• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 23:33:37
Алматы
+12°

Бір айдан бері су тасқыны елдің батыс, шығыс, солтістік өңірін әбігерге салып жатыр. Бірнеше өңірде төтенше жағдай жарияланды. Заң бойынша, мемлекеттік мекемелерде төтенше жағдайдың алдын-алу және салдарын жою үшін тендерді ашық конкурссыз өткізуіне рұқсат бар. «Қамшы» тілшісі «Меммекемелер осы рұқсатты қалай пайдалынып жатыр?»,  «Төтенше жағдай кезінде кімнен не сатып алып жатыр?» деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Төтенше жағдайға байланысты өткізілетін тендер процесі ашық емес. Мемлекеттік сатып алу порталында мердігерді қалай таңдағаны, оған қандай негіз болғаны, сатып алуды қалай өткізгені жайлы ақпарат көрсетілмейді. Яғни, тапсырыс беруші порталға тендер жөнінде есеп орналастыруға міндетті емес.

ТӘЖІРИБЕСІЗ КОМПАНИЯҒА БЕРІЛГЕН 150 МЛН

23 наурызда Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында лай көшкіні жүріп, бірнеше жеке үй бүлінді. Алматы облысының төтенше жағдай департаменті көшкен лай көлемі 500 шаршы метр екенін, бір үй тұруға жарамай қалғанын, тағы бірнеше үй бүлінгенін хабарлаған.

Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметінше, лай көшкінінен бүлінген үйлерді жөндеуге 150 млн теңге бөлінген. Ақпаратқа қарағанда, әкімдік бұл қаржыны Баянауыл көшесінде орналасқан 8 үйді қалпына келтіруге жұмсамақшы.

 

Бесағаш ауылының әкімдігі тендерді «КазГидроСпецСтрой» деп аталатын компанияға берді. Аталған серіктестік былтыр тамызда ғана құрылған тәжірибесіз компания. Бұған дейін мемлекеттік тапсырыс орындамаған. Әдетте тендерді бір көзден өткізуге тура келгенде тапсырыс берушілер тәжірибесі мол компаниялармен келісімшарт жасайды. Ал Бесағаш әкімдігінің не себепті былтыр ғана құрылған, құрылғалы бері өндіріп жұмыс істемеген компанияны таңдағаны түсініксіз. 

Компания құрылтайшысы – Асхат Нұрманов, директоры – Райымбек Нұрманов. Ашық дерекөздегі ақпаратқа қарағанда ағайынды екеудің әкесі – Бақыт Нұрманов бұрын Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты мекемелерде басшылық қызмет атқарған, Талғар аудандық құрылыс бөлімін басқарған.

МҰЗ ЖАРЫП МИЛЛИОНДАР ТАБАТЫН КОМПАНИЯ

Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданының әкімдігі өзендердегі мұзды жарумен әлек. Әкімдік 5 ақпанда Тұрғысын, Малеевск, Зубовск, Быково, Богатырево ауылдарындағы мұз қатқан өзендерде жарылыс жұмыстарын жүргізуге деп 150 млн теңге бөлген. Арада бір ай өткен соң мұз жаруға тағы 50 млн теңге жұмсады.

Алтай ауданының әкімдігі екі ретте де KAZ EXPLO SERVICE компаниясына тендер берген.

Бұл компания Шемонаиха ауданындағы Уба өзенінің мұзын жаруға да тендер алған. Аудан әкімдігі KAZ EXPLO SERVICE-ке 15 ақпанда 53 млн теңгені, 29 наурызда 36 млн теңгені тікелей бір көзден берген.

Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметінше, 2019 жылы құрылған KAZ EXPLO SERVICE компаниясы мұз жарумен, қар шығарумен айналысады. Серіктестік осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облысына қарасты аудан әкімдіктерінен 38 тендер алған. Оның 28-і тікелей бір көзден бұйырған.

Баса айта кететін жайт, Шығыс Қазақстандағы өзендерде су тасу қаупі жылда болады. Сәйкесінше, су тасқынын алдын алу жылда атқарылатын жоспардағы жұмыс. Соған қарамастан әкімдіктер тендерді алдын ала ашық конкурс жариялап өткізбейді, жылда су таситын шақта, ақпан, наурыз айларына қарай «өздеріне ыңғайлы» компаниямен тікелей бір көзден келісімшарт жасай салады.

ҚҰРЫЛҒАНЫНА 86 КҮН БОЛМАҒАН КОМПАНИЯ 86 МЛН АЛДЫ

Жылда қарғын сумен әлек болып жататын Семей әкімдігі де төтенше жағдайды «тиімді» пайдаланып жатыр.

 

Қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі 2 сәуір күні «ЭКОСЕМЕЙ А» деп аталатын компаниямен «тікелей бір көзден» келісімшарт жасасты. Тендер құны – 86,6 млн теңге. 

Келісімшартқа қарағанда, мердігерге бұл қаржы ағын суларды бұрғаны үшін төленгелі отыр. Әкімдік порталда ағын суларды бұру жұмыстарын табиғи монополияға жатқызып, тендерді бір көзден беруді осылайша негіздеген.

Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда 86 млн теңгеге оңай ие бола салған «ЭКОСЕМЕЙ А» ЖШС биыл 14 ақпанда тіркелген. Яғни, құрылғанына бір жарым ай ғана болған тәжірибесіз компания. Семей әкімдігі қысылтаяң шақта не себепті тәжірибесіз компанияға тендер бергені түсініксіз.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір