• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

09 Желтоқсан, 02:48:56
Алматы

20 Қараша, 2024 NEWS

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне – 90 жыл: Университеттің жаңа жетістіктері қандай?

Оқу ордасы 90 жылдық мерейтойына орай, БАҚ өкілдеріне баспасөз турын өткізіп, жаңа жетістіктерімен таныстырды.

Фото: Mara bey. ҚазҰУ баспасөз қызметі,

Ең алдымен, БАҚ өкілдеріне инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығын аралап, жеке-жеке танысып шықты. 5 мың шаршы метрді құрайтын «Farabi Hub» деп аталатын заманауи жаңа ғимаратта жасанды интеллект, креативті индустрия мен стартап жобалар жүзеге асырылады.

фото.КазНУ

Сондай-ақ орталықта әлемге белгілі ZTE, BASF, Binlin технологиялық корпорациясы мен басқа шетелдік компаниялардың орталықтары, университет базасындағы ғылыми-зерттеу институттары орналасқан. Зерттеу институтында дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы, Ми институты, «Робототехника және мехатроника RoboMech» ғылыми-білім беру орталығы, Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институты, сот сараптамалары орталығы, Ашық үлгідегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасы мен Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығының ғылыми жетістіктері мен инновациялық жобалары ұсынылды. Яғни, ҚазҰУ-дың ZTE, BASF, Binlin корпорациясымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жұмыс нәтижелерін көрсетті.    

КАзНУ      

Мамандардың айтуынша, оқу ордасының ғалымдары құны 32 миллиард теңгені құрайтын 400-ге жуық жоба жасаған. Алдағы уақытта дәлірек айтқанда, 2025 жылы Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетімен бірлесіп ғарышқа микроспутник ұшыруды жоспарлап отырған көрінеді. Бұл ортақ жұмыс өз кезегінде ғарышты зерттеуге, аталған салада білікті мамандарды даярлауға, ортақ нано және микро спутниктерді әзірлеуге жол ашады. Яғни жерді зерттеу жұмыстарын қашықтықтан жүргізуге мол мүмкіндік береді дейді.

КазНУ

Тағы бір айта кетерлігі, ҚазҰУ ғалымдары қазақ тіліне баса назар аударып отырған көрінеді. Яғни, олар 3 млрд теңгенің Мегагрантын жеңіп алу арқылы қазақ тілі мен технологиялық прогресті қолдауға арналған LLM тілдік моделін әзірлемекші. Ондағы басты мақсат – қоғамның түрлі салаларына қазақ тіліндегі үлкен тілдік модельдерді әзірлеу және енгізу арқылы технологиялық прогреске ықпал етіп, мемлекеттік тілдегі онлайн қызметтерге қолжетімділікті кеңейтеді.

 

Қазақ-Қытай зертханасы

 КАзНу

«Farabi Hub» орталығынан кейін оқу ордасының қызметкерлері 10 инновациялық зертханадан тұратын география және табиғатты пайдалану факультетіндегі «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығымен таныстырды. Ең алдымен, «Қазақ-қытай» зертханасына бас сұқтық. Онда су ресурстарының сапасын талдау, топырақ құрамын зерттеу, климат өзгерісін бақылау, экологиялық қауіптің алдын алу, отандық туризмді дамыту бағытында жұмыстар жүргізілетінін білдік. Яғни, орталықта су тасқынының алдын алу, салдарын анықтау және жер сілкінісіне және т.б төтенше жағдайларға қатысты  мониторинг жасау бойынша мамандар жұмыстар атқарады.

Сонымен қатар «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай зертханасында Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруі салдарынан орын алған су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы сияқты экологиялық мәселелерге  мониторинг жасалынады. Әрі жерді қашықтықтан бақылау арқылы қауіп-қатерді алдын ала ескертіп, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында түрлі ғылыми жұмыстар жүргізілетінін білдік.

 Суперкомпьютер орталығы

 Зертханалардан бөлек, оқу ордасында Суперкомпьютер орталығы ашылған. Орталық 2019 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің кездесу нәтижесінде Қазақстанға суперкомпьютер әкелу туралы келісімге қол қойып, 2024 жылы Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары барысында екі мемлекет басшысы Орталық Азиядағы ең жоғары суперкомпьютерді ҚазҰУ-ға орнатуды шешкен.

КазНу

«Жоғары технологиялық құрылғы бүкіл Қазақстан ғалымдарына деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге, мемлекеттік органдардың түрлі жағдайларын модельдеуге және отандық IT саласын дамытуға септігін тигізеді» дейді мамандар.

Сонымен қатар құрылғының жоғары өнімділігі 1,94 PFLOPS құрайды. Яғни, Орталық Азияда ең қуатты саналумен қатар әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің тізіміне кіреді. 

 ҚазҰУ-да сот сараптамасын жасайтын мамандарды даярлайтын болады

 Зертханалардың ішінде ерекше көзге түскені Сот-сараптама орталығы болды. Аталған орталық отандық жоғары оқу орындары арасында тұңғыш рет ашылған көрінеді. Жай ғана ашылып қоймай, сот сараптамасын жасайтын мамандарды даярлау бойынша лицензия да алған.  

Орталықта студенттер, магистрлар мен докторанттар білімдерін жетілдіру мақсатында тәжірибеден өтеді. Онда құжаттар, ату құралдары, трасологиялық, баллистикалық, компьютерлік, молекулалық-генетикалық бағыттар бойынша арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізуге толық мүмкіндік бар екен. Одан бөлек, зертханада қылмыскерді иіс арқылы табу қорабы, ату құралдарын талдайтын аппарат та қойылған. Сондай-ақ  ҚазҰУ оқытушылары Ұлыбритания және Түркияда «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алып, біліктілігін арттырып келіп, студенттерге дәріс береді. Сала мамандары дәріс бойынша Қылмыстық құқық, қылмыстық істер жүргізу және криминалистика кафедрасының ғалымдары орталықтағы заманауи құрылғылар арқылы құқық қорғау органдарына әдіснамалық және әдістемелік жұмыстар жүргізіліп тұратынын айтады. «Бізде сот сараптамасын жүргізуде, соның ішінде баллистикалық сараптамасын жасауға арналған салыстырмалы микроскоп бар. Оның негізгі ерекшелігі – ату құралдары арқылы жасалған қылмысты зерттеуге арналған. Яғни оқтың ұшу траекториясын, қай бағыттан атылғанын анықтауға жәрдемдеседі. Сонымен қатар салыстырмалы микроскоп арқылы адамның өзіне қол жұмсағанын немесе біреу өлтіргенін білуге болады. Мұндай құрылғы отандық университеттер арасында тек Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бар», – деді ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Сұлушаш Даубасова.

Жоғарыда аталған орталықтардан бөлек, баспасөз турында Химия және химиялық технология факультетінде жаңадан ашылған «Farabi Chem Science» кластерімен,  наноспутниктерді ғарышқа ұшыратын Солтүстік-Батыс политехникалық университеті, «Қазақ-Неміс-Қытай» халықаралық қолданбалы микробиология зертханаларымен таныстық. Одан бөлек, қалашықтағы күрделі жөндеуден өткен №9 жатақхананы аралап, заманауи жабдықтармен жабдықталғанын байқадық.

КазНУ

Баспасөз турынан кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығының қатысуымен Баспасөз конференциясы өтті. Басқарма Төрағасының орынбасары – Бірінші проректор Еркін Дүйсенов БАҚ өкілдеріне университетте атқарылған ауқымды жұмыстар жөнінде мәлімет беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Проректор өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен 50 жылдық тарихы бар ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңі басталатынын айтты.

Конференция соңында журналистер оқу ордасы қызметіне қатысты  өзекті сұрақтар қойып, жауабын алды.

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір