• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 15:56:38
Алматы
+35°

01 Тамыз, 2018 Саясат

Халықаралық құқық негізге алынып, Сайрагүл Сауытбай бостандыққа шықты

Балалары Үкіліай мен Ұлағаттан бөлініп қалуы — ана бала құқығын қорғайтын халықаралық шарттардың Қытай тарапынан бұзылғаны деп түсіндірді.

«Шекарадан заңсыз өтті» деп айыпталған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың ісіне қатысты сот үкім шығарды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Сот Сайрагүл Сауытбайды ҚР ҚК 392 бабының 1 бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, 6 ай бас бостандығынан айырып, 63 бабының негізінде оны бас бостандығын шектеуге ауыстырып, сот залынан босату туралы үкім шығарды. 

Qamshy.kz ақпарат агенттігі этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтару туралы істі жіті бақылап, ең бірінші  болып ақпарат жариялаған болатын. 

Сайрагүл отбасымен

Айта кетейік, бүгін Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтару мәселесі Алматы облысының Панфилов аудандық сотында қаралып, жарыссөз өткен.

Прокурор соттан ҚР Қылмыстық кодексінің 392 бабы, 1 бөлігі бойынша 6 ай бас бостандығынан айыруды, жазасын өтеу мерзімін тұтқындалғанынан бері қарайғы 23 мамырдан бастап есептеп,  тұрғылықты мекенжайы бойынша пробациялық бақылауға алуды және сот залынан қамаудан босатуды сұрады.

Сөз алған айыпталушы «Қытайдан қатты қыспақ көріп, адам нанғысыз бастан кешірдім. Тарихи отанымызда өмір сүру үшін 2016 жылы елге келмек болдық, менің төлқұжатымды тартып алмаған болса заңды түрде отбасыммен бірге келген болар едім. Оған Қытай жақ кінәлі деп есептеймін», - деп өзінің елден жырақтап қалуы мен шекарадан заңсыз өтуі туралы түсіндірді. «Осы қайғының өзі де маған жеткілікті, екі балам үшін жанымды беруге бармын» деп ашына жауап берді.

Ал, қорғаушы, адвокат Абзал Құспан Айыптаушының сұраған жазасымен келісетінін айтты. Кез келген қылмыстың жасалу себебін анықтамайынша салдарымен күресуді мәні жоқ екенін айтты. «Не себепті осындай қылмыс жасалды?» деген сұрау тастай отырып, Қазақстан ратификациялаған халықаралық заңдарға назар аударды. Балалары Үкіліай мен Ұлағаттан бөлініп қалуы — ана бала құқығын қорғайтын халықаралық шарттардың Қытай тарапынан бұзылғаны деп түсіндірді. Адвокат шетелдік құқық қорғау ұйымдарының, HRW-дың, Германияның адам құқықтарын қорғау ұйымдарының Қазақстан президентіне хат жазғанын, New York Times, Washington Post сияқты халықаралық басылымдарда 200-ден астам мақала жазылғанын да айта кетті. Қорғаушы «Пана іздеуші тұлға» куәлігі табыс етілген Сайрагүл Сауытбайға БҰҰ жанындағы босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссариат өкілдерінің алаңдаулы екеніне де назар аударды. Бұл жерде бір ғана адамның тағдыры емес тағдыр таразысында Қытайда қыспақ көріп жатқан мыңдаған қандастың өмірі тұрғанына назар аударды. 

Айта кетер болсақ, Сайрагүл Сауытбайға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392 - бабы шекараны заңсыз бұзып өту бойынша айып тағылған. Сотқа халықаралық басылымдардан да журналистер қатысқан.   

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір