• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 21:09:21
Алматы
+12°

21 Қазан, 2015 NEWS

Ахметов «араб компанияларына» 2 млн. 440 мың доллар аударған

20 қазанда Қарағандыда Қазақстанның бұрынғы Премьер-Министрі Серік Ахметовке және облыстық әкімдіктің экс-шенеуніктеріне қатысты қылмыстық іс бойынша...

20 қазанда Қарағандыда Қазақстанның бұрынғы Премьер-Министрі Серік Ахметовке және облыстық әкімдіктің экс-шенеуніктеріне қатысты қылмыстық іс бойынша куәгерлерді тыңдау одан әрі жалғасты. Сот отырысында куәгер ретінде жауап берген «Қазақстандық өнеркәсіптік корпорация» ЖШС-нің бас директорының экс-орынбасары Әлжан Ақмолдаев Ахметовтердің шетелдегі компанияларының шотына 2 440 000 АҚШ доллары аударылғанын хабарлады. Ол шетелдік компаниялар мен банктің атауын, мекен-жайын, шоттардың нөмірін дәлме-дәл атап берді. 

Айыпталушылардың орындығында отырған Ә. Ақмолдаев оқиғаны былай түсіндірді: «Серік Ахметовтің ұлы – Даниярмен көп кездесулеріміздің (өзінің айтуынша, екеуі «Дипломат» қонақ үйінің 1-ші қабатындағы холлда, «Қазақстандық өнеркәсіптік корпорация» ЖШС-нің «Каскад» бизнес орталығындағы кеңсесінде жиі-жиі жүздесіп жүрген) бірінде кіші-Ахметов менің қолыма Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген екі компанияның деректемелері жазылған бір парақ қағазды ұстатты. Әлгі компаниялардың шотына 4 млн. АҚШ долларын аударуды өтінді. Алғашында ол маған ақшаны жарты жылдың ішінде аудару қажеттігін айтты. Мұнша көлемдегі көп ақшаны табу үшін, қарыз алдым. Ол үшін 2001 жылдан достық қарым-қатынаста болып, жақын араласып жүрген Қайыржан Мейрамбековтен көмек сұрадым. Естуімше, сол кезде Қ. Мейрамбеков біраз уақыт БАЭ-де тұрды, өзі ауқатты адам болатын. Сөйтіп, оның баласы Бауыржанның Дубайда өткен үйлену тойына бардым. Сол жерде Қайыржанмен сөйлесіп, шетелдегі компаниялардың шотына ақша аударуға жәрдемдесуін өтіндім. Ол келісімін берді».

Куәгер кейінірек елге оралып, ақшаны қалай тапқанын, шетел компанияларының шотына қалай аударғанын егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. «БАЭ-терінде тіркелген «Саль Аль-Мадина Дженерал Трейдинг» компаниясына ақшаны «Аль Карада Дженерал трейдинг» компаниясы арқылы аудардық. Төрт траншпен аударылған қаржы «Аль Карада Дженерал Трейдинг» арқылы өтті. 2012 жылдың 1 ақпанында – 250 мың доллар, 11 ақпанында – 300 мың доллар, 19 ақпанында – 200 мың доллар, 25 ақпанында – 250 мың доллар ақша аударылды. Одан кейін 2012 жылдың 4 маусымында – 250 мың доллар, 16 желтоқсанында – 490 мың доллар, ал 2013 жылдың 13 қаңтарында – 500 мың доллар, 24 наурызында – 200 мың доллар жіберілді. Осылайша, 2012 жылдың ақпаны мен 2013 жылдың наурызы аралығында С. Ахметовтің шетелдік компанияларының шотына барлығы 2 440 мың АҚШ доллар аударылды»,- деді Әлжан Ақмолдаев.

Ол өз сөзінде Серік Ахметов пен бас мердігердің (индустриалдық парктегі инфрақұрылымды салуға жарияланған конкурста «ҚазГерҚұрылыс» бірлескен кәсіпорны жеңіске жетеді) арасында делдалдық қызмет атқарған Даниярдың арабтық екі компанияның арасында мәміле жасалғанын растау үшін жалған келісім-шарт дайындауды тапсырғанын айтты. Өйткені мәміленің жасалғанын растайтын дәлел болмаған жағдайда банктегі қаражатты пайдалануға мүмкіндік жоқ екен. Коммерциялық құрылымдарда көп жыл жұмыс істеген Ә. Ақмолдаев тығырықтан шығатын жол тауып, бір компанияны картоп жеткізуші етіп, екіншісін оны сатып алушы етіп көрсетеді. Жалған мәміленің нәтижесінде 1 300 тонна картопты (шындап келгенде ешқандай картоп сатылмайды) 650 мың долларға сатады. Куәгердің өзі С. Ахметовке уәде еткен 600 млн. теңгенің 320 млн-нан астамын ғана шетелдегі компаниялардың шотына аударып үлгергенін айтты. Айтпақшы, ол өзінің ауқатты достарынан, тілеулестерінен қарызға алған ақшасын қайтара алмағанын есіне алып, мұңын шақты.

 

Әмина БӘКІР    

Qamshy.kz

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір