• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 22:03:14
Алматы
+35°

23 Қазан, 2018 Оқиғалар

Колумбайн терактісін қайталаған керчтік қаныпезер Путиннің фанаты болған

Росляковтың үстіндегі ақ футболкадағы жазу - "ненависть" яғни "жек көру".

2018 жылдың 17 қазаны Ресей үшін қайғыдан қан жұтқан күнге айналды. Қырымға қарасты Керчь қаласы әлі күнге дейін қара жамылып отыр. 21 жеткіншек колледжге сабақ оқуға кетіп, ыстық ұяларына оралмады. Қаншамасы аяқ-қолдан айырылған, ауруханада ота жасау күнін асыға күтіп жатыр. Олардың тірі қалғандарына ата-аналары бақытты. 17 қазан тарих қойнауына Керчь терактісі болып енді. 18 жастағы Владимир Росляков болса ресейлік БАҚ-тың тілімен айтқанда о дүниеге қасапшы аттанды.

Темекі шекпеген, сыра ішпеген, сабақтан қашпаған, ешкіммен араздаспаған Владимир Росляковтың биографиясынан ресейлік журналистердің зерттеу жүргізуі арқылы белгілі болған фактілерді оқырман назарына ұсына отырып, осындай зұлымдыққа баруына не түрткі болғанын саралап көрейік.

                                               02 мамыр

2000 жылдың 02 мамыры – Росляковтың дүниеге келген күні. Әкесі де, шешесі де бар бақытты бала. Әке-шешесінің асып-тасыған байлығы болмаса да, Владимирдің қарнын тоқ қылуға жағдайлары жететін. Мектеп табалдырын алғаш аттаған кезден-ақ Владимир ата-аналарының көңілдеріне қаяу түсірген емес. №13 мектепте Владимирмен бірге оқыған сыныптастарының айтуынша, ол өз ортасының гүлі болмаса да, тікенегі болған емес. Елден ерекшеленіп тұрмаса да, негатив пен әзіл-оспақтың нысанына да айналған жоқ-тын. «Ол кәдімгі тыныш оқушы болатын. Бір-екі жақсы араластын досы болды. Мектептен кеткеннен кейін де олар байланыстарын үзген емес»,- деп еске алды бір сыныптасы.

                                               10 жыл бұрын

Владимирдің анасы Иегова куәгері (РФ-да, ҚР-да тыйым салынған секта түрі-ред.) екендігін бүкіл көрші-қолаң білетіндігі жасырын емес екен. Ол кісі 10 жыл бұрын соларға имандай сеніп, наным-сенімін өзгертіпті. Иегованы жаратушы ретінде таныған әйел баласына да басқаша қарай бастағаны айтпаса да түсінікті. Достарымен бірге қыдыруға, ойнап-күлуге, кинотеатрға баруға тыйым салған Владимирдің анасы ұлына қырық тыйым жасау арқылы оңбай қателескенін ол кезде білмеді, сезбеді. Себебі сол кезден бастап анасының айтқанынан шықпаған Владимир уақыт өте келе томаға-тұйық жанға айналады. Құрбы-құрдасымен емес, компьютерімен сырласады. 

8 жыл бұрын

Баласының өзін-өзі өлтіріп қана қоймай, колледжінде жарылыс жасап, қасапшыға айналғанын естіген әкесі баласын кінәламайтынын жеткізді. Жан жарымен 8 жыл бұрын айырылысқан Владимирдің әкесі баласымен де 8 жыл бойы көріспегенін, араласпағандығын айтты. «Әйелім баламды маған көрсеткісі келмеді. Біздің қоян-қолтық араласуымызға үзілді-кесілді қарсылық танытты. Мен де «қош» дедім», - деп журналистерге сырын ақтарыпты. Владимир ер жетіп, әкесінің демеуіне мұқтаж болған шақта әкесінің назарынан тыс қалуы оны қамықтырып, психологиялық соққы алғанын оқырманның іші сезіп отырған шығар. «Владимирден айырылдыңыз. Не дейсіз?» деген журналистің сұрағына соғыстан контузия алған ауған соғысының ардагері былай деп жауап берді: «Ол менің қаным, ол менің сарғая күткен балам болатын. Владимир қарапайым бала болып өсті. Балаларға арналған әдебиетке қатты қызығатын. Ал бүгін ол жай ғана мүрде. Мүрдені кешіруге немесе кешірмеуге болмайды. Өз басым православ дінінің өкілімін. Бұрынғы әйелім Иегова куәгері. Владимирді шайтан азғырды деп білемін. Басқа айтарым жоқ». Владимирдің әкесін аула балалары мас кезінде ұстап алып, таяқтың астына алғандарын көрші-қолаңдары жайып салды. Тағдырдың тезіне ұшыраған Владимирдің әкесі қару-жарақ тығылған жер бар екендігін айтқанда ешкім сенбегені де осыдан.

Владимир Росляковтың әжесі кезінде ұлағатты ұстаз болған жан екен.  Қазір жасы 76-да. Әжесі жақында ғана 20 000 рубль ақшасының жоғалып кеткенін БАҚ-қа айтып берді.

2017 жылдың қаңтары

Міне, осы уақыттан бері Владимир Росляков терактіге дайындалған деседі. Колледжде көңіл-күйі көтеріліп, ашылған бойда Владимирдің бір күні шетелдегідей бүкіл колледжді қырып салғысы келетіндігін айтқанын группаластары енді еске түсіріп отыр.  Әлеуметтік желіде Анатолий Смирнов деген атпен құрбысымен хат алмасып отыратын Владимир оған да осындай жоспарларының бар екендігін айтып қалған. Әрине, ол кезде ешкім оған мән бермеген. Бірақ көрші-қолаң Владимирді мысық-иттерді қинаушы маньяк ретінде біледі екен. Алайда іштегі ашу-ызасын мақұлықтан алатын Владимирдің ескертулерінен ол кезде ешкім секем алмады.

                                                1999 жыл  

1999 жылдың 20 сәуірінде АҚШ-тың Колорадо штатындағы  «Колумбайн» мектебінің екі оқушысы Эрик Харрис пен Дилан Клиболд өздерінің сыныптастарын, мұғалімдерін қырып салған. Бұл жантүршігерлік оқиға тарих қойнауына Колумбайн терактісі ретінде енді. 13 адамды өлтіріп, отыз шақтысын жаралы еткен екі бозбала бұл қылмысқа ұзақ уақыт дайындалған. Тіпті бұл туралы өздері арнайы құрған сайтта да жазып өткен. Алайда ешкім мән бермегеннің нәтижесінде ойға алғандары оңай іске асады. Ең қызығы, керчтік Владимир Росляков осы екеуін үлгі тұтқан. Керчь терактісінің жүйесі, Владимирдің киіну стилі, өзін Харрис пен Клиболд секілді кітапханада атуы – бәрі-бәрі соның айғағы. Колумбайн терактісі туралы түсірілген «Класс» деген кино да Росляковтың сүйікті фильмі екен. Ол бұл туралы бірнеше рет группаластарына айтқан. Росляков дегеніне жетті. 13 емес, 21 адамды ажал құштырып, америкалық «кумирлерін» шаң қақтырып кетті.

                                           2014 жыл 07 шілде

Владимир Росляков «вконтакте» әлеуметтік желісінде Влад Росляков деген атпен тіркелген. Парақшасына көз жүгірте отырып, оның Путиннің фанаты болғандығын бірден байқауға болады. Путиннің фотоларын парақшасына көп салған Владимир 2014 жылдың 07 шілдесінде «Бұл мемлекетті жеңу мүмкін емес» деген топтың агитациялық суреттерін бөліскенін көре аламыз. Ол суреттерде бәрін қырып-жоюға дайын Ресейдің агрессиялы кескін-келбеті бейнеленген.

                                          18 шілде 2018 жыл

Дәл осы күні Владимир Росляков Семферополь қаласына сапар шегеді. Қыдыру үшін емес, мылтықты қолдану ережелерінің қыр-сырын меңгеру үшін. 6 сағатқа созылған дәріс үшін Росляков «Эгида» орталығына 4 000 рубль төлепті. Сол орталықта Росляковқа дәріс берген инструктор былай деп еске алады: «Ол менің көзіме бірден түсті. Бәрін білгісі келетіндігі ұнады. Біз мылтықты қалай ұстау керектігін, қауіпсіздік шараларын, оқыс жағдайда көрсетілетін алғашқы медициналық көмек туралы сөз етеміз. Одан кейін сынақ аламыз. Мен оған бес балдық шкала бойынша төрт деген баға қояр едім. Біздің дәрісті тәмамдағаннан кейін қару-жарақты сатып алу үшін лицензия алу шартты».

                                             08 қыркүйек 2018 жыл

Жаңа оқу жылы басталды деп ел-жұрт қуанып жүрген кезде Росляков жоспарын жүзеге асыруға белсенді түрде кіріскен. Ол лицензияға қол жеткізгеннен кейін қару сатып алуға асыққан екен. Назары калибрі 12 миллиметрлік, түркиялық Hatsan Escort деген помптық мылтыққа түседі. Бұл мылтық нысанаға үнемі дөп тимегенімен, дыбыстық қуаттылығы зор болатын. Және мұндай мылтықтардың оқтарын тез ауыстыруға болады. Осындай ерекшеліктерге Росляков мән берген болса керек. 21 адамның өмірін жалмаған мылтық сатылған дүкен бүгінгі таңда жабық тұр. Дүкен өз жұмысын қайтадан жандандыра ма белгісіз.

                                             13 қазан 2018 жыл

Росляков мылтықты мақсатты түрде сатып алғаны аян. Ендігі кезекте ол оқ сатып алуды көздеді. Оқты басқа дүкеннен сатып алуды жөн деп шешеді. Росляковқа оқты сатқан дүкеннің директоры Анатолий Лунев былай дейді: «13-ші қазан күні келді. Мылтық ұстауға рұқсат қағазын көрсетті».

Осының бәріне 18 жастағы Владимир Росляков қайдан ақша тапты деген заңды сұрақ туындайды. Себебі мылтыққа 20 000-дай, 15 қорап оқ үшін 6 000-дай, ату клубында дәріс алу үшін 4 000 рубль кеткен. Сонымен қатар мылтықты жасыру үшін сейф сатып алғаны, лицензияға ақша төлегені белгілі. Әжесінің 20 000 рублін ұрлаған Владимир делік, ал қалған 20 000-ды Росляков кімнен алды?

17 қазан 2018 жыл

Екі күн “ауырып қалдым» деп сабаққа бармаған Владимир бұл күні колледжге кештеу шығады. Анасының жұмысқа кеткенін күткен болу керек. Роялковтардың үйінен колледжге дейін 15 шақырым. Владимир №41-ші автобусқа отырып, бір сағаттай жол жүреді. Қолында ауыр жолсөмке. Ішінде мылтық, дәрі және жарылғыш заттар... Аялмадан түсіп, колледжге келеді. Ешкімнің көзіне түспестен колледжге енеді. Ол артына қарап бұрылмайды...

                                                      80%

Владимирмен бірге бір топта оқыған студент бала ғаламторды шарлап жүрген ақпараттың 80%-ы жалған екендігін айтыпты. «Владимирді топта ешкім ұрып-соғып, масқара етіп, қанаған емес. Біздің топтағы балалар байсалды. Біреуге әдейі соқтықпайды. Және Росляков та әлжуаздардың қатарынан емес. Ол кезінде бокс үйірмесіне қатысқанын білеміз. Бірде бокстың қолғабын киіп алып, бір-бірімізді жекпе-жекке шақырғанбыз. Сол кезде Росляков топтағы ең мықты, білекті деген баланы жығып салғаны шындық».

 

Росляковтың «шабыт алған» Колумбайн терактісін жасаған екі американдық жігіт компьютер ойындарына кіріп кеткендері соншалық психикалық ауытқуларға ұшыраған. Біреуі тіпті психиатрға жиі барып тұрған. Росляков та әлемнен оқшауланып, компьютермен дос болған күні трагедия бастау алды деп түсінеміз. Сондықтан да қадірменді ата-ана, балаңыз қандай компьютерлік ойын ойнайды, ғаламтордан қандай ақпарат іздейді, біліп жүріңіз, жағдайды бақылауда ұстаңыз. 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір