Атап айтқанда, тау суларының тасуы салдарынан: Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары; қардың көп еруіне байланысты: Батыс Қазақстан, Ақмола, СҚО, Қарағанды, Павлодар және Қостанай өңірлерінде қауіп бар.
Бұл туралы Үкіметтің су тасқыны жағдайына қатысты бүгінгі талқы отырысында ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов айтты.
Министр «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шеңберінде басқару органдарының күштері мен құралдарының нақты дайындығы тексерілгенін жеткізді.
Алайда Премьер-министр бұған дейін өңірлерде су тасқынына қарсы барлық іс-шараны сапалы іске асыру қажеттігі туралы бірнеше рет тапсырмалар берілгенін, бірақ мемлекеттік органдар мен әкімдіктер тиісті шараларды толық көлемде қабылдамағанын сынға алды.
«Нәтижесінде 218 іс-шараның 92-сі осы уақытқа дейін орындалмай отыр. Жұмысқа бұлайша селқос қарауға болмайды. Төтенше жағдайлар министріне жоспарланған іс-шаралардың орындалмауына жол берген орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі туралы ұсыныстар енгізуді тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.
Ол қалың қар мен жаңбыр да қауіпті арттыра түсетінін атап өтті. Бұл ретте жекелеген өңірлерде қар шығаруға арналған қаражат тек ірі қалалар мен облыс орталықтарына бөлінеді. Ал ауылдық елді мекендерде қар шығару жұмыстары назардан тыс қалып отыр.
Оның айтуынша, елдімекендердің көшелерін су басып қалу және бірқатар өңірлерде жолдарды шайып кету фактілері қазірдің өзінде тіркеліп отыр. Жалпы 217 елдімекенде тасқын қаупі сақталуда.
«Мұндай проблема елді мекендердің көпшілігінде жылдан-жылға қайталанып келеді. Мысалы, Қостанай облысындағы Қарамырза ауылы соңғы 4 жыл бойы қар суының құрсауынан шыға алмай отыр. Биыл да елді мекенге қауіп төнуде. Жолдардың су басып қалуына байланысты Ақмола облысында Ягодное, Қостанай облысында Екідің, Ақтөбе облысындағы Оймауыт, Жарық, Өтек және Құмтоғай ауылдарымен жыл сайын қатынас үзіліп қалады», — деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы біраз шаруа әкімдіктердің нақты жұмысына байланысты екенін атап өтті. Осыған байланысты ол арықтарды, жауын-шашын кәріздерін уақтылы тазарту, уақытша бөгеттер салу және елді мекендерде топырақ үйінділерімен бекіту жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Төтенше жағдайлар министрлігі жыл сайын «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы шеңберінде су тасқыны кезеңіне әзірлік барысын тексереді. Барлық өңірлер су тасқынына толық дайынбыз деп баяндайды. Ал сайып келгенде тұрғындар және су басқан ғимараттар мен инфрақұрылым зардап шегеді. Яғни, бұл оқу-жаттығулар формалды түрде өткізілетінін, ал дайындық қағаз жүзінде ғана қалатынын көрсетеді. Біз пәрменді шаралар қабылдауымыз қажет», — деген Олжас Бектенов, оқу-жаттығу өткізу форматын қайта қарауды тапсырды.
Премьер-Министр Төтенше жағдайлар министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, арнайы және инженерлік техниканы шоғырландыруы, бизнеспен олардың техникасын резерв ретінде пайдалану туралы келісімге келуі, аса қауіпті учаскелердің маңында қажетті материалдар қорын қамтамасыз етуді міндеттеді.
«Көлік қатынасы үзіліп қалуы мүмкін елді мекендерді алдын ала айқындап, ондағы азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қажетті қорын дайындау қажет», — деп атап өтті ол.
Пікір қалдыру