• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 14:02:04
Алматы
+35°

02 Сәуір, 2019 Әдебиет

Бөлек туған бауырлар

Тек ата-анасы бөлек, екеуі екі жерде, бөлек тұрады демесең, туған бауырдан да артық, екеуін байланыстырып тұрған ерекше тартылыс күші бар.

(әңгіме)

Соңғы қоңыраудан кейін інілерімен саябақ, зообақтарда қыдыртып, базардан керек-жарағын алып, әкесі Жантасты ауылға, ата-апасына апарып тастайды. Бұл - жылдағы әдет. Үш ай жазғы демалысын ауылда өткізетін Жантас жазды ауылсыз, ата-апасы, ауылдағы достары, бұзаулар мен иттері, жылқыларсыз елестете де алмайды. Ес білгелі ауылмен бірге қатар ұғымдай жүретін жан досы - Арыстың орны Жантас үшін тіпті де ерекше. Екеуі достан көрі бауырдай болып кеткен. Тек ата-анасы бөлек, екеуі екі жерде, бөлек тұрады және өте ұзақ уақыт көріспейді демесең, туған бауырдан да артық: Екеуін байланыстырып тұрған ерекше бір тартылыс күші бар сияқты. Өзінен екі жас үлкендігі бар Арыс та оқу біте сала қаладан келетін Жантасты асыға күтеді. Биыл тоғызыншы сыныпты аяқтаған Жантасты ол ұзақ күтіп қалды. Алдымен өзге қалаға қыдырып қайтқан отбасы бір ай кешіктіріп Жантасты ауылға әкеліп тастады. Алайда, көктемде әкесі қайтыс болған Арыс анасы мен бауырларымен бірге басқа жерге көшіп кеткен еді. Досын ескертіп те үлгермеді.

         Асығып-аптығып ауылымен қауышқан Жантас ата-апасымен хал сұрасып, сағынышын басқаннан кейін, бір кесе шәй іше сала Арыстың көруге асықты. Бірақ оны атасының сөзі тоқтатты. «Балам, Арыс отбасымен бірге көшіп кеткен. Сені ұзақ күтті. Бір апта бұрын басқа жерге көшіп кетті. Оның үстіне оқуға құжат тапсыратын уақыт та келіп қалған екен. Қайда кеткендерін нақты айтпады. Келер-келмесін де білдірмеді. Саған дұғай сәлемін айтты».

Жантас өзіне түсініксіз біртүрлі күйге түсті. Үйге не кірерін, не шығарын білмей, абдырып біраз тұрды да, сыртқа қарай оқтай атылды. Бірден Арыстың үйіне жүгірді. Есік, терезелері сыртынан шегеленген, аулада ешқандай да зат жоқ. Нақ көшіп кеткен үйдің бейнесі. Жан досының расымен де жоқтығына, көшіп кеткеніне көзі жеткен Жантастың аяқтары өздігенін жүгіре жөнелді. Бұған бағынар емес. Қайда екені белгісіз, әйтеуір жүгіріп барады. Кеудесінде бір қуыс пайда болып, оны самал жел шарлап кеткендей күй кешкен Жантас ұзақ жүгіргендіктен, аяқтары талып, жығыларға шақ қалды. Алқынып кеткен ол кілт тоқтай қалды да, жерге отыра кетті. Басы салбырап, көздерінен жас селдей ақты. Бірнәрсе жетіспей тұрғандай, қазір тұрса, құлап қалатындай, ауылы бөтен ауылдай, тезірек қалаға қашып кеткісі келіп, түсініксіз күйді бастан кешіріп бір орында ұзақ отырды. Неге жылап жатқанын түсінер емес. «Арыс көшіп кетті. Тек көшіп кетті. Ол өліп қалған жоқ қой. Бір күні кездеседі. Иә, олар кездеседі. Достар ұзақ уақыт бөлек жүре алмайды ғой. Олар кездеседі.» Жантас өзін жұбатуға тырысты. Егер қазір жанында Арысы болса, мұның бұл халіне қарап, «қыз сияқты жылағаның не» деп, әбден ішек-сілесі қатқанша күлетін еді. Иә, жерге жата қалып күлуші еді. Ол қатты күлкісі келсе, дәл солай істейтін. Кенет құлағына Арыстың күлкісі естілгендей, жан досы ту сыртынан мазақтап тұрғандай болды. Егер солай болса, ол міндетті түрде Жантасты келемеждейді. Соны ойлап, Жантас көз жасын сүртіп, бетін арлы-берлі уқалап, киімін түзеп, жайлап орнына тұрып, артқа бұрылды. Жоқ. Қателесіпті. Арыс жоқ. Күлкісі тек естілген екен. Ал артында тұрған ол үй жақтан жүгіріп шыққалы қыр соңынан қалмай қуалап келіп, бәрін бақылап тұрған сүйікті иті - Ақтөс екен. Арыстың Жантасқа сыйға тартқан күшігі бүгінде үлкен ит болған. Арысты одан әрмен сағындыра түскен Ақтөстің алдына тізерлей отыра қалып, мойнынан құшақтай алды. Ит те егесін ұққандай, құйрығын бұлғаңдатып, құшағында үнсіз ғана тұрды.

         Сәл-пәл өзіне-өзі келген Жантас аяқтары құстай ұшырып әкелген жердің досы екеуі жатып алып, қиялдайтын, бала кезде бағындырған биіктері, үйден сәл жырақтағы «төсек-жота» екенін байқады. Бұл жерді достар «төсек-жота» деп атап кеткен. Қолдарын жастанып, аяқтарын лақтырып тастап, шалқаласынан жата кетті. Күннен қорғана бір көзін қысыңқырап, көк аспанға көз тастады. Баяғы көк аспан. Досы екеуінің арман тақтасы. Арыс екеуі осы жотада жатып алып, көк тақтаға әрнені жазып, жасырушы еді. Есейе келе, ол тақтаға армандарын жазатынды шығарды. Олар аспанға ендігі бір кітап жазып тастаған да шығар. Бір көзі талса, екіншісін алмастыра, аспанға ұзақ қарады. Кенет көк тақтадан жаңадан танысқан кішкентай Арыс пен Жантас көрінгендей болды. Сөйтіп, өткен күндер бірінің артынан бірі жалғаса берді. Құдды, кино көріп жатқандай болған Жантастың көз алдына досы екеуінің алғашқы танысқан күні; асық ойнағандары; Жантас қаладан арнайы шәпкі мен қара көзілдірік әкеліп беріп, оны тағып алып, мақтанамын деген он жасар Арыс көшеде тасты көрмей, домалап құлағаны; екеуі екі үйге кезек-кезек су тасығандары; кейіннен бір жазда Арыстың көдегіне алғаш мінген Жантасты көдек жатсынып, қалай лақтырып жібергені; екі үйдің шөбін бірге шапқандары; таудан отын дайындап; картопқа соқа тартқандары көріне бастады. Көк тақтада енді:  «Сенің атың Жантас болса, менің атым Қожа болсын» деген Арысқа «Олар дос емес, қас. Ал, біз достармыз. Сондықтан, сен Қожа болмай-ақ қойшы. Мен де кинодағы Жантас емеспін. Мен жәй ғана сенің досыңмын» дегені; үйден қарбыз ұрлап шығып, осы жотаға әкеліп, кинодағыдай жерге ұрып жейміз деп, жерге ұрған қарбыз жеуге жарамсыз болып қалғаны; ауыл балалары «қаладан келдім деп мақтанасың ба не» деп, Жантасқа жабылғанда, оны қорғамақшы болған Арыстың көзі көгергені; тауықтың жұмыртқасын кім көп жинайды деп жарысқанда, Жантас байқамай күрке тауықтың жұмыртқаларына тиісіп, тауықтың қалай қуғаны; сиырлардың оқырасын қызық көріп, жоталарындағы дүңкиген, жыбырлап тұрған құрттарды түртеміз деп, бір бұқаның екеуін қалай қуалағаны; сиыр тарағанда сиырдың құйрыған ұстап алып, көк шөппен сырғанағандары; осы жотада жатып қиялдаймыз деп, ұйықтап қалып, кешқұрым бұларды іздеуге шыққан үйдегілер келіп, оятқандары; асау тайды үйретеміз деп, ақыры тай екеуін де топыраққа тойдырып, қашып кеткені; өскенде нағыз қазақы аттарды баптайтын фермер болып, балаларымыз шабандоз болып, жүйріктерімізді бәйгеге қосамыз деген армандары; сабақты жақсы оқитын достардың бірін-бірі сынай жаудыратын сұрақтары; кім жеңілсе, сол осы жотадан үйге дейін жеңгенін арқалап келетіндері; қаладан келгенде досының қалай күтіп алып, қалаға кетерде қалай қимай қоштасатындары... бәрі-бәрі зулап өтіп жатыр. Көк аспан құдды көк экранға айналып кеткендей.

Сағыныш. Иә, досын сағынып жатыр. Бірнәрсе жетіспей тұрғаны анық. «Қайда кеткендерін нақты айтпады. Келер-келмесін де білдірмеді. Саған дұғай сәлемін айтты...» Атасының сөздерін тағы есіне алды. Есіне алды да, «Сен біз армандаған арманға жетуің керек! Мен де жетемін! Мен саған, сен маған уәде бергенсің! Бұл жотаға енді сенсіз келмеймін...» деп Жантас орнынан атып тұрып, жотадан төмен жүгіре жөнелді.

Сөйтіп, ол ауылдан кетті. Сол кеткеннен мол кетті. Одан кейінгі жазда да, күзде де ауылға аяғын аттап аспады. Бір жағы досына деген өкпесі бар, бір жағы өзіне берген уәдесі бар... Әйтеуір, сол ауылға Жантастың табаны қайта тимеді...  

(жалғасы бар)

Жалғасы мына сілтемеде 

Мақпал Сембай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір