• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 14:09:17
Алматы
+35°

03 Мамыр, 2019 Сұхбат

Рашхан Сыдайқызы: Орысша білмегендіктен Президент емханасында жұмыс істеуден бас тарттым

Атамекеніме оралсам деген арманын арқалап, еліне келіп шығыс медицинасын дамытып отырған ақ халатты абзал жан Рашхан Сыдайқызы бүгінде талай адамның ...

Атамекеніме оралсам деген арманын арқалап, еліне келіп шығыс медицинасын дамытып отырған ақ халатты абзал жан Рашхан Сыдайқызы бүгінде талай адамның аяққа тұрып кетуіне себепші болған. Бүгінде ем жүргізудің жолдары өте көп. Соның ішінде, Шығыс медицинасының емдеу тәсілдерімен барлығымыз бірдей таныс болмауымыз мүмкін. Рашхан Сыдайқызы Алматы қаласында ашылатын «Rash Med» емханасы мен дәрігерлік салаға қалай келгені жөнінде Qamshy.kz ақпараттық  агенттігіне сұхбат берген еді.

Ана арманы

Бала кезде барлығы арманшыл келеді ғой. Мен негізі әскери форма киген қыздарға қатты қызығатынмын. "Тіпті өскенде әскери адам боламын" деп шешіп те қойғанмын. Бірақ тағдыр мені мүлдем бөлек салаға жетеледі. Емтихан тапсырған кезде маған 3 оқу орнынан шақырту келді. Оның бірі педагогика, екіншісі – өзім армандаған әскери қызмет, үшіншісі – көзге ілмей тұрған дәрігерлік болатын. Менің қай саланы таңдайтыным белгілі еді, алайда анам "дәрігер бол" деп қолқалады. Анам: «Сен ертең мейлі сақшы бол, мейлі ұстаз бол, бірақ ол мамандықтың иелері өте көп. Ал сен ауырып жатқан адамға ине салып, дертіне шипа болсаң, ол үлкен сауапты іс. Оның үстіне өмірлік кәсіп болады. Сен дәрігерлікті таңда», - деген еді. Қазақтың бойында әке-шешесінің сөзінен аттап кете алмайтын жақсы қасиет бар ғой. Мен де солай істедім. Бірақ жыл өтпей жатып, анам қайтыс болып кетті. 44 жасында қан қысымы көтеріліп, өмірден озды. Біздің үй мен емхананың арасы небәрі 3-4 шақырым болатын. Анама дәрігерлер келіп, дәрі құйып болғанша инсульт күш бермеді. Сол оқиғадан кейін мен қалайда «дәрігер боламын» деп өзіме мақсат қойдым.

Қазақстанға кеткім келді

Қытай медицина университетінде оқыдым. Ол жерді тәмамдаған соң, жоғары лауазым иеленіп, жұмысқа орналастым. Ауыл, аудан, облыстың барлығында жұмыс істедім. Жоғары қызмет істеп, дәрежем өссе де, аяқ астынан менің арманым Қазақстанға кету болды. Әкем қолдау білдірген соң, барлығын біржолата тастадым да, кетіп қалдым. Әкем: «Егер қиналсаң, қайтып кел. Егер сол қиындықтарға мойымасаң, сенің жеңіске жеткенің», - деді. Қытайда қызметке орналасу өте қиын. Үкімет кәдімгідей қызметті штатпен бөледі. Біз сияқты штатпен жұмыс істей алмай жүрген қаншама адам бар. Бір күні "қызметтен кетем" деп айтқаныммен қоймай, сол жердегі тіркеуімнен шығып кеттім. Ол жердегі жұмысым менің кеткенімді қимай, «сен жассың ғой, албырттық істеп тұрсың», - деп 3 жыл қызмет орнымды сақтап тұрды. Мені ештеңе тоқтата алмады.

Қытайдың миллионы қажет емес еді...

Қазақстанға келгеннен кейін әрине қиыншылықтар болады. Оқыған оқуым бойынша жұмысымды жалғастырғым келді. Сөйтіп Астана қаласынан шағын массаж жасатын кабинет аштым. Менің оқыған құжаттарым әлі рәсімделмей тұрған. Оған қоса, медицина саласының еуропалық стандарттарын да білу керек. Тибет емі, қазақ шөбі деп отыра беруге болмайды. Алматы медицина академиясында алты ай оқыдым. Қайта емтихан тапсырып, сертификат алдым. Ол да маған аздық қылды. Сосын Астана медицина академиясына тапсырдым. 2013 жылы Пекинге барып, 6 ай тұрып, медицина саласындағы білімімді тереңдете түстім. Пекинге Қазақстаннан келіп емделіп жатқан адамдарды көрсеңіз, өте көп. Менің тілім қазақша болғаннан кейін еш қиналған жоқпын. Кейін маған сол жердегі басшы айтты: «Біз сені алып қалайық. Мына жерде көріп тұрсың шетелдіктерге арналған бөлім болғаннан кейін сенің қазақтарың өте көп келеді. Сен қазір Қазақстан азаматы болсаң да, бізде тұрып, қызмет істей берсең болады. Жалақыңды аласың, қосымша пайыз да төленеді», - деді.  Қолыма барлығын қосқанда миллион теңге жалақы беріледі екен. Бірақ жалақыға бола мен ол жерде тұрғым келген жоқ. Еліме қайтып келіп, дереу лицензияға жүгірдім. Сол жылы Астана денсаулық сақтау мекемесінің лицензиясын алып, Астанадан   он бөлмелі клиниканың жұмысын бастадық. Өскемен қаласынан да клиника аштық. Екі жерде жұмыс жүрді. Алматыдан да адамдар келіп емделетін. Сол кісілер "Алматыдан да клиника ашсаңыздар" деп қолқалады.

RASH MED

Тамырмен де 100% диагноз қоюға болады

Бізге келіп емделушілердің ішінде бала көтере алмай жүрген отбасылар өте көп. Біз оларды тексеріп, тамырмен диагноз қоямыз. Кейін басқа да талдаулар жасап, сараптама қорытындысын шығарып, арнайы аппараттармен тексереміз. Негізі тамырмен де 100 пайыз диагноз қоюға болады. Бірақ аурудың салдарын заманауи құралдармен де тексеріп, қорытындылардың барлығын ұштастыру керек. Мысалы, тамырын ұстап бүйрегіне құм бар екенін анықтасақ, оны міндетті түрде УДЗ-мен тексереміз. УДЗ-нің нәтижесі де құм бар деп көрсетеді. Олай тексермесек, қарсы алдымыздағы көмек сұрап келген адам, «менің тамырымды ұстай салып, құм бар екенін қайдан білді», - деп күмән келтіруі мүмкін. "Адамдар екі ойлы болып қалмасын" деп біз барлық амалдармен тексереміз. Тіпті арбаға танылып, жүре алмай қалған адамдарды аяққа тұрғыздық. Алдыма сеніп келген науқасқа жауапкершілікпен қараймын. Менің мақсатым - алдыма келген науқас айықса болғаны.

Дәстүрлі медицинаны түсінбейтіндер көп

Емделушілердің сұранысы бойынша Алматыдан да клиника ашуды жөн көріп отырмыз. Осы жерде өзімді қосқанда 5 дәрігер жұмыс істейтін болады. Әзірге гинекология, урология бөлімдері бар, 700-ден астам қан талдауын шығарамыз, массаждың 7-8 түрі бар, қан алу – хиджама жасаймыз, сынықшы да бар, қазақи еммен емдейтін емші-дәрігер де бар. Мен басында бұл жердің қазақи емшілігіне таң қалдым, өйткені Қытайда қазақ емшілігі, қазақ емханасы кәдімгі  медицина тұрғысынан зерттелген. Қазір дәстүрлі медицинаны көп адам түсінбейді. Біз 15 ғасырда Жәнібек Керей хан тұсындағы Өтейбойдақ Тілеуқабыл атамыздың «Шипагерлік баяны» атты еңбегін пайдаланамыз. Ол бізге 100% жетпесе де 50%-мен жұмыс істеп жүрміз. Көбісі қазақ емшілігі десе, шатасып қалады. Біз соны түсіндіруіміз керек. Инемен емдеу курсын да ашу ойымызда бар. Оларға сертификатты өз қолымыздан беретін боламыз.

Түрлі емдік шөптерді зерттеу орталығын болашақта құруды жоспарлап отырмыз. Қазір шөптердің бірін теріп алсақ, бірін сатып алып, Қытайдан тасып киналып жүрміз. Біздің маңайымыздың барлығы шөп. Ендігі жоспарда біз ешқашан сатып алмауға тырысамыз. Көп емдік шөптер Қатонқарағай жақта өте жақсы өседі. Аяқтың астында жатқан бақбақты да біз дәрі орнына пайдаланамыз. Шығыс медицинасын да түсінбей жататындар көп. Ақша билеп кеткен заманда, біреу уқалап массаж жасайтын болса да, шығыс медицинасының атын жамылады. Мен адамдардың алдымен дәрігерге барып толық тексеріліп, кеңес алып ары қарай жаңылмай емделсе екен деймін.

Біз жұқпалы ауруларды қабылдамаймыз

Біздің клиникада шығыс медицинасы, қазақ медицинасы, батыс медицинасы қосылады. Біз де барлық талаптарға сай толыққанды емхана қалыптастыруға талпынып жатырмыз. Күрделі асқынып кеткен жұқпалы ауруларды қабылдамаймыз. Өте әлсіз адамдар болса, тамырына витаминдер енгіземіз. Пневмониямен ауыратын науқастарды қабылдай алмаймыз, өйткені оған дереу ампициллин, цефазалин салмаса қабынып кетеді. Рактың алғашқы мезгілін қабылдай аламыз, ал соңғы мезгілін, химияға баратын жағдайда болса, біз бір минутқа да ұстауға хақымыз жоқ. "Сол жерге барып, дәрігерлердің айтқаны бойынша ем алыңыз" дейміз Бірақ химиядан кейін келіп витамин алып, емделетіндер өте көп. Жұқпалы бауыр аурулары бар жұғатын, оларды да мен қабылдай алмаймын. Арнайы бір жұқпалы аурухана болмағаннан кейін басқа емделушілерге жұғып кетуі әбден мүмкін. 

Rash Med

Бір ауыз сөз жанға дауа

Қазіргі медицинаның түп атасы – Шығыс медицинасы. Шығыс медицинасының, өздеріңіз де білесіздер, 5 мың жылдан астам тарихы бар. Ал батыс медицинасының ары кетсе, 200 жылдық тарихы бар. Біздің игергенімізбен 100% мықтымыз дей алмаймыз. Ең болмағанда біз соның 40%-ын іске асырып жатырмыз. Біздің мамандық өмір бойы кітап арқалап өтетін мамандық. Қазір психологиядан да қосымша магистрлік қорғап жүрген жайым бар. Адамдарға психологиялық тұрғыдан да қолдау керек. Біздің мамандыққа бәрі керек. Кейде дәрімен емделмейтін ауруға, бір ауыз сөз шипа болуы мүмкін.

Қазақстанға келіп неге орыс болуым керек?

Алғаш дипломымды осы жерге сәйкестендіргеннен кейін қуанғаным, жоғары білімімді байқап барлық ауруханалардан орын берді. Қол жетпейтін Астанадағы Президент емханасынан орын берді, кейін «Ана мен бала» емханасынан да орын табылды. Тіпті аудан әкімдері "үй барлығын реттеп береміз, біздің ауруханаға бас дәрігер болып келсеңіз" деп ұсыныс білдірді. Мен олардың барлығынан бас тартқаным, ол жердің емханаларын көзге ілмегендіктен емес. Барлығымыздың мақсатымыз бір – адам жанын арашалап қалу. Оның барлығының себебі, орысша оқымағанымда болды. Бізде медицина ғылымы түгел орысша жазылған. Медицинада оқып жатқанымыздың барлығымыз қазақ болсақ та, сабақ орысша жүргізілетін. Жұмыс ұсынғанда маған: «Сіз қиналмайсыз, жаныңызда көмекші болады, сіздің айтқаныңыздың барлығын жазып отырады», - деді. Мен оның шимайлаған орысшасын танымай, бір күні қол қойыңыз десе қателесіп, түсінбей қол қойып жіберуім мүмкін ғой. Дәрігер қателеспеу керек. Өйткені сенің қолыңда адамның тағдыры тұр. Сол себепті "лицензиямды алып, жеке істеймін" деп шештім. Ол менің өзгелерге сенімсіздікпен қарауым емес, орны толмас қателікке бой алдырғым келмеді. Біздің медицина жаман деп айта алмаймын. Алғаш 2005 жылы келгенде төмен екенін білдім. Бірақ қазір біздің медицина дамып келе жатыр. Шетелден оқып келген мамандар көп. Тіпті Жапониядан оқып келіп жатыр. Қытайдың өзінде Жапониядан оқып келген мамандар бар, бірақ сирек 

Бірақ жүрегіңді ауыртатыны, бір орыс жоқ медицинаның ішінде бәрінің орысша сөйлейтіні. "Біз қашан қазақ боламыз" деп кейде жүрегім ауырады. Медициналық академияда оқығанда барлығымыз қазақпыз, бірақ сабақ орысша жүргізілетін. "Сізге қиын болып отыр ма?" деп жиі сұрайтын. Өйткені мен мұғалімнің айтқандарын дереу компьютерге түсіріп, аудармамен аударып отыратынмын. Компьютерімді арқалап жүріп, барлығын түсініп алдым. Мен сертификат аларда қазақша тапсырайын десем, сұрақтардың барлығы орысша. Мен келгелі бері орыс тілін 100% игерсем, игеріп алатын едім. Бірақ ойладым, "Қытайда сонша жыл жүріп қытайша оқыдым, Қазақстанға келіп неге орыс болуым керек?" деп. Содан мен орысшаға мойынсұнбай қойдым. Осы кәсіпке еніп кеткеннен кейін ести-ести құлағымыз да үйренді. Амал жоқ үйрендік.

Әр жұма тегін емдейміз

Біздің емханада әр жұма сайын арнайы жеңілдіктер қарастырылатын болады. Кейбір ем қабылдайтын науқастарды тегін емдейміз. Мысалы, қарттар үйіне барып, тегін массаж жасап береміз, сырқаттары болса тегін қараймыз. Жетімдер үйінің балаларына да тегін сауықтырулар жүргіземіз. Барлығымыз да адамбыз. Адам болғаннан кейін бір-бірімізге жақсылық жасауымыз керек. Мен адамдардың барлығына мейіріммен қарау керек деп ойлаймын. Алдыма келген әрбір науқастың дертіне дауа тапқым келеді. Оны өзімнің дәрігерлік борышым деп есептеймін.

 Сұхбаттасқан: Маржан Сәбет

Marzhan Sabet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір