ҚМДБ Исматулла Мақсұмға қатысты ресми мәлімдеме жасады

/uploads/thumbnail/20261001154909298_big.webp muftyat.kz

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Исматулла Мақсұм есімімен танылған азаматқа және оның қолдаушыларына қатысты бірқатар сұхбаттар мен жазбалар жарияланып, талқылануда  

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Исматулла Мақсұмға қатысты ресми мәлімдеме жариялады.

«Исматулла Мақсұм және оны қолдаушылардың Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына ешқандай қатысы жоқ екендігін мәлімдейміз. Олардың әрекеттері мен діни ұстанымдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымымен сәйкес келмейді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұған дейін де олардың әрекеттері мен діни ұстанымдарына қатысты ресми мәлімдеме жасаған.

Дінімізде адам баласына зорлық-зомбылық жасау, қорқыту, біреудің ақысына қол сұғу, адамды мәжбүрлеу ауыр күнә болып саналады», - деді ҚМДБ.

«Ислам діні адамзат баласын ізгілікке, өзара құрмет пен ынтымақ-бірлікке үндейді» деген ҚМДБ Қожа Ахмет Ясауи мұрасы қандай да бір топтың жеке мұрасы емес екендігін баса айтқан.

«Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың есімі мен рухани мұрасын қандай да бір жеке тұлғаның немесе топтың теріс діни пиғылда өз мүдделеріне пайдалануға болмайтынын жеткіземіз. Себебі Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мұрасы – халқымыздың сан ғасырлық рухани қазынасы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халқымызды дін атын жамылып, өзінің ғана діни ұстанымын дұрыс санап, адамды өзіне тәуелді етуге және соқыр сенімге үндейтін кез келген ортадан сақ болуға шақырады», - делінген ресми мәлімдемеде.

Related Articles