Астанада «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына бес жыл толуына орай ұйымдастырылған «Тектілер ту көтереді» республикалық журналистер байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты жиынға бірлестіктің құрылтайшысы, жоба авторы Нұркен Асанов, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Нұркен Асанов қазіргі күрделі геосаяси жағдайда қоғамның бірлігі мен ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесінің өзектілігіне тоқталды. Оның айтуынша, елдің бейбіт өмірі мен тұрақтылығын бағалай отырып, азаматтық қоғамды нығайту, адами және ұлттық құндылықтарды дәріптеу – ортақ міндет.
– «Тектілер ту көтереді» қағидасы – елдік мүдде, ұлт болашағы мен ұрпақ келешегі жолындағы ағартушылықтың ұраны. Қоғамды ізгілікке, бірлікке бастайтын азаматтық жауапкершілікті күшейтуіміз қажет, – деді Нұркен Асанов.
Байқауға еліміздің барлық өңірінен 50-ге жуық баспа, интернет-басылым, радио және телеарна журналистері қатысып, ұлттық тәрбие, қоғамдық сана, ортақ жауапкершілік, рухани мұра және азаматтық ұстаным тақырыптарындағы шығармаларын ұсынды.

Қазылар алқасының шешімімен төрт негізгі номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. «Баспа басылымындағы үздік мақала» аталымында Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің бас редакторы Жанаргүл Қадырова, «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» аталымында Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Мақпал Жұмашова, «Республикалық баспа басылымындағы үздік мақала» номинациясында «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Сәндібек Пренов, ал «Үздік радио немесе YouTube бағдарламасы» аталымында «Шалқар» ұлттық радиоарнасының журналисі Гүлнұр Омарханқызы жеңімпаз атанды.


Арнайы жүлделер Qamshy.kz ақпарат агенттігіне, Павлодар облыстық «Ertis» және Қызылорда облыстық «Qyzylorda» телеарналарына, «Мұнара» газеті мен KAZ365.kz интернет-порталына, «Jambyl-Taraz», «Ortalyq Qazaqstan» газеттеріне, Kazinform халықаралық ақпарат агенттігіне, Dauletten.kz сайтына, Президент телерадиокешенінің JIBEK JOLY радиосына және Павлодар облыстық Halyq радиосына табысталды.

«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлшат Серікбекова байқаудың негізгі мақсаты қоғам игілігі үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың қызметін насихаттау екенін айтты.
– Тектілік – тек шыққан тегіне байланысты ұғым емес. Ол – адал еңбек, елге қызмет ету, азаматтық ұстаным мен жауапкершілік. «Тектілер ту көтереді» бастамасы қоғамдық мәселелерді шешуге атсалысуға дайын азаматтарды ортақ мақсатқа біріктіреді, – деді ол.
Іс-шара барысында сөз алған қатысушылар ұлттық рухты, азаматтық сананы және қоғамдық жауапкершілікті қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының орны айрықша екенін атап өтті. Олар журналистиканың қоғамдағы оң өзгерістерге серпін беретін маңызды күш екенін айтып, осындай шығармашылық байқаулар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.