• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 18:13:21
Алматы
+12°

07 Қыркүйек, 2018 Әлеумет

"Жат жерде көз жұмған бауырымның Сирияда қалған балаларын елге қайтара алмай отырмыз"

Біз 90 отбасымыз. Сол 90 отбасының 135 кішкентай бүлдіршіндері біреуге немере, біреуге бауыр.

Алты жыл бұрын Мысыр еліне отбасын алып, араб тілін меңгеруге кеткен қарағандылық ауған-пәкістан шекарасында белгісіз жағдайда жолдасымен бірге көз жұмған. Ал артынан қалған балалары болса, Сирия мемлекетінде белгісіз біреулердің тәрбиесінде жүрген көрінеді. Қазақстанға келіп имам боламын деген азаматтың жоспары неліктен өзгерді? Жалпы елімізде бауырлары мен балаларын күтіп отырған қанша отбасы бар? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Ғанибет Тәжмағанбетова соңғы рет аға-жеңгесімен бес жыл бұрын сөйлескен. Мысырдың Александрия қаласына аттанған азамат араға жыл салып Пәкістан  жерінен бір-ақ шыққан. Содан кейін байланыс үзілген. Тек, араға 5 жыл салып Қарағанды облысының экстремизммен күрес бөлімі Ғанибет Тәжмағанбетованы шақырып, аға-жеңгесінің және олардың үлкен ұлының көз жұмғанын жеткізген. Сондай-ақ, жат жерде Аделя есімді қызы мен  Әбдірахман деген ұлының қалғанын айтқан.

«Мен жалғыз емеспін бұл Қазақстанда осындай қиын жағдайда отырған. Біз 90 отбасымыз. Сол 90 отбасының 135 кішкентай бүлдіршіндері біреуге немере, біреуге бауыр. Соларды жеткізу үшін жан жаққа хат жазып, список бойынша жүгіріп жүрміз. Көп адамдар западный Казахстаннан. Сол аналар 1,5 жыл бұрын уат сап чат ашқан ғой. Кім не біледі дегендей. Көбісі ештеңе білмейді» - дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Ғанибет Тәжмағанбетова.       

Балалардың аман-есен екенін Ғанибетке Сириядан әлеуметтік желі арқылы  хабарласқан Айдана деген келіншек жеткізген. Оларды өз тәрбиесіне алғанын айтыпты. Бексейітов Еркін мен Теміржанова Индираның шекара қайтыс болғаны жайлы құжаттан басқа нақты дәлел қазір жоқ. Бұған қоса, олардың теріс ағым жетегінде кеткеніне қарындасы сенбейді. Ендігі оның мақсаты - жалғыз ағасынан қалған балаларды елге қайтару.

«Үкіметке үмітіміз біздің, мен және 90 аналар Қазақстан бойынша біздің 135 бүдіршінді сол жақта он сегізге толмаған, кәмелеттік жасқа толмаған. Біздің Қазақстанның азаматтары олар. Ол балалардың құжаттары болмаса да, біз днк арқылы дәлелдейміз. Оған бәріміз келісімімізді береміз. Мен сияқты қарындастар, менің мамам сияқты аналар жылап отыр. Ол балалардың ешқандай кінәлары жоқ қой деп ойлаймын мен» - дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Ғанибет Тәжмағанбетова.  

Балалар қазір Сирия мемлекетінің Абу Кемал аумағы маңындағы Сусо деген ауылда,- дейді Ғабинет Тәжмағанбетова. Оларды қайтару үшін Президент әкімшілігіне, Сыртқы істер министрлігі мен бірқатар жақын орналасқан мемлекеттердің Қазақстандағы елшіліктеріне арыз жазған. Бұл істің оңды шешілуі тым қиын дүние емес. Мамандар осындай пікірде.          

«Қайтару керек. Баланың ешқандай кінәсі жоқ. Бала деген мақта сияқты ғой. Айтқанның бәрін жұта береді. Әрине, сол жерде бола тұра оған кері идеологияны тықпалады, оны қабылдады. Бірақ оны осы жаққа әкеліп түзеп алуға болады. Дұрыс жұмыс жасап бетін қайтаруға болады» - дейді тарих ғылымдарының докторы Асылбек Ізбайыров.

Ғанибет Тәжмағанбетованың қолында бар дерек бойынша кәмелет жасқа толмаған Сириядағы қазақстандық жеткіншектердің саны –135. Бірақ, өткен жылдың соңында өткен жиында жат ағымның жетегінде кеткендердің басы қосылған аймақта балалардың саны одан да көп екені айтылған болатын. 

«Бірден айтайын Сирия, Ирак аумағында 16 жасқа толмаған 390 бала қалып отыр. Олардың 214-і ұл, 176-ы қыз бала. Бұл аз адам емес. Біздің алдымызда көптеген атқарылатын шаруа тұр» - дейді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков.

 

Осыдан 9 ай бұрын от мен жанжалдың құрсауынан 63 бала құтқарылған еді. Тағы 50 жеткіншекті қайтаруды жоспарда болған. Егер аталған бағытта жұмыс тоқтамай жалғаса беретін болса, жат жерде жүрген жастардың аяғы туған жердің топырағына тиеді.

«Әуелі анықтап алу керек. Қанша бала бар, қандай жағдайларда қалды. Балалардың ешқандай кінәсі жоқ қой. Дипломатиялық жолмен қайтарып алуға болады. Бірінші анықтау керек оларды. Енді әртүрлі цифрлар бар да. Сондықтан ата-аналары кінәлі болған шығар. Ал енді олардың балаларының ешқандай кінәлі жоқ. Осы бағытта Сыртқы істер минитсрлігімен ьбірлесіп жұмыс жасауға болады» - дейді ҚР Парламенті сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы.

Құшақ-құшақ құжатты бірқатар жауапты органдарға апарып, алыста қалған бауырларына арашашы болғысы келетін  Ғанибет Тәжмағанбетоваға күтуден басқа амал жоқ. Егер Сыртқы істер министрлігі мен шетелдік елшіліктер шаруаны қолға алса бәлкім сүйінші жаңалық болып қалар. Бастысы, балаларды елге әкелу. Әрі қарай теологтар мен кәсіби психологтар өз көмегін ұсынады дейді мамандар.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір