• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 13:32:45
Алматы
+35°

26 Мамыр, 2019 Саясат

Айтыскер ақын Ринат Заитов Youtube желісіндегі NURSILA каналының "Ой түбінде жатқан сөз" бағдарламасына сұхбат берді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Сұхбат барысында Ринат Заитов өзінің қоғамдағы орны, айтыскер ақындар, өнер адамдары, алда келе жатқан сайлауға және қазіргі Қазақстан билігіне көзқарасы туралы айтты. 

"Халықтың сөзін сөйлеу – міндетім деп білемін"

Жүргізушінің "халық сенің ақындығыңды емес, қоғамдағы белсенділігіңді бағалайтын тәрізді. Қоғамда қандай да бір оқиға орын алса, соған байланысты бір айтса, Ринат айтар деп сенің пікіріңді тыңдауға асығатындар бар. Өзіңе осы екі қырыңның қайсысы ұнайды? Ары қарай қайсысын жалғастыратын ойың бар?" деген сұрағына ақын:

"Менің түсінігімде екеуі бір-бірінен ажырамайтын нәрсе. Менің ақындығым, танымалдығым, тойдан тапқан табысым өзіме жетеді. Билікті мақтап қойып, бір жерге жұмысқа кіріп алуға беделім де, мүмкіншілігім де бар. Бірақ менің ішкі ұятым ондай бей-жай болуға жібермейді. Талай рет сахнада "Ринатқа жүлде беріңдер" деп шулаған, менің амандығымды тілеп, батасын беріп жүрген халықтың қошеметін ең болмаса осылай халықтың ішінде айта алмай жүрген нәрсесін айтып қайтаруым керек қой. Ол  – менің міндетім",  – деп жауап берген Заитов айтыскер әріптестерінің халықтың сөзін айтуға келгенде, қымсынып қалатынын жасырмады. 

"Бір дастарханда отырғанда – бәрі батыр. Ал сахнада басқаша. Қарапайым мысал, өткенде біздің одақтың (рАйтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы-ред) құрылтайы өтті. Сонда Жүрсін Ерман "Үкімет менің кандидатурамды қолдамады. Егер сенің кандидатураң ұсынылатын болса, біз бәрібір өткізбейміз, сондықтан айтысыңды жауап тастамасын десең, сен бізді қолда деп айтты" деп айтып алып, "енді біз одақ болып Тоқаевты қолдаймыз. Қолдаймыз ба?" дегенде ақындардың 99 пайызы қолдаймыз деп қол көтерді. Бұл нені білдіреді? Сахнада домбыраны дыңғырлатып "елім, халқым" деп айқайлайтын ақындар көп, бірақ осындай сын сағаты таяғанда сол баяғы малдық психология, қолын көтер десе, көтереді, түсір десе, түсіреді, жат десе, жатады",  – деп әріптестерін сынға алды. 

"Бұлттың ішінде емес, ұлттың ішінде жүру"

Сондай-ақ, ақын қазір өнер адамдары халықтан өздерін биік қоятынын айтты.

"Сахнаға шыққандарын міндет қылады қазір өнер адамдары. Құдды бір халық солардың арқасында халық болып отырған сияқты. Қазір көптеген өнер адамдарының "Мен өнер адамымын ғой, мені төрге шығарыңдар, сыйлаңдар" деген сасық кеуделері бар. Ондайлар бұлттың үстінде отыр",  – деген Ринат Заитов өзі айтқан өнер адамдарын "Бұлттың ішінде емес, ұлттың ішінде жүруге"  шақырды. 

"Қойшы саясаткер болмағанда, қайтеді?"

Ақынның ойынша, қазір биліктегі адамдар өз жұмыстарын дұрыс атқармай һәм халықтың игілігіне жұмыс атқаратын азаматарға мүмкіндік бермей отырғандықтан, халықтың бәрі саясаткер болып кеткен. 

"Біздің Қазақстанда Ресеймен де тең сөйлесе алатын, қазақтың шикізатын өндіре алатын, қазақтың шикізатын Ресейдің көмегінсіз-ақ, шетелге шығара алатын жігіттер болды. Мұхтар Жәкішев, Ғалымжан Жақияновтай жігіттер болды ғой. Бәрін не істеді? Бәрін соттап жіберді. Неге біз өзіміздің сондай іскер жігіттерімізді өз қолымызбен құртып алғаннан кейін халықтан көреміз. Осыдан кейін қойшы саясаткер болмағанда қайтеді? Олар да көріп отыр емес пе, осының бәрін. Біздің қазір сеніп отырған депутаттарымыз бес бала өлгенде жыламайды, Назарбаев орнынан кетсе еңіреп отыр. Олар саясатпен айналысып отырған жоқ қой. Олар тек жеумен, өздерін байытумен, халықты алдаумен ғана айналысып отыр. Осыдан кейін халықтың бәрі саясаткер болмағанда не істейді",  – деді ақын қазіргі биліктің ұстанып отырған саясатын сынға алып.

"Халықтың жағдайын ойласа, қазіргі үкімет әділ сайлау өткізсін"

"Біздің үкімет қазір бізді адам санауды қойды ғой. Жалпы бізді жаны бар нәрсе деп санауды қойды қазір. Менің ойымша, билік қазір сайлауды әдеттегідей істей саламыз деп отыр. Шулаған қазақ қайда барады деп ойлап отыр. Бұлар оның аржағында не болатынын сезініп отырған жоқ. Егер билік осы мемлекеттің тыныштығын, біртұтастығын ойласа, әділетті сайлау өткізсін. Мүмкіншілік берсін. Қасым-Жомарт Тоқаев дебатқа шықсын. Халықтың алдына шығып сөйлесін. Бірақ Тоқаевтың дебатқа шығып сөз тайталастыратындай қазақшасы бар деп ойламаймын. Тоқаев мырза маған ренжімесін. Мен ол кісіні өз ойымен ойланып отырған адам деп ойламаймын. Өйткені, өткенде Семейге барды. Қанша жыл зарлап жатқан Семей, ең болмаса, осы сайлаудың алдында өзіне ұпай жинау үшін облысты ашып жіберсе болатын еді ғой. Жоқ! Барғандағы берген уәдесі не? "Мен Абайдың 170 жылдығын жоғары деңгейде өткіземін" дейді. Осы ма, сонда берген уәдесі?! Жұмыссыз отырған халыққа той қажет емес қазір. Тойлайтын емес, ойлайтын заман. Сондықтан халықтың жағдайын ойласа, қазіргі үкімет әділ сайлау өткізсін. Бірақ осы уақытқа дейін халыққа жаны ашымаған үкімет тағы да өзінікін істейді деген қорқыныш бар", – деген ақын алда келе жатқан сайлаудың әділ өтетініне толықтай сенімді емес екенін білдірді.

Сұхбаттың толық нұсқасын төмендегі видеодан көре аласыздар.

Видео Youtube-тағы NURSILA каналынан алынды

Дайындаған: Мият Кәшібай

 ♦Оқи отырыңыздар: Ринат Заитов: Сайлау әділетсіз өтсе, халық алаңға шығатына кепілдік беремін

 

Мият Кәшібай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір