19 Желтоқсан, 2018 NEWS
Саусақсыз суретшінің туындылары талайды тамсандырды
Автордың картиналарын алғаш көргендер нағыз кәсіби маманның қылқаламынан туған деп ойлап қалуы әбден мүмкін.
Ақтөбелік жас суретшінің туындылары талайды таңқалдырды. Автордың картиналарын алғаш көргендер нағыз кәсіби маманның қылқаламынан туған деп ойлап қалуы әбден мүмкін. Алайда, 24 жастағы Василий Морозовтың суретшілікке ден қойғанына бір жылға да толмаған. Жас жігіт он саусағынан айрылғанына қарамастан, кәнігі суретшілермен иық тіресе еңбек етіп, үлкен жобалардың басы-қасында жүр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
2016 жылдың қаңтары Василийдің өмірін түбегейлі өзгертті. Колледжді тәмамдап, электро-механик болып жұмыс істеп жүрген жігіт қайғылы жағдайға ұшырап, екі қолын қатты үсіп қалған. Ақтөбе, кейін Ресейдің дәрігерлері ота жасап, 22 жастағы жалындап тұрған жігіттің қолын кеспеске амал жоқ екендігін айтады. Пышаққа түскеннен кейін біраз қиналады. Сол кезде дәрігерлер қолды қимылдатып, көбірек жаттығу жасауға кеңес беріпті. Василий дереу қолына қарындашты алғанын айтады.
«Бір жыл бойы аурухана жағалап жүрдім. Дәрігерлер қолың жақсы жұмыс істесін десең, жаттығу жаса деді. Бұрын-соңды сурет салуға тіпті ебім болған жоқ. Осы жағдайға тап болғаннан кейін, қарындаш ұстап көрдім. Бірте-бірте бейнелеуге қызығушылығым артты. Осы студияға былтыр қаңтарда келдім. Қарындашты ұстаудан басқа түк білмейтінмін. Осы жерде акрильмен, түрлі-түсті бояумен жұмыс істеуді үйретті», - дейді суретші Василий Морозов.
Василий бір жылдың ішінде әбден төселген. Қарындаш, қылқаламмен графикадан бастап, портрет, пейзаж, кез келген жанрда картинаны бейнелей алады. Ең бастысы табандылық. Егер кәсібіңді сүйсең, талпынсаң, алынбайтын қамал жоқ. Жас жігіттің өмірлік ұстанымын достары да құптайды.
«Василий жақсы суретші. Біз оны жобаға шақырдық.Ол сондай мейірімді адам.Біз онымен танысқанымызға, кездескенімізге қуаныштымыз» - дейді В.Морозовтың досы, әріптесі Әйгерім Мағжанова.
Әріптес досы Әйгерімнің айтқан жобасы «Өнер сити». Яғни, Василий Морозов достарымен бірге әлеуметтік жобаны жүзеге асырып отыр. Олар өздерінің дизайнерлік шеберханасында жарымжан балаларға арналған арнайы сенсорлық ойыншықтар әзірлейді. Бұл баланың моторикасын дамытуға көмектеседі екен. Ойыншықтарды кескіндеу, пішінін ойлап табу Василийге жүктелген. Жас жігіт мұнымен шектеліп қалмақ емес. Алда жеке көрмесін өткізіп, шығармашылығын шыңдауды жоспарлап отыр.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір