• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 14:06:15
Алматы
+35°

06 Қараша, 2017 Әлеумет

Конвертер деген бір әріпті бір әріптің орнына қоя салу емес

Ұлттық әліпбиді өзгерту сынды «тағдыр шешті» бетбұрыс үшін бұл қаржы да аздық етеді.

Биылғы жылдың 11 қыркүйегінде парламент қабырғасында  «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру» туралы алғашқы тыңдау өтті. «Attila group» компаниясының өтінішімен осы тыңдауда баяндама жасауыма тура келді. Тақырып: Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің конвертері. Ең алдымен программистердің айтуымен «Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің конвертері қандай болуы керек?» деген сұраққа жауап іздедік. Ең бастысы — Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Қазақстан әлемдегі бар қазақтың Отаны» болса, мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиі де бәріне ортақ әліпби болуы тиіс деген тұжырымға келдік.  Ол үшін «Латынға негізделіп қабылданған әліпбидің конвертері» мына талаптарға жауап бере алуы керек:

1) Конвертер кирилл, араб, латын және т.б. әліпбилеріне негізделуі тиіс.

2) Интернет браузерлерге арналған конвертер плагині жасалуы керек.

3) Кез келген сайтты конвертациялай алатын API программалық қондырғысы болуы тиіс.

4) Ұялы телефондарға бағытталған ios, android қосымшалары жасалуы тиіс.

5) Конвертер орналастырылған сайт латын әліпбиіне аударғысы келетін адамға ыңғайлы бірнеше тілде жасаулы тиіс. Мысалы: ағылшын, орыс т.б.

6) Шағын мәтіндерді аударатын конвертердің қызметі де шектеулі болады. Сондықтан көлемді кітаптарды да аударатын, оның ішінде сурет, басқа да графика, тіпті түсі, үлкен-кішілігі әртүрлі әріптерді сол күйінде қатесіз жылдам аударатын болуы тиіс.

7)  Жаңа әліпбидің барлық емле ережелері кезең-кезеңімен конвертерге тиянақты енгізіліп, кез келген мәтін қатесіз, сауатты аударылуы қажет.

8) Ағылшын әріптері мен қабылданған әліпби қатар келгенде ажырата алатын мүмкіндікке ие болуы міндетті. Себебі замануи ақпараттар мен технология тілінде ағылшын сөздері көп кездеседі.

9) Конвертер тек қана кирилл әліпбиінен латын графикасына қатесіз аударуы жеткіліксіз. Керісінше латын графикасынан кирилл әліпбиіне, араб графикасынан латын әліпбиіне, латын әліпбиінен араб графикасына еш қатесіз аударатын бірегей жүйе болуы керек.

10) Ең бастысы - интернет болмаған жағайда компьютер мен ұялы телефонда сәйкестендіру мүмкіндігі болуы керек. Яғни бұл конвертерді өз құралыңызға қондырып алғаннан кейін интернетсіз де пайдалану мүмкіндігі болуы қажет.

11) Қазақ әріптері іздеу жүйесінен кедергісіз табылуы, SEO жүйесі кемелді жасалуы тиіс.

12) Елдегі мекемелерде күніне мыңдаған құжат айналатынын ескерсек, конвертер сайты бір мезетте ең кемінде 100 мың қолданушыға қызмет көрсете алуға міндетті.

13) Конвертер сайты тек көз алдайтын, уақытша ғана қызмет атқармауы керек. Сондықтанда жыл бойы, тіпті 24 сағат техникалық қолдауды, бірнеше тіл мамандары мен программистердің бірлесе жұмыс жасауын қажет етеді.

14) Әр мекеменің архивінде мыңдаған құжат бар екенін ескерсек, біз айтып отырған конвертер бір мезетте бірнеше жүз құжатты конвертация жасайтын мүмкіндігі болуы тиіс. Бұл мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын жеңілдетіп, қызмет өнімділігін арттырады.

15) Болашақта бұл конвертер арқылы әріпті дыбыстайтын, дыбысты таңбалайтын программа да қатарға қосылуы қажет.

Парламенттегі баяндамадан кейін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхаммедиұлымен кездесіп, пікірлесудің сәті түсті. Әсіресе «Әліпбидің конвертері» жөнінде көп әңгімелестік. «Конвертерге» қойылатын жоғарыдағы талаптарды атай отырып, «Attila group» программистерінің конвертер жасауға есептеген «сметасын» ұсындым. Программистердің есептеуінше,  бір мезетте 100 мың қолданушының пайдалануына қауқарлы, ұялы телефондарға, компьютерге, сайттарға бағытталған, 24 сағат қызмет көрсететін  конвертер жасау үшін тіпті 80 миллион теңге қаржы қажет екен. 

Біздің ұсынымыздан кейін, министр Арыстанбек Мұхаммедиұлы осы бағытқа 2018 жылға 56 миллион теңге қаржы қарастырып жатқан көрінеді. Әрине ұлттық әліпбиді өзгерту сынды «тағдыр шешті» бетбұрыс үшін бұл қаржы да аздық етеді. Дегенмен нәтижелі жұмыстарға нақты қадамдар жасалып жатқаны қуантарлық жайт. 

Біләл Қуаныш, «Attila group» компаниясының өкілі

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір