• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 17:00:04
Алматы
+35°

22 Желтоқсан, 2016 NEWS

ЕЛШІНІ АТҚАНДЫ ҚАЙ АТАҢНАН КӨРДІҢ, ТҮРІК БАЛАСЫ!?

Елші деген кім? Елшінің мақсат-міндеті, рөлі, жауапкершілігі қандай болған? Тарих бізге қандай тағылым айтады? Түркиядағы Ресей елшісінің қоғамдық орында...

Елші деген кім? Елшінің мақсат-міндеті, рөлі, жауапкершілігі қандай болған? Тарих бізге қандай тағылым айтады? Түркиядағы Ресей елшісінің қоғамдық орында қызмет бабы барысында кісі қолынан қаза табуы екі мемлекеттің қарым-қатынасына қалай әсер етпек? Осы сұрақтар төңірегінде «Қамшы» порталының тілшісі Шайхы Марал тарихшы Рауан Байдалының пікірін сұраған болатын.

Елшінің рөлі әрқашан маңызды

«Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деген қазақта мықты сөз бар. Екі елді тату қылу елшіге байланысты. Одан бөлек «Елшіге өлім жоқ» деген сөз бар. Соғыс жағдайы болса да, елші бейтарап болады. Тарихқа үңілетін болсақ, бұрындары мемлекеттік құрылымдар болды. Осы мемлекеттік құрылымдардың ішінде елшілік қатынастар жолға қойылған болатын. Бұл туралы тарихи деректерден кездестіреміз. Қазақстан тарихында Қытай, Парсы, Моңғол деректері деген том-том кітаптар шығып жатыр. Сол кітаптарда елшілік байланыс жайлы айтылады. Мысалы, Қытайдың елшісі Ғұн мемлекетіне барып, еліне есеп берген кезде былай деп айтады: «Төрде үйсін, қаңлы, ғұн бірге отырды, олардан төмен мен отырдым» деп айтады. Бұл мемлекеттермен байланысты үзу керек деп кеңес береді. Бұл ежелгі заманда елші рөлінің қаншалықты маңызды екенін көрсететін бір ғана мысал.

Елшінің өлімі соғыс бастауға себеп

Елшілік қатынастағы адамдар ұзақ сапарларда жүреді, есеп беру үшін күнделік жазып жүретін болған.

Екінші мысал, Шыңғыс хан Хорезм мемлекетіндегі Отырар қаласына барған кезде билеушісінен Отырардың әкімі қыпшақ Қайыр ханды беруді сұрайды. Оған Хорезм мемлекетінің билеушісі келіспейді. Содан екі ел арасында соғыс басталып кетеді. Бір адам екі ел арасында келіспеушілік туғызуға себеп болған.

Бәріміз білетін, Сұлтан Бейбарыс жайлы екі бөлімді керемет фильм бар. Сол фильмде Мысыр елінің сұлтаны Құтызға Шыңғыс ханның немересінен елші келеді. Ол ат үстінде тұрып: «Сен бізге бағынатын боласың, малыңды бересің, кепіл ретінде әйеліңді қоясың» деп айтады. Сол бір ауыз сөзге шыдамай, Құтыз Моңғол елшісін өлтіруге бұйрық береді. Сұлтан Бейбарыс: «Бұл соғыстың басталуын жылдамдатты, Моңғол елшілерін, тіпті, бүкіл Дүние жүзінде, Еуропа, Рим сән-салтанатымен қарсы алатын. Тек Құтыз ғана осылай жасап, соғыстың басталуына себепкер болды» деп айтады.

Батырлар да елшілікті атқарған

Елімізде елшілікті батырлар да атқарған. Тарихтан белгілі  Қаз дауысты Қазыбек бидің қалмақтарға үш рет елші болып барғанын білеміз. Сол кезде айтқан, әр қазақ жатқа айтып жүрген керемет сөзі бар. Және XVIII ғасырда Қабанбайдың Қытайдағы Чжэн патшалығына елші болып барғанын білеміз. Одан кейін Әбілқайырдың тұсында батырлар мен билердің басын қосып, Ресейге елші ретінде  жібергені тағы бар. Кейбір батырлар өзінің ақыл-парасатымен бидің, елшінің қызметін атқарып отырған.

ХХ ғасырда елшілік жандана түсті

XX ғасырдың басына тоқталсақ, 1916 жылы Торғайда Амангелді Иманов пен Әбдіғапар Жанбосынов бастаған ұлт-азаттық көтеріліс болады. Сол кезде бұрынғы қазақ хандығын, оның ішінде елшілікті қалпына келтіреді. Әбдіғаппар «әмір» атағын алады, әскерді және елшілікті қалпына келтіреді. Сол кезеңде олар Бұхарға елші жіберуге дайындалады. Елшілік мәселесін жолға қою жайында академик Манаш Қозыбаевтың еңбектерінде де айтылады.

1917 жылдары Алаш үкіметі құрылған кезде де «алаштықтар» елшілік қызмет орнатқан. Мысалы,  Сібірде уақытша үкімет құрылған кезде, Сібірді Колчак қолына алған кезде Алаш үкіметінің атынан Әлихан Бөкейханның өзі бастаған Әлімхан Ермеков, Айдархан Тұрлыбаев, Ахмет Байтұрсынов  қоштаған тұлғалар Алаш үкіметіне байланысты, Алаштың жер мәселесіне байланысты елшілік қызметпен Сібірге барған.

Ал 1928-1936 жылдары КСРО мен Сауд Арабиясы арасындағы елшілік қызметін атқарған елімізге белгілі, танымал елші Нәзір Төреқұлов бар. Сол кездегі кәсіби деңгейдегі елші деп мен Нәзір Төреқұловты айтатын едім. Ол кісі елшіліктің қыр-сырын білген. Мұсылман мемлекеттері арасында байланыс орнатқан. Орта Азия халықтарын орыстандыру үшін миссионерлер жүргізген саясатына қарсы шығып, әшкереледі. Тайыр Мансұров, Сәрсен Бек Сахабат, Ыбырайым қажы Исмайыл және тағы басқа кісілер бірнеше кітаптарын шығарып, газет-журналдар беттеріне мақалалар жазып, «Нәзір қорын» ашты.

Елші, ең алдымен, патриот болуы тиіс

Қазір де елімізде елшілік қызметке дайындайтын мамандықтар бар. Бірақ, қазақтың бойында жалтақтау басым. Қандай да оқиғаға байланысты біздің дипломаттар еркін, ашық пікір айта алуы шарт.

Елшілік қызмет өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл қызметтегі адам жан-жақты білімді болуы мақсат. Сол елдің тыныс-тіршілігін, тұрмыс-ахуалын, бітім-болмысын, мінезін таныған адам болуы шарт. Бірақ қазіргі елшілердің көбісі орыстілді. Бұрынғы кездері елшілер басқа елге барғанда өзінің ана тілінде сөйлейтін. Қазіргі елшілер шетелде жүргеннен кейін ойын, пікірін міндетті түрде ең бірінші кезекте өз мемлекеттік тілінде жеткізуі керек. XVIII ғасырларда орысша жетік білетін елшілер көп болды, бірақ Ресейге елшілікпен барған кезде олар қазақша сөйлейтін, ал жанындағы тілмаш сөзін аударып отыратын болған. Елшілер, ең алдымен, патриот болуы шарт. Бұл –басты талап.

Қазіргі таңда елімізде Кеңес үкіметінен бері келе жатқан, Елбасымызбен қатар саясатта жүрген білікті елші деп Қасым-Жомарт Тоқаевты айтар едім. Одан бөлек, елімізде танымал елшілер аз емес. Бірі – Қазақстанның Италиядағы Төтенше және өкілетті елшісі болған Олжас Сүлейменов, бірі – Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі болған Мұхтар Шаханов.

Мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтың 50 томнан тұратын «Қазақстан Республикасы. Тәуелсіздік шежіресі» жобасымен тарихи-дерек жарық көрген болатын. Ол кісі 1993-1997 жылдары Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған болатын.
Кітаптың бір томы арнайы елшілік қатынастарға арналған. Ол кісі елші болып қызмет атқарып жүрген кезінде күнделік жазып, оқырманды елшіліктің біле бермейтін қыр-сырлары жайлы таныстырады.

Мақсат – екі елді арандату

Ал, жалпы кешегі Түркиядағы Ресей елшісінің өлтірілуіне байланысты айтарым, бұл белгілі бір адамдардың топтары әдейі ұйымдастырып отырған тапсырмасы деп есептеймін. Елшінің еш кінәсі жоқ. Бұл бір адамның саясатымен, идеясымен болып жатыр деп ойламаймын. Екі елді арандату саясатынан туындаған деп есептеймін. Бірақ, екеуіне де жауласу еш тиімді емес. Түркиядағы Ресей елшісіне қастандық жасала салысымен Түркия Президенті Ресейден кешірім сұрады. Екі мемлекет те алауыздыққа бармаймыз деп отыр.  Ал, тарихтан бастау алатын болсақ, олар XX ғасырдың басында екі үлкен империя болған. Бірі Осман империясы болса, бірі Романовтар әулеті болды. Бұл империялар бір-бірімен дос болған, байланыста болған,  бір-бірін қолдап отырған. Тарихта екі мемлекеттің достығы жайлы жақсы пікір де айтылады. 1918–1920 жылдары Түркияда шетелдік интервенциямен азамат соғысы болған еді. Сол кезде Кеңес Одағы Түркияға қолдау білдірген. Ал, қазіргі орын алып жатқан оқиғалар саяси ойынның желісі ғана». 

Редактор

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір