САЙЛАУ НАУҚАНЫ НЕМЕСЕ КҮМӘНІ КӨП ТАНДАУ

/uploads/thumbnail/20261110162455489_big.webp автор

Халық қалаулысы болуға ниеттілер тотыдай таранып, сұңқардай сыланып сайлау алды 

науқанға білек сыбана кірісіп кеткен сыңайлы. Асылы , халық қалауы ма , жоқ басқаның таңдауы ма, оны өздерінің арларына салайық. 

Сайлау болғасын барлығы заң аясында шыныдай таза , мүлтіксіз орындалуы міндет. 

Бірақ Жезқазған қалалық сайлау округінің айналасында өте күмәнді мәселе жүріп жатқан секілді. 
Жезқазған қаласы бойынша жалпы саны 13 - сайлау округінің әрқайсысында небәрі екі кандидаттан тіркелген. Кейбір округтерде бір мекеменің басшысы өзінің қоласты қызметкерімен додаға түссе,  басқасында блогер мен оның мобилографы бір округте болуы таң қалдырады ?   Бұл бәсекелестіктің қаншалықты деңгейде екенін көрсетіп тұр. 
Аса назар аударатын жайт,   әкімшілік сайтында бастапқыда  аталған  кандидаттардың ресми жұмыс орындары көрсетілсе, араға күн салмай  аяқ астынан "жұмыссыз" болып өзгертіле салған. Бұл сонда кандидаттар қызметтес емес деп халықты жаңылыстыру ма? Өз кезегінде бұл деректер   басқа ақпарат көздерімен сәйкес келмеуіне байланысты,  жеке мәліметтерді бұрмалау орын алып отыр деп есептейміз. Саяси салмағы бар мәселеге  аталмыш кандидаттардың өздері не айтары бар?  Орталық сайлау комиссиясы назарына, аталған ресми ақпарат сайлаушылар таңдауына ықпал етуі себепті,   сайлау  нәтижесін заңсыз деп тануға негіз болуы мүмкін ғой? 
 Осы орайда  халықтың сеніміне ие болған, елге адал қызмет етуді мақсат тұтқан азаматтар қашан мәслихат төрінен орын алады деген сауал туындайды. 
«Сарыарқа» қоғамдық бірлестігі мен тәуелсіз көзқарастағы бірқатар азаматтардың бұл сайлауға қатысудан бас тартуы билікке ой салды ма? Әлде еркін ойды одан әрі тұншықтыру  негізгі мақсат па еді? Шынында сұрақ көп. 

Кешегі АҚШ-та өткен сайлауды көріп отырып, еріксіз қызығасың, іштей сүйсінесің. Саяси бәсеке, ашық тартыс, халықтың таңдауы дегеннің қандай болатынын көресін. 

Бізге де әділ бәсекеге негізделген, нәтижесіне ешкім күмән келтірмейтін шынайы сайлау бұйырар ма екен? Әлде әділ сайлау өткізу қазақ елінің маңдайына жазылмағаны ма?

Осыған байланысты еліміздің  Орталық сайлау комиссиясынан, Бас  прокурордан Жезқазған қаласындағы барлық 13 сайлау округінің  кандидаттары мен олардың бәсекелестері арасындағы ықтимал қызметтік, туыстық, іскерлік байланыстарды,  кандидаттардың  жеке мәліметтерінің  шынайлығын, жеке деректерді  жариялаған ресми ақпарат көздерін заң аясында жан-жақты әрі шұғыл тексеруді талап етеміз.

Тексеріс нәтижелері нақты деректер мен дәлелдерге сүйене отырып, қоғамға жария етілуі қажет.


Құрметпен: «Сарыарқа» қоғамдық бірлестігі.

Related Articles