• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Қараша, 07:49:04
Алматы
+12°

Қазақ қоғамында әйел рөлі қандай болған деген тақырып төңірегінде талас, тартыс көп. Әсіресе соңғы кездегі резонанстық оқиғалардан кейін бұл мәселе қайтадан талқыға айналды. Сауалға тарихтан тарта отырып, бүгінде күйіп тұрған тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін тыюдың амалдарын іздеуге тырысып көрдік.

Әрине ұлттық дәстүрімізде қыз баланың бәсін жоғарылататын салт-дәстүрлер жетерлік. "Ұл тәрбиелегенің ұрпақ тәрбиелегенің, қыз тәрбиелегенің ұлт тәрбиелегенің" деп қыз баланың болашағы бұлыңғыр болмас үшін қызға қырық үйден тыйым салып, қырмызы қыздарын өз сұлулығынан келетін қауіптен сақтаған. Қыз баланың отбасындағы алар орны да төр мен ақсүйек-сұлтандар отыратын оң жақ босағадан болған.

Қазақ қоғамындағы әйелдің құқығы

Абыз аналарымыздың ел басына күн туғанда қол бастап, майданда қан төккеніне де, елді асқан ақыл-даналығымен басқаруға да құқығы болғанына да тарих куә. Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліске оның қарындасы Бопай 6 баласымен қосылған. 600 адамнан тұратын қолды басқарып, Аманқарағай дуанына шабуыл жасапған. Қабанбай батырдың жары Гауһардың да ерлігі мен тапқырлығы ел есінде. Домалақ ана, Ұлпан ана, Найман аналардың ізін жалғап Шоқанның әжесі Айғаным да елге ақыл-парасатымен бас бола білген. Аталған әйел қауымының баршасы қаумалаған қазақтың бүтіндігіне қызмет еткен қайраткерлер.

Құқығы шектелген тұстар

Бірақ осы көшпелі қоғамда әйелдердің тұрмыс құруына келгендегі құқықтары шектелгенін ашық айтуымыз керек. Мәселен, басым жағдайда қыздың болашақ жарын өзі таңдауға құқығы болмаған, күйеуі қайтыс болған жағдайда басқа адамға тұрмысқа шыға алмаған, әмеңгерлік дәстүрдің негізінде марқұмның ағасына немесе інісіне қосылуға мәжбүр болған. Ұлттық әдебиетіміздегі М.Дулатұлының "Бақытсыз Жамал", С.Көбеевтың "Қалың мал", С.Торайғыровтың "Қамар сұлу", Б.Майлиннің "Шұғаның белгісі", М.Әуезовтың "Қорғансыздың күні", Ж.Аймауытовтың "Ақ білек" секілді сүбелі еңбектер осы құқықтық шектеудің құрбаны болған қазақ әйелін арқау еткен.

Жас әдебиеттанушы Сейсенбай Санжар қыз баланы еркінен тыс тұрмысқа беру өткен ғасырдың 60 жылдарына дейін тоқтамағанын айтады.

– Жалпы қазақ халқында қыздың орны әрқашанда төрде болған. "Қыз-қонақ" деп сыйлаған. Алайда осыған параллельді рабайсыз жағдайлар тағы бар. Ол қызды теңіне емес, ата-анасының қалауымен жат біреуге беру. Ақшаға, атаққа, шен-шекпенге бола үйдегі үлбіреп отырған қаншама қыздың тағдыры талқан болды. XX ғасырдың 60 жылдарына дейін бұл үрдіс тоқтамаған. Қаламгерлер қауымы бұл тақырыпта өндірте шығармалар жазды. Қараңызшы, біз "Кеңес үкіметі келген соң бұл үрдіс тоқтады, қыздарға қалауына тиюге рұқсат беріп бостандық заман туды" деп ойлаймыз ғой. Алайда бұл сөз сәл ұшқарлау тәрізді. Себебі жазушы Сәкен Жүнісовтің "Жапандағы жалғыз үй" романында Ақбөпе деген жесір әйелді әкесі болмашы ақшаға әмеңгерлікке беріп кетеді. Сөйтіп өзі ақшаға, атаққа кенеледі. Қыз сорлы жіпсіз байланып қала береді. Бұл тың игеру яғни 50-60 жылдары болған жағдай. Оқып отырып жаның ашиды, – дейді Сейсенбай Санжар.

Қыздардың құқығын кімдер қорғаған?

Он тоғызыншы ғасырдың аяғы мен жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ қоғамындағы әйелдердің тағдыры үшін ерлер тарапынан күрес басталды. Еуропа мәдениеті пен өркениетін жақын таныған Алаш зиялылары қазақ әйелдерінің сүреңсіз тағдырына бей-жай қарай алмады. Осылайша, 1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен съезде 14 мәселе қаралды. Соның ішінде қоғамдағы әйел құқығына байланысты мәселеде төмендегідей шешімдер қабылданған:

- әйелдер мен ерлердің саяси құқықтары тең болуы керек;

- әйелдер өздеріне серігін таңдауға ерікті;

- некеге тұру жасы 16-ға дейін ұзартылуы қажет;

- молданың 16-ға толмаған қыздың, 18-ге толмаған жігіттің некесін қиюға құқығы жоқ;

- неке екі жақтың келісімімен қиылады;

- жесір әйелдерді күйеуінің туысқандарына зорлап қосуға болмайды;

- бірінші әйелі келісім бермесе, екінші әйел алуға болмайды.

Алаш өкілдерінің бұл шешімі қоғамдағы әйел рөлінің маңызын қуаттай түсті.

Артынша сұрапыл соғыстың кезінде қаншама аналар қара жұмыс істеді. Трактор сынды ауыр техниканың қиын жұмысына жегілген әйелдердің 30 пайызы бала көтере алмай қалған. Онымен қоймай "Казселхозтехника” бірлестігінің басшысы М.Батраков 1965 жылы қазақ даласында қыз-келіншектен егістікке трактор бригадалары құрылсын деген салдары сұрапыл ұсыныс тастайды. Осы тұста Комсомол хатшысы 34 жастағы Өзбекәлі Жәнібек бұл жердегі қазақ қыз-келіншегіне төнген қауіпті бірден біліп, оған қарсы шығады:

– Ендеше өзіңіз әйеліңіз бен қызыңызды тракторшының курсына жіберіңіз. Сіз жіберсеңіз мен құжатқа қол қоямын. Бірақ олай етпейтіндігіңізге сенімдімін. Біреудің әлпештеген әйелі мен еркелеткен қызын ауыр жұмысқа үгіттеп, егіске айдап салу – оңай іс. Кезек өзіңе келгенде кібіртіктеп қаласың, – деп нағыз өр рухты қазақ жігітінің образын көрсетеді.

Тарих беттерінде қанмен жазылған "Желтоқсан оқиғасының" жазықсыз кінә арқалаған батыры Қайрат Рысқұлбеков туыстарына арнаған соңғы хатында былай жазады: "Иә, жасырмаймын, 1986 жылдың 18 желтоқсаны мен алаңға барғанмын. Бұны маған не тартқылады: біріншіден, онда не болып жатқанын өз көзіммен көргім келгені. Екіншіден, егер ол жақта солдаттар мен милиционерлер қазақ қыздарын ұрып жатыр деген әңгімелер пайда болса, азамат пен жігіт қорғаушының парызын орындауға шешімділігім. ...Бірақ, Құдай бұған куәгер мен ешкімді өлтірген жоқпын. Мұндай нәрсе жасау менің мүмкіндіктерімнен және күшімнен жоғары. Ешқашан және ешқай жағдайда мен мұндайға бара алмаушы едім. Иә, іс болды, мен бір милиционерді ол бір қызды шашынан сүйреп, жабайы түрде оны ұрып жатқаны үшін бірнеше рет ұрдым. Бірақ бұл адам әлі күнге шейін тірі, оған ешқандай айтарлықтай зат болған жоқ. Осымен менің қылмыстарым таусылады...”.

Осындай аласапыран орнаған зұлматта қазақ қызын қорғансыз қалдырмауға ұмтылған Қайраттың ерлігі қаймана қазаққа үлгі.

Әйел құқығының қазіргі ахуалы және бұл мәселедегі ерлердің белсенділігі

Әйелдерді бұрын заман ағымына сай келмейтін салт-дәстүр мен солақай саясаттан қорғасақ, бүгінгі қауіп отбасындағы тирандардан төніп тұр. БҰҰ бірнеше жыл бұрын Қазақстанда жыл сайын зорлық-зомбылықтан 400 әйел қаза табады деген дерек келтірген. Соңғы бес жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық саны екі есеге өскен. Жәбірленушілерді қорғау жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, кінәлі тирандарға арналған шаралар тиімсіз болып тұрғандай. Ең қызығы бүгінгі қазақ қыздарының қоғамда жайлы өмір сүруі үшін күресте ерлердің белсенділігі тіптен төмен. Заң жүзінде зорлыққа қарсы жеке баптың енгізілуін талап етіп көше кезіп, митингке шығатындар негізінен әйелдердің өзі. Қазіргі таңда қалың қолды аудиториясы, қолында билігі бар ер азаматтар жетерлік. Бірақ бұл мәселеде қазіргі ер адамдардың белсенділігі жоғарыда мысал келтірген жиырмасыншы ғасырдың батырларындай байқалмайды.

Бұл туралы медиа маман, “Ойжеткен” подкастының жүргізушісі Перизат Мырзахметтің ойын сұрап көрдік:

“Бұл сұраққа ерлердің өздері жауап бергені дұрыс шығар. Біз бұны айта-айта жалыққан адамдармыз ғой. Шынымды айтсам, неше жыл бойы қаншама блогер, саясатта, телевизияда жүрген әріптестеріме «әй, айтсаңдаршы осы мәселені» деп жалынып шаршап кеттім. Негізі өзімен жеке сөйлескен кезде зорлық-зомбылыққа бәрі қарсы. Бірақ азамат ретінде осы нәрсеге позициясын білдірген санаулы адам ғана бар. Соның бірі – Ержан Мырзабаев қана шығар. Қалғанының бәрі көлегейлеп, бүркемелеп, сылап, сипап қана айтады.

Мен басында мұны "мужская солидарность" шығар деп ойлайтынмын. Бірақ адам өміріне, құқығына, денсаулығына, ұлттың сапасына қауіп төніп тұрған кезде ешқандай "мужская солидарность" жұмыс істемеуі керек деп ойлаймын. Бірақ біздің жігіттер осы тақырыпты айнала қашады. Көп жігіттер "ой сендерде онсызда құқық бар ғой" дейді. Иә, мен сияқты қыздар жұмысқа, баласына, үйіне де үлгеріп жүр. Бірақ қазір қазақтар 20 миллион болсақ, оның 10 миллионы әйелдер. 10 миллионның кем дегенде 40-30%-ы өте төмен деңгейде, адам құқығы сақталмаған деңгейде өмір сүруде. Мынандай мәселе: ол жігіттер өздері ұрып-соғып, зорлық-зомбылық жасамағанымен, айналасындағы сондай адамдармен әлі күнге араласады. Олармен дос, таныс, әріптес. Олар ұрып-соғатын, зорлайтын, алдайтын, қорлайтын жігіттерді өз орталарынан аластамағанша, ашық түрде мансұқтамағанша осындай жалғаса береді. Үнсіздік – жауыздықты қолдаумен тең! Бір данышпан айтады "бұл әлемде жамандық жақсылықтың аздығынан емес, жақсылықтың үндемеуінен көп болады".

Мемлекет қандай шаралар жасап жатыр?

Жақында мәжілістің жалпы отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасы мақұлданды. Жаңа заң жобасында адам денсаулығына зиян келтірген кез келген адамға жаза күшейеді. Отбасында әйелі мен балаларына күш көрсететін ерлерді отбасынан 1 айға оқшаулап, тіпті 3 айдан 1 жылға дейін байланысуына тыйым салынады. Адам денсаулығына қасақана зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция әлеуметтік желі мен ақпарат көздеріндегі дәлел арқылы тергеу жұмысын бастай алады.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау мәселесінде заңнамаға өзгеріс енгізумен қатар, азаматтардың көзқарасы мен моральдық ұстанымын да өзгерту қажет екенін айтады. Сонымен қатар құқық бұзушы азамат қоғамға қайта бейімделуі үшін сот керек деп тапқан жағдайда медициналық, психологиялық көмек көрсетілетінін жеткізді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы әйелдерге қатысты 61277 тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелген. Заң күшейеді. Бірақ бұл статистиканы қысқарта ала ма? Мамандар отбасындағы тентекті тезге салу үшін таяқтың күші жеткіліксіз, жазаны қатаңдату мәселенің тек салдарына бағытталған әрекет дейді. Ал зорлық-зомбылықтың себебімен күресетін моральдық, психологиялық шаралар жағы қазіргі таңда тіпті елеусіз қалған сынды.

"Ерлердің қоғамдағы әрі үйдегі тұрмыс-тіршіліктегі рөлін өзгертуіміз керек"

Психоаналитик Миргүл Бимағамбетова заңмен қоса азаматтардың моральдық көзқарасын, жалпы тәрбие мәселесін өзгерту керек деп санайды:

– Біздің қоғамда ер азамат бала тәрбиесіне, тұрмысқа, үй шаруасына көп жағдайда үлес қоспайды. Мәселенің өзегі осы жерде жатыр. Бізде ер азаматтар "түздегі адам, жұмысқа барып келсе, айлық әкелсе болды”, ал тұрмыстық жағдай, үй шаруасы, бала тәрбиесінің барлығы әйел адамның мойнында. Сондықтан азаматтардың көзқарасын, моральдық ұстанымын өзгерту үшін ең алдымен ерлердің қоғамдағы әрі үйдегі тұрмыс-тіршіліктегі рөлін өзгертуіміз керек. "Ер адам – түздің  адамы" дегенді жою керек дер едім. Қазір бейбіт заманда тұрып жатырмыз. Түсінем, бұрын соғыс кезеңі мен тоқырау заманында ер адам түзде болды. Ал қазір әйелдің де, ердің де ақша табуға мүмкіндігі бар. Сол үшін үй шаруасын, бала тәрбиесін екеуі де бірдей көтеруі керек. Қыз болсын, ұл болсын бала үш жарым жасқа толғаннан кейін, ер азамат бала тәрбиесін өзіне көбірек алуы керек. Оған дейін тәрбиеге әрине анасы көбірек жауапты. Бірақ анасы бала тәрбиесімен арпалысып жатқан кезде үй жинау, ыдыс-аяқ жуу, тамақ пісіру сияқты шаруаларда ер азаматтар компенсация беріп отыруы керек. Ал бізде көбіне стигма бар: ер азаматтар қазан-ошаққа жоламауы керек, еден жумауы керек, тамақ пісірмеуі керек деген секілді. Оны ер азаматтар ұят, арын түсіретін нәрсе ретінде көреді. Негізі мәселе осы жерде. Осы ұят сезімі жанұядағы үйлесімділікті бұзады. Осы ұстанымды жоққа шығарып, әйелдің әйелдік рөлі, ердің еркектік рөлі қандай екенін қайта қарастыру керек. Ер азаматтарға жылауға, эмоциясын көрсетуге болады, балаға жақын болуы керек, әйеліне жақын болып, бала тәрбиесі кезінде үй шаруасына көмектесуі керек деген жаңа ұстанымдарды қалыптастыруымыз керек. Соңғы кезде байқап жүргенім қоғамның психологиялық сауаттылығы артқан сайын, әсіресе жастар тарапы жаңағыдай ұстанымдарды қалай да болсын ұстанып, көрсетіп келе жатыр. Мен соған қуанамын. Біздің болашақ ұрпағымыз қоғамды көтеруге, елімізді дамыған мемлекеттер қатарына қосуға мүмкіндік бар екенін көрсетіп жатқаны үшін қуанып жүрмін.

Менің және әкемнің замандастары келіседі деген ойдамын. Ер азаматтар тұрмыстық тіршіліктен алшақтау. Соны эмоциялық түрде кіргізу керек. Мысалы ер азамат макарон мен картоп қай жерде, тоңазытқышта не бар, қысқы-жазғы киім қай жерде екеніне араласып, үйдің шаруасынан хабардар болуы міндет. Ол өзіне де жақсы, әйелі ауырып қалған жағдайда тіршілігі тоқтап қалмайды. Көп жағдайда қыз бен жігіт жүреді, үйленеді, үш-төрт баласы болады. Ана жігіт кейде ішімдік ішеді, балалармен футболға барам, жұмыстарым бар, анда барам, мұнда барам деп үйге келуге әрекет жасамайды. Өйткені үйдегі тұрмыс-тіршіліктен бойын аулақ ұстағысы келеді. Сосын үйіндегі әйелі мен балалары бір команда болып,  күйеуі шетте қалып қояды. Клиенттерімнен көп байқайтыным, балалары анасына жақын, күйеуі түзде. Әкесі ресми түрде сырттай жанұя басшысы болғанымен, үйдің ішкі жағдайында не болып жатқанын білмейді. Сосын балалары әкесіне қарсы болып өседі. Сондықтан ол өз әкесіне деген қарсылықты, агрессияны шығара алмай, өзі жанұя құрғанда әйел балаларын соққыш болып келеді. Әйел мен еркек бірге бір команда болып тұрмыстық жағдайды, бала тәрбиесін бірге көтеретін қоғам қалыптастыруымыз керек. Сол кезде осы мәселе шешіледі деген ойдамын.

Бағлан Тұрғанбек

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір