03 Мамыр, 2019 Кәсіпкер
Қызметкерін жұмыстан қумайтын жапондық жүйе — кайдзен
Кайдзен идеясында қызметкер қателігі үшін жазаланбайды, керісінше одан сабақ алады.
Qamshy.kz ақпарат агенттігі Алматыдағы kaizen орталығының жұмысы жайлы көп сериялы мақалалар беруді қолға алды. Аталмыш орталықтың басты миссиясы – кайдзен түсінігінің кеңірек таралып, қолданысқа енуіне септік ету.
Қазақстанда "Кайдзен жоспарлаудың" неймбрендингі соңғы жылдары қарқынды дамуда. Ірі компаниялар, түрлі ұйымдар осы бағытқа бет бұрып, әлемдік тәжірибеде басшы мен жұмысшыға орасан зор мүмкіндік сыйлаған жобаны тәжірибеде сынап көруде.
"Кайдзен" сөзінің жалпы философиясы жапон халқының ұстанымы іспетті. "Кай" сөзі жапон тілінде "өзгеріс" дегенді білдірсе, "дзен" сөзі "жаңашылдыққа" деген мағынаға саяды. Демек, "Кайдзен жоспарлау" технологиясының негізгі мүддесі – қоғамдық басқарудың, әріптестік қарым-қатынастың жаңашылдыққа бағыт алу, өзгеру идеологиясын қолданысқа енгізіп, тәжірибеде қолдану.
Қызық!
Кайдзен философиясы ежелгі жапон халқының жұмысқа деген көзқарасымен ұштасып жатыр. Естіген де боларсыз, бәлкім?! Жапон азаматтары бір жұмыс орынында өмір бойы жүре беруге дайын. Өйткені, олардың үрдісінде жұмысты жиі ауыстыру тұрақсыздық қасиеті деп есептеледі.
Жапондар ұғымы және «Кайдзен» философиясы
Күн шығыс елінің азаматтарына бір жұмысқа кіріскеннен кейін оны ең биік шыңға шығару – өмірлік мүдде. Мүмкін, сіз тамаша табысы бар қызмет атқармассыз, бірақ өзіңізге ләззат сыйлайтын іспен айналысасыз. Демек, шағым айтуға құқығыңыз жоқ. Міне, өздерін жұмысқа деген осындай көзқарастары арқылы олардың менталитеті әлемге үлгі боларлық деңгейде.
Кайдзен технологиясы әрбір істі өз маманы жоғары дәрежеде атқарып отыруды талап етеді. Әсіресе бизнестегі іскерлік үдерістерді тиянақты атқарып отыруға таптырмас технология. Сонымен қатар, кайдзен тек жұмыс барысында емес, қызметкердің жеке өмірінің құқықтарын бұзбауға, нақты уақытқа жұмыс жасауға бағытталады.
Кайдзеннің басты 5 қағидасы
Кайдзен технологиясының негізгі философиясы төмендегідей бес элементтен тұрады:
Жинақы және мұқият болу;
Бірізділік (реттілік);
Тазалық;
Стандартты жүйе;
Қарым-қатынас.
Кайдзен идеясы менеджерлер арасында кеңінен танымал. Кайдзен идеясы арқылы Toyota сынды ірі компания жетістіктің шыңына жетіп отыр. Кайдзен арқылы қызмет атқарған түрлі компаниялардың тарихы мен бүгінгі тәртіптері туралы, жеткен жетістіктері мен қателіктері туралы орыс тілінде бірқатар еңбектер де бар. Әсіресе орыс тілінде жарық көрген келесі екі кітаптың алар орыны бөлек:
"Кайдзен: жапон компаниясының жетістікке жету кілті", Масааки Имаи
"Гемба Кайдзен: шығынды азайтып, сапаны арттырудың жолы", Масааки Имаи
Кайдзен жүйесі мен философиясы
Өзгерістер тізімі
Кайдзенге сүйенсек, шығын мен уақыт өлтіруді азайтып, жұмыс сапасы мен еңбек өнімділігін арттыру үшін осы кедергілердің қайдан бастау алып тұрғанын анықтау керек.
Жұмыс жылдамдығын арттыру үшін бірқатар дүниелерден де бас тартуға тура келуі мүмкін. Мысалы, сіз электронды поштаңызды күніне 20 мәрте тексеретін болсаңыз, оны нақты бір уақыттарда тәулігіне 2-3 рет тексеруге дағдылану қажет.
Жоспарлау және тәртіп
Адамның ұйқыдан оянғаннан кейінгі екі-үш сағат уақыты – еңбек өнімділігі дәрежесінің жоғары болатын кезеңі. Осы уақытқа ең маңызды дүниелерді шарт етіп қою керек. Бірінші кезекте және одан кейін жасалатын дүниелерді жоспарлап, сол бойынша жүруге тырысу – кайдзен талап ететін ең бірінші тәртіп.
Ал жұмыс тәртібін жазып жүруге және уақытпен санасуға икемделу – заман ағымына икемделу десек те болады.
Тазалық, реттілік һәм бірізділік
Кайдзен идеясына сүйенсек, адам жұмыстан ләззат алып, өзінің маңызды шаруа тындырғанын сезінуі шарт. Сонымен қатар, тазалықты, бірізділікті қалыптастыруы керек.
Мысалы, жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін жай ғана жұмыс үстеліңіздің үстін ретке келтіріп, компьютеріңізден керексіз құжаттарды өшіріп, барлығын бір жерге топтастырсаңыз, келесі жұмыс күніңізге қажетті біршама энергия жинақтайсыз.
Жұмыс стандарты
Жұмыс стандартына қатаңдық енгізу арқылы өндіруші тарап тауар сапасын арттыратынына сенімді. Ал жапон кәсіпкерлері бұл қағиданы бұзудан қорқады, тіпті. Олардың бар арман-мүддесі – тауар қаптамасында "Жапонияда жасалған" деген жазу көрінгенде тұтынушының санасында тауардың сапалы екендігіне күмән қалдырмау.
PDCA , SDCA даму циклі
Plan (жоспарлау) / Standard (стандарттау, бірізділік)
Do (орындау, атқару)
Check (тексеру, қадағалау)
Act (дамыту)
Кайдзен жүйесімен адамдарды басқару
Жапон мәдениетінде атқарушы және төменгі санаттағы қызметкерлерге деген құрмет өте жоғары. Оларға басшылық тарапынан түрлі қолдаулар мен жігерлендіретін сөздер жолданып, материалдық та көмек беріліп тұрады.
Менеджменттің бұл тәсілі басқа әдістерге қарағанда жоғары нәтиже көрсетеді. Өйткені, өзге тараптардан қолдау көрген қызметкердің өз жұмысына деген қызығушылығы оянып, өзін-өзі дамытуға тырысады.
Қызық әрі пайдалы!
Кайдзен идеясында қызметкер қателігі үшін жазаланбайды, керісінше одан сабақ алады. Демек, сіздің жұмыс орыныңыз кайдзен жоспарлау бағытында болса, сізге жұмыстан қуылу, қатаң сөгіс алу, жалақыдан айыппұл алып қалу сынды қатерлер төнбейді.
Кайдзен әрбір ұйымда, әрбір ортада қиындықтар мен мәселелер бар екендігін мойындайды. Және сол келеңсіздіктердің болғанын дұрыс деп санайды. Көрінген қателікті түзеуге болады. Ал көзге көрінбеген түйткіл орға жығуы мүмкін.
Кайдзен – бұл экономикалық мақсаттарды қадағалаумен ғана жұмыс жасайтын жүйе емес, қоғамдық сауалдарды шешіп, жұмыс персоналының тең құқығын сақтауға көмектесетін және міндеттерді нақтылап, бірізділікке қойып беретін жүйе.
Кайдзен – ақша мен бизнесте ғана жүретін жүйе емес. Кайдзен – шеберлікті, іскерлікті, татулықты, уақытты бағалайтын жүйе.
Аталмыш жүйе туралы Qamshy.kz жазған өзге де материалдарды оқи отырыңыз:
1. Нұрғали Қанатұлы: Біз қазаққа кайдзеннің жат емес екенін дәлелдедік
2. Оразаға кайдзен әдісімен дайындалу
3. Желдеткіш зауытындағы кайдзен жүйесі: бонус беретін берекелі бизнес
4. Кайдзен орталығына кірдің – ғажайыпқа сапар шектің (фоторепортаж)
5. Кайдзеннің 6 қағидасы. Жапондар өмірін қалай жеңілдетті?
6. "Обея бөлмесі"— бизнесте уақытты тиімді пайдаланудың жолы
7. Қазақстандық кәсіпкерлерді жетістікке жетелеген ерекше әдіс
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір