• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

17 Мамыр, 13:34:55
Алматы
+35°

21 Қазан, 2015 Аймақтар

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМНЫҢ ГЕНЕРАЛЫ

Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация жарияланғаннан кейін көп ұзамай, 1991 жылдың желтоқсанында Министрлер кабинетінің «Қазақстан...

Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация жарияланғаннан кейін көп ұзамай, 1991 жылдың желтоқсанында Министрлер кабинетінің «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті туралы» қаулысы шықты.
Бұл тәуелсіз мемлекетіміздің қауіпсіздік жүйесін құрудағы алғашқы қадамы болды. Келесі жылы 13 шілдеде Президент Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті болып қайта құрылды. Қазақстан Республикасы егемендік алып, аяғына тұра бастаған алғашқы жылдарда экономикалық, саяси тұрғыдан біршама қиыншылықтарға кездескені белгілі. Бір тудың астында жетпіс жылдан астам уақыт отырған бауырлас он бес республиканың барлығы да осындай ауыр кезеңді бастан өткерді. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін дербес мемлекеттік басқару жүйесіне көшкен тәуелсіз Қазақстан үшін жас мемлекетімізге тез арада алыс-жақын шет елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнату, саяси диалогтарды жоғарғы деңгейде жүргізу, саяси, экономикалық ынтымақтастықты жолға қою сияқты кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу қажет болды. Осы кезде жаңадан құрылып жатқан мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органның қалыптасып, жемісті жұмыс істеуіне оның бұрынғы басшылары елеулі үлес қосты. Сол басшылардың бірі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті ардагері, Қазақстанның шет елдердегі елшіліктерінде кеңесші болған дипломат, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) директорының орынбасары, ШЫҰ өңірлік антитеррористік құрылымы атқару комитетінің директоры қызметтерін абыроймен атқарған генерал-лейтенант Жеңісбек Мұхамедкәрімұлы Жұманбеков қазіргі кезде ҰҚК академиясында болашақ қауіпсіздік қызметкерлеріне кәсіби бағыттағы өз тәжірибесін үйретіп, білім беріп жүр, осы оқу орнының құрметті профессоры. Сонымен қатар ҚР Қорғаныс министрлігінің «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ Алматыдағы өкілдігін басқарады. 
1968 жылы Мәскеу технологиялық институтын бітіріп келген Жеңісбек Жұманбеков генерал боламын деп ойлаған жоқ. Алматыдағы респуб­ликалық тәжірибелік-өндірістік лабора­ториялардың біріне инженер болып жұмысқа тұрды. Осы жерде жүргенде, 1971 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (МҚК) органына қызметке шақырылды. Жеңісбек Мұхамедкәрімұлының бұдан кейінгі өмірі қауіпсіздік қызметі органдарында өтті. Минскдегі КСРО МҚК Жоғарғы курсын бітіріп келгеннен кейін 1974-1976 жылдары МҚК Орталық аппаратында жедел уәкіл, МҚК Алматы облыстық басқармасында аға жедел уәкіл, одан кейінгі жылдарда республикалық МҚК кадр бөлімінде, бөлімше бастығы, бөлім бастығының орынбасары міндеттерін атқарып, барлық бастапқы қызметтік сатылардан өтті. 1982 жылы Қарағанды облыстық МҚК 5 бөлімінің бастығы, одан кейін Ақтөбе облыстық басқарма бастығының кадр жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 1991 жылы Жамбыл облыстық МҚК басқармасы бастығының орынбасары, келесі жылы облыстық басқарма бастығы болып қызметке кірісті. Жеңісбек Жұманбеков­тің ұйымдастырушылық қабілеті, парасат­тылығы, ауқымды ойлап тез шешім қабылдау, күрделі операцияларды сауатты басқара алатындығы осы жерде танылды. Мемлекеттік қауіпсіздік қызметтің атқаратын қызметтері көбінесе құпия саналады. Сондықтан Жеңісбек Мұхамедкәрімұлының басқаруымен атқарылған көптеген жедел операциялар жабық күйінде қалды. Дегенмен, халыққа белгілі кейбір операцияларды айтуға болады. Солардың бірін генерал Жұманбеков былай деп әңгімелейді:
– Мен Жамбылда жүргенде, Қазақ­станның алғашқы ұлттық валютасы қолданысқа енді. Жамбыл облыстық ҰҚК басқармасы осы тарихи оқиғаның басы-қасында жүрді. Англияда жасалған алғашқы теңгелер ұшақпен Жамбылға жеткізіліп, осы жерден жан-жаққа таратылды. Соны біз ешкімге көрсетпей, қатаң құпиялық режимде 4-5 ай бойы қабылдап, қоймаға жинадық. Осы жерден теміржол, әуе жолдары арқылы жан-жаққа жіберіліп, облыс орталықтарындағы банктерге таратылды. Бұл республикалық көлемдегі ауқымды операция еді және санаулы ғана адамдар білетін құпия операция болды. Ақша әкелетін ұшақ адамдар ұйықтап жатқан кезде, таңғы бестерде келеді. Ұлттық валютаны жеткізгенін, тіпті ұшқыштар да білген жоқ. Бірақ артық сөз тарап кетпес үшін біз жәшіктердегі жүкті лоторея билеттері немесе облигация деген «аңыз» тараттық. Ақшаны сақтау құпиясын бізден басқа тек құпия құжаттарға рұқсаттары бар бір-екі банкир ғана білді. Облыс әкімінің өзіне артынан айттық. 
Жеңісбек Жұманбеков 1994 жылы (генерал-майор) ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары, 1995 жылы (генерал-лейтенант) ҰҚК төрағасы және  Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болып тағайындалды. Тәуелсіздігін енді алған жас мемлекеттің арнайы қызметін жаңа талаптарға сәйкес түбегейлі өзгертіп, қайта құру, оны әрі қарай дамыту жұмыстары генерал Жұманбековке жүктелді. Орталық аппараттағы, жергілікті жерлердегі кадрларды дайындау, барлау және қарсы барлау жұмыстарын жаңаша жағдайда жандандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. 
Тоқсаныншы жылдардың басында жұмыс орындары қысқарып, күнкөріс көздері азайды.  Бұл аяғына жаңа тұрып жатқан жас республика үшін өте қиын кезең болатын. Жұрттар митингтер жасап, ереуілге шығып жатқан кез. Жеңісбек Жұманбеков басқаратын облыстық басқарма қызметкерлері осындай экономиканың ауыр шағында халықтың ортасында жүріп, жаппай тәртіпсіздіктердің алдын алу бағытында жұмыс істеді. Ел ішіне іріткі салып, мемлекеттің іргесін шайқалтатын, тұтастығына қауіп төндіретін экстремистік, бұзақылық элементтерді өршітпей, уақытында анықтады, идео­логиялық жұмыстар жүргізді. Ереуілді ұйымдастырушылар арасынан адамдар тауып, халыққа басу айтқызды. Ең бастысы, репрессиялық әдістер қолданылған жоқ, насихат арқылы халыққа болашағымыз жарқын болатынын түсіндіре білді.
Жеңісбек Жұманбеков 1997-1998 жылдары ҰҚК қарамағынан жеке бөлініп шыққан «Барлау» қызметі директорының орынбасары лауазымына тағайындалып, Қазақстандағы сыртқа барлау жұмысын қалыптастырып, дамытуға қомақты үлес қосты. 1999 жылы Жұманбеков Ж.М. Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық жұмысымен Өзбек­станға, одан кейін Мәскеуге ұзақ мер­зімдік іссапарға аттанды. Шанхай ын­ты­мақтастық ұйымына қатысушы 6 мемлекет басшыларының шешімімен 2004 жылы ШЫҰ директорының орынбасары, 2010 жылы ШЫҰ өңірлік антитеррористік құрылымы атқару комитетінің (ӨАҚК) директоры болып тағайындалды. ШЫҰ құрылымының басшылық қызметтерінде ұзақ жылдар қызмет еткен Жеңісбек Жұманбеков халықаралық дипломатияны Тараптардың құзырлы органдарымен бірлесіп, халықаралық терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы бірлесіп күресуге пайдаланды. ӨАҚК негізгі органдары – Кеңес және Атқару комитеті. Кеңестің құрамына ШЫҰ мүше елдердің арнайы қызмет басшылары кіреді, олар жиі бас қосып отырады және ӨАҚК қызметі­нің барлық мәселелері бойынша олардың шешімдері ескеріледі.  
– Сол кездерде ШЫҰ мемлекеттері үшін негізгі қауіпті төндірген «Әл-каида» пен «Талибан қозғалысы» ұйымдарымен тығыз қатынаста жүрген ауған-пәкістан аумағындағы «Ислам мемлекеті», «Ислам жиһад одағы», «Түркістан ислам қозғалысы», «Хизб-ут-тахрир» сияқты халықаралық террористік ұйымдардан, сондай-ақ солтүстік Африка мен Орта және Таяу Шығыс елдеріндегі болып жатқан әртүрлі «түсті революция» деп аталатын процестер болды. Бұлар белгілі бір шамада әртүрлі салаларда астыртын процестерге ықпал етті, кейде ШЫҰ аймағында кері реакция туғызды. ӨАҚК басшылық еткен кездерде мен ШЫҰ мүше-мемлекеттердің құзырлы органдарды терроризмге қарсы іс жүзінде бірлесіп күресудің  халықаралық нормативтік-құқықтық базасындағы құжаттарды жасау және жетілдіруге баса назар аудардым. Бұл құжаттар терроризмге қарсы жұмыста бақылаушы және диалог бойынша серіктес елдердің (Моңғолия, Үндістан, Иран, Пәкістан және Ауғанстан – бақылаушы, Беларусь, Шри-Ланка және Түркия – диалог бойынша серіктестер) құзырлы құрылымдардың, сондай-ақ лаңкестікпен күресіп жатқан басқа да халықаралық ұйымдардың (БҰҰ, ОБСЕ, СВМДА, АСЕАН, ҰҚКҰ, ЕАГ, ЦАРИКС, АТЦ, КС СКПВ және басқалар) өзара  ынтымақтастығына мүмкіндік берді. Әртүрлі террористік қатерлерге қарсы күрестің механизмдерін үйренуге бағытталған бірлескен жаттығуларды, ұлттық арнайы қызметтердің халықаралық бірлескен жедел-іздестіру шараларын өткізу сияқты ШЫҰ мүше-мемлекеттердің террорға қарсы күштерін біріктіру мақсатында көп жұмыстар атқарылды. Қызметкерлерді дайындау, кәсіби қайта дайындау жұмыстары білім беру және білімдерін жетілдіру арнайы курстарында жүргізілді. ӨАҚК маңызды халықаралық қоғамдық-саяси немесе спорт шараларында ШЫҰ мүше елдерінің құзырлы орган­дарының бірлескен қимылдарын үйлестіріп, басқаруды жүзеге асырды. Біз тараптардың сұрауы немесе келісімі бойынша басқа да контртеррористік шараларды өткізуде көмек көрсеттік. Айта берсе атқарылған жұмыстар жайлы көптеген фактілерді келтіруге болады, бұл жерде мен ШЫҰ ӨАҚК жұмысының азғантай ғана бөлігіне тоқталдым. Мына фактіні келтіре кетейін, 2004 пен 2012 жылдар аралығында ӨАҚК Атқару комитетінің араласуымен Тараптардың құзырлы органдары 500-ден астам терактінің бетін қайтарды. Бұл дегеніңіз жүздеген балалар, қарттар, тұрғындардың өмірі құтқарылды деген сөз,  жүздеген адамдар исламистердің реакциялық ықпалынан шығып, дұрыс жолға түсті, – дейді ұзақ уақыт өзі бас­шылық жасаған ұйымның жұмысы туралы Жеңісбек Мұхамедкәрімұлы. 
ҚР ҰҚК құрметті қызметкері генерал-лейтенант Жеңісбек Жұманбеков – ІІ дәрежелі «Даңк» орденінің, Ресей Федерациясының ІІІ дәрежелі «Ұлы Петр» орденінің, Қазақстан Республикасының, шет елдердің және халықаралық ұйымдардың көптеген медальдары мен төс белгілерінің иегері. Қазір құрметті зейнеткер. Зайыбы Райхан Хамитқызы екеуі екі ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлдары Кәрім – полковник, ҰҚК департамент бастығының орынбасары. Әлнұр болса, ҚР Сыртқы істер министрлігінің СВМДА-дағы (Азиядағы ынтымақтастық және сенім шаралары жиыны) кеңесшісі. 

Авторы: Қайыржан Төрежан

Дереккөз: Айқын-ақпарат

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір