.
БАҚ-қа тұсау, ноқта салған шақта Сәрсенбайұлы ақпарат министрлігіне сәтті келіп, сапалы, ұлттық деңгейдегі газет-журналдарды алғы шепке шығарды. «Караванды» ысырып, дүңгіршектерге қазақ басылымдарын қойды.
Сөйтіп жүргенде Алтынбек жүйенің жүгенсіздігін аңғарды. Егемендіміздің мәселесін қолға ала бастағанда шейіт болды.
Ал біз ше? Біз не істедік? Біз өкіндік... Шындықтың шыңырауда қалғанына өкіндік. Көп нәрседе кешіккенімізге өкіндік. Әлі өкініп келеміз.
Енді өкіне бермей, әрекет ету керек. Жастар қызылды-жасылды қауымды емес, ұлт үшін жанын берген ірі тұлға Алтынбек Сәрсенбайұлын үлгі етуі керек.
Бүгін Алтынбек Сәрсенбайұлының дүниеден өткеніне 18 жыл болды. 18 жылда біз не істей алдық?
Тіпті жүрген жерімізде қазақша сөйлей алып жүрміз бе? Әлде Алтынбектің атына көше, мектептер беріп, рухын бір аунатып түсірдік пе?
Алтынбектің ауыр тағдыры туралы спектакльдер қою қолымыздан келмей ме?
Бәлкім, сонда Алтынбектің рухы бізді кешірер…
Бәлкім, сонда қазақтан жүздеген Алтынбектер шығар. Бәлкім, «Жаңа Қазақстан» осыдан басталар?
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір