• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Шілде, 07:09:35
Алматы
+35°

10 Шілде, 2024 NEWS

"Орта есеппен 91 миллион теңге": Қазақстандағы ұлттық компания топ-менеджерлерінің қанша сыйақы алатыны анықталды

Қазақстандық ұлттық компанияларда жұмыс істейтін топ-менеджерлердің жылдық сыйақысы анықталды. Компания қызметкерлері бір жылда 4 миллионнан бастап 91 миллион теңгеге дейін алып келген екен.

Көрнекі сурет

Қазақстандық "ҚазМұнайгаз" ұлттық компаниясының басқарма мүшесіне орта есеппен жылына 43 миллион теңге жұмсалған. Ал директорлар кеңесі мүшелерінің әрқайсысына берілетін сыйақы мөлшері 10 миллионнан асады. Басшылық құрамда бас-аяғы 18 адам. Оларға бір жылда жалпы сомасы 485 миллион теңгеден аса қаражат жұмсалған. Ал сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев топ-менеджерлерге жыл сайын қомақты сыйақы берген жөн деп есептейді. 

“Ұлттық компаниялар ұлттық жобаларды іске асыру үшін болашақта біздің халықтың әлеуетін көтеру, адамдардың тұрмыс жағдайын жақсартатын жобаларды әкелуі керек. Әрине ол салада мықты маман болу керек. Біздің экономикамызға екі-үш есе пайда беретін болса, ол адам сыйақы алуы керек. Бірақ оның мөлшері белгілі болу керек. Ал ол адам тек ұлттық компанияда жұмыс істеймін, қағаздарды әрі-бері тасимын, сондай жұмыстармен отырамын десе, ондай адамға сыйақы берудің қажеті жоқ”, – деді депутат Ғалиасқар Сарыбаев. 

Әлемдегі ең ірі уран өндіруші өнеркәсіптің бірі саналатын "Қазатомөнеркәсіп" компаниясы менеджерлерінің сыйақысы орта есеппен 91 миллион теңге. Басшылықта 14 қызметкер бар.

"Қазтрансойл" компаниясы да сыйақы бойынша алдыңғы қатарда тұр. Сыйақы мөлшері 50 миллион теңге. Компания 2023 жылы директорлар кеңесіне 151 миллион жұмсаса, басқарма мүшелеріне 454 миллион теңге ақша жұмсаған.

Бір жылдық жалақы мен сыйақы мөлшерін қосқанда жалпы сомасы 160 миллион теңгеге жуықтаған Ұлттық компанияның бірі – "Қазпошта" АҚ. Басқарма мүшесінің бір жылдық сыйақы сомасы орта есеппен 22 миллион теңгеге жеткен.

Салыстырмалы түрде айтсақ, ең төменгі сыйақы алған компания – "Қазақстан Темір жолы". Мұндағы басшылар орта есеппен жылына 4 миллион теңге сыйақы алады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір