• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

17 Мамыр, 08:21:32
Алматы
+35°

26 Қаңтар, 2016 Әдебиет

Көп екен ғой сыры өмір сүрудің

Бақытгүл ЗАРҚҰМАР – 1974-жылы 15-қыркүйекте Моңғолияның Улаанбаатар қаласында дүниеге келген.

Бақытгүл ЗАРҚҰМАР – 1974-жылы 15-қыркүйекте Моңғолияның Улаанбаатар қаласында дүниеге келген. Моңғолия Жастар Одағының алтын медалінің иегері, ақын. "Жүректегі жүзік" жыр кітабының авторы.

Керейдің,
Кербез қызымын,
Тектінің,
Терме ізімін.
Алтайдың,
Арғы бетінде,
Қалдырған,
Қара үй үзігін...
Тауменен,
Тамыр жалғаған,
Асып бір,
Аққан арнадан.
Көк аспан,
Көңіл көгінде,
Қағып бір,
Қанат самғаған.
Тағдырын,
Тастап асқардан,
Алтайдан,
Арман басталған.
Сақтардың,
Сазын тыңдаған,
Бағзылық,
Бал-бал тастардан.
Жорғалап,
Жорға мінетін,
Сырғасы,
Сылқ-сылқ күлетін.
Керейдің,
Кербез қызымын,
Бағасын,
Бабын білетін.
Талайдың,
Тасын құлатқан,
Жауының,
Жасын шылатқан.
Табаны,
Таңда шық басып,
Жанары,
Жанған шырақтан.
Әні бар,
Әуен ,ырғақты,
Төсенген,
Төре сырмақты.
Көңілі,
Көктем,көзі нұр,
Анадан,
Абақ жұрнақ-ты.
Арына,
Адал қарайтын,
Баланы,
Бақыт санайтын.
Жартыкеш,
Жарық жалғанның,
Жыртығын,
Жырмен жамайтын.
Көздері,
Көктем көзіндей,
Сөздері,
Сөнбес сезімдей.
Талайы ,
Тағдыр кешкен бір,
Болмысы,
Болат төзімдей.
Керейдің,
Кербез қызымын,
Тектінің,
Терме ізімін.
Алтайдың,
Арғы бетінде,
Қалдырған,
Қара үй үзігін...

      * * *

Көздерімнен ағып түсті сұлу мұң,
Көп екен ғой сыры өмір сүрудің.

Адалдығын аласартқан қоғамның,
Алдында мен келмейді рас тоналғым!

Жақсылығын саудаламас пенденің,
Жаны таза келеріне сенгемін.

Әділеті жетпей тұрған ғасырдың,
Әміріне келмейді еш бас ұрғым!

Жасындары қамшылаған ғарыштың,
Жанарынан төгіледі бар ұшқын.

Етегіне сүрінетін ғайбаттың,
Езудегі ермегіне айғақ кім?!

Даралығым бағым әлде сорым да,
Даңқ пен атақ тапталады жолымда!

Мінездінің міні жақпас көпке шын,
Міндетсінер тобыр кейде өкпесін.

Кешірімге кесіп бердім басымды,
Кеудемдегі тұншықтырып жасымды...
 
          * * *
Айналамда қарға-құзғын қарқылы,
Аспанымда жасындардың жарқылы...
Мен биіктеп кеттім сірә, шексізге,
Мені төмен тартатындар арқылы...

Айналамда ақ пен қара арпалыс,
Ақиқатты қамап қойған қалтарыс.
Кешегі өткен Мұқағали өртеніп,
Кешкен мұң ғой, Абай менен алты арыс.

Айналамда аңыз жыры тобырдың,
Ақиқаттан басқа менің жоқ үлгім.
Жанымдағы жарылыстар күшімен,
Жанталасқа түстім, жарға соғылдым.

Айналамда майдалардың майданы,
Артық көрген аярлық пен айланы,
Мені неге шақырмайсың қасыңа,
Мен деп соққан ақын жүрек айдағы?!

Айналамда пиғылы тар,тұрқы пәс,
Адамдар жүр, бір шеңберде, бір тұтас.
Мойындамас тірлігінде ақынды,
Мойындатар моладағы құлпытас...


          * * *
 

Тағдырымды тастап кетіп қалар ем,
Тас үйлерді, тастақ жолды қаламен.
Маған ғана арналғандай бір үйдің,
Махаббатын көтере алса бар әлем?!

Көтере алса,еркіндікті көк пен жер,
Көшіп сонда барса мөлдір көктемдер.
Күреңіткен күздер қонақ боп тұрса,
Күннің нұры,айдың сыры төккен зер.

Кетер едім,жүрегіммен ән салған,
Кездеспеді,алыстады қанша арман?!
Табиғаттан тақ орнатқан сол үйдің,
Таңын бәлкім, сағыныштар қарсы алған…

Жетер едім, аңсап, шаршап, сағынып,
Жерігендей бар тірліктен арылып.
Тыныштықтың бесігінде тербелген,
Тылсым мекен күтсе мені сарылып…
          
       * * *

Жанарыма сия алмаған жалқылық,
Жанұшыра жарық айға талпынып…
Қанаттарын қағып-қағып аспандап,
Қайта оралса қапылыста қашқан бақ…
Мақпал түннің құшағында маужырап,
Махаббаттан тас балқыса, тау жылап…
Шымылдықты ысыра алмай дірілдеп,
Шырағымды өшіре алмай күбірлеп…
Таң атпаса деп тілеумен талықсып,
(Тағдыр жазса тәуекелшіл зар ыстық…)
Сағыныштан сазға айналсам деп едім,
Саған бірақ, айта алмаймын себебін…
        
             * * *

 

Неліктен екен,
Біртүрлі жаным қысылды,
Сүйетін бәлкім, бір жанның барын түсінді…
Үнсіздіктердің өзінен үндестік жасап,
Махаббат,
Маған сездірші, жалын күшіңді?!

Неліктен екен,
Білмедім, жанарым талды,
Тауыса алар емеспін,шара мұңдарды…
Түнгі ауа мені шақырды аспанға қарай,
Қараңғы бөлме ішінде,
Қағаз бен қаламым қалды…
       
       * * *
Жан-жағым жалған дүние, жасандылық,
Жанымды жіберді ғой, қасаң қылып...
Жабырқау тірлігімді жасырамын,
Жанардың жарығымен жасандырып...

Жақыным жарға итерді кеше мені,
Жазғыра алмас пенде пешенені.
Жаратқан жақсылықтан үміттімін,
Жасымды ішіп тұрып кеседегі...
    
          * * *
Ғаламда мынау ғажабы басым,
Ғашықтық бақыт дер едім...
Мақамы сыршыл,назары жасын,
Махаббат саған сенемін!
Жауапсыз қалса жабықпа дер ем,
Жаныңның жалқы бір әні.
Көгіңде мендік қалықтап өлең,
Көкше шың болсын тұрағы.
Аңсары бөлек,талғамы биік,
Айдың да бар-ау бір мұңы?!
Қалмаса деймін арманы күйіп,
Қамығып жүрек бұлбұлы.
Ғаламда мынау ғажабы басым,
Ғашықтық бақыт дер едім.
Мақамы сыршыл,назары жасын,
Махаббат саған сенемін!!!
      

        * * *
Кофе ішіп отырмын оңашада,
Кофтамдағы гүлдерге жан бітіріп.
Қанша уақыт жастықты тонаса да,
Қарсы алармын тағы да таңды күліп.
Кофе ішіп отырмын ойым дара,
Кофтамдағы гүлдерден көрінді мұң.
О,жүрегім...уақытты мойындама,
Ойнағысы келсе де өлім бүгін.
Кофе ішіп отырмын оңаша тым,
Кофтамдағы гүлдер де сырға бөккен.
Махаббатқа маздаған жол ашатын,
Маған өмір бір әнін құрбан еткен.
Кофе ішіп отырмын құшып арман,
Кофтамдағы гүл біткен ашылды бір.
Сені қашан пенделер түсіне алған,
Сезімдері сембейтін асыл ғұмыр?!

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір