• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Желтоқсан, 14:19:58
Алматы
+7°

Былтыр қарашада құрылған «Қазақстан Республикасының президенттік орталығы» деп аталатын мекеме елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қорына тікелей бір көзден тендер берді. «Президенттік орталық» Назарбаев қорынан Астанадағы Әлихан Бөкейханов көшесінде орналасқан ғимаратты биыл қаңтарда 183 млн теңгеге жалға алған. Бұған дейін меммекемелер тегін пайдаланған ғимарат неліктен биыл қыруар қаржыға жалданып отыр? Бұрын «Елбасы кеңсесі», «Елбасы кітапханасы», «Назарбаев орталығы» деп аталатын мемлекеттік мекемелер отырған алып сарайлар кімнің меншігінде? Qamshy тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

КІТАПХАНА ДӘУІРІНДЕГІ ТЕГІН САРАЙ

Қаңтар қырғынына дейін Қазақстанда, әсіресе ел астанасында Нұрсұлтан Назарбаевтың атында көптеген ұйым, қор, музей, кітапхана болғаны белгілі. Астанада Назарбаевтың атын алған сондай ұйымдар Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан көшесінде орналасқан ғимаратта шоғырланған еді.

2013 жылы «кәсіпкерлердің қаржысына» соғылған тоғыз қабатты алып сарай жылдар бойы «Назарбаев орталығы» деп аталды. Назарбаев 2019 жылы президенттіктен кеткен соң Ақордадан дәл сол шатыры көк түсті сарайға қоныс аударғаны белгілі. Сол кезден бері сарай ел ішінде «Көкорда» деп те аталды. Ол президенттіктен кеткен соң құрылған «Елбасы кеңсесі» де осы ғимаратта болды.

2020 жылы «Көкорданың» қасынан тағы бір алып сарай бой көтерді. Аумағы 40 мың шаршы метр болатын үш қабатты ғимаратқа Назарбаевтың музейі көшіп келді.

Былтыр «Елбасы кітапханасының» орнына құрылған «Президенттік орталық» деп аталатын мекеме қазір осы ғимаратта отыр. Бірақ тегін емес. «Нұрсұлтан Назарбаевтың қоры» деп аталатын ұйымға 183 млн теңге төлейді. Аталған қордың жалғыз құрылтайшысы бар. Ол – Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемсатып алу порталындағы мәліметке қарағанда, биыл қаңтарда Президенттік орталық ашық конкурс өткізбестен Назарбаевтың қорынан ғимаратты жалға алған. Бұл жерде түсініксіз бір жайт бар. «Президенттік орталық» «Елбасы кітапханасы» болып тұрған кезде ешқашан ғимарат үшін Назарбаевтың қорына ақша төлеген емес. Бұдан «Кітапхана таратылып, президенттік орталық болып құрылғанда ғимарат ақылы болып кетті ме?» деген заңды сұрақ туындайды.

Осы сұраққа жауап алу үшін Президенттік орталықтың әлеуметтік желіде көрсетілген нөміріне бірнеше рет қоңырау соққанымызбен, тұтқаны ешкім көтермеді. Мекемеге ресми сұрау хат жолдамақшы болғанбыз, бірақ E-otinish сайтынан мекемені таппадық.

ҚОЖАЙЫНЫ ЖАСЫРЫН ҚОС САРАЙ

Бөкейханов көшесінің бойындағы қос сарайдың қожайыны кім екені белгісіз. 9 қабатты алып сарай 2013 жылы ашылғанда оның демеушілердің қаржысына соғылғаны айтылған. Бірақ кімнің меншігіне берілгені жайлы ақпарат жоқ.

Оның жанындағы қазір «Президент орталығы» орналасқан ғимарат та нақты кімнің меншігінде екені түсініксіз. Белгілісі ол ғимарат «Тұңғыш президент қоры» деп аталатын қордың тапсырысы бойынша соғылған. Аталған қор 2000 жылы Назарбаевтың бұйрығымен құрылып, 2020 жылы жұмысын тоқтатқан. Жарғысы бойынша коммерциялық емес саналатын қордың алып сарай соққызуға қаржыны қайдан алғаны жасырын. Ғимарат соғылып біткен соң оның кімнің меншігіне берілгені де белгісіз.

Мемлекеттік жер кадастрында екі ғимараттың да меншік иесі жасырылған. 2gis қосымшасындағы мәліметке қарағанда, үлкен ғимаратта «Нұрсұлтан Назарбаевтың қоры», ал кіші ғимаратта «Қазақстан республикасының президенттік орталығы» мемлекеттік мекемесі орналасқан.

НАЗАРБАЕВТЫҢ МИЛЛИАРДЕР ҚОРЫ

Президенттік орталыққа ғимаратты жалға беріп отырған «Нұрсұлтан Назарбаев қоры» 2010 жылы Назарбаев президент болып тұрған кезде құрылған. Бұл экс-президент құрылтайшысы саналатын жалғыз ұйым емес. Оның атында бұдан бөлек бірнеше қор бар. Назарбаев өзінің қорлары арқылы ондаған коммерциялық компанияларға иелік етеді.

Мысалы, меммекемеге ғимарат жалға беріп отырған «Нұрсұлтан Назарбаев қоры» Kazakhstan Today ақпарат агенттігіне, Haileybury Astana компаниясына, ROYAL CITY BUILD тұрғын үй-құрылыс кооперативіне және тағы басқа алты қор мен ұйымға иелік етіп отыр.

2010 жылы тіркелген қор 2014 жылға дейін мемлекетке бір тиын да салық төлемеген. Ал 2015-тен бастап қазынаға қаржы құя бастады. Cол жылы 6,5 млн, 2016 жылы 143,6 млн, 2017 жылы 333 мың теңге, 2018 жылы 0 теңге, 2019 жылы 50 мың теңге салық төлеген. Ал 2020 жылдан бастап жылына кемі 900 млн салық төлеп келе жатыр.

Бір айта кететін жайт, Назарбаевтың қорларының көбі ол президент болып тұрғанда ашылып, жұмыс істей бастаған. Оның қорлары коммерциялық бағытта емес делінсе де, түрлі бизнеске иелік етіп отырды. 2022 жылы халықаралық зерттеуші журналистер тобы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзімен байланысты төрт қор ("Назарбаев қоры" жекеменшік қоры, "Нұрсұлтан Назарбаев қоры", "Демеу қоры" және "Елбасы" қоры) мен Ұлыбританияда тіркелген Jusan Technologies холдингі арқылы шамамен 8 миллиард доллар активтерді басқаратынын жазған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір