«Жүре берсең – көре бересің» деген рас екен. Бұл қағидаға қатысты таң қаларлық жағдайлар Қазақстанда тіпті көп кездеседі. Ел сенген ағаларымыз айдың-күннің аманында ана тіліне қарсы шығып жатса, бұқараның қамын жейді дейтін басшылардың бірі жеке басын күйттеп жемқор атанып жатады. Басшыны былай қойып, билік пен байлықтан тысқары жүргендер де тыныш отыра алмайтын болды. Мұны жақында ресейшіл саясат ұстанатын «Караван» газетінде жарияланған тарихшы Гүлнара Меңдіқұлованың сұхбатын оқығаннан кейін айтып отырмыз.
Бұдан сәл бұрынырақ «Қара жорға» биі қазақтікі емес деп «жаңалық» ашқан апамыз мына орысшыл басылым бетінде сырттағы қазақтарды тағы бір түйреп өтуді жөн көріпті. «Қазақ диаспорасының тарихы» тақырыбында докторлық қорғаған тарихшы елге келіп жатқан қандастарға күдікпен қарайтынын жасырмапты.
«Менің докторлық жұмысымның тақырыбы «Қазақ диаспорасының тарихы». Бұл оралмандар мәселесімен тығыз байланысты. 90-жылдардың басында қазақтар Қазақстанға орала бастады. Сондықтан, репатриация мәселесін көтеру қажет болды. Өз жұмысымда мен қазақтар өз тарихи отандарына қандай жолмен келетінін зерттеуге мән бердім. Елге қандастарымыздың оралу идеясы құптарлық іс. Алайда, бұл жерде кімдер және қалай келіп жатыр деген мәселе бар. Яғни, олар не себеппен келуде? Олар келген елдерінде жақсы өмір сүрді ме? Қазақстанға келуге не себеп болды? Мұнда қандай мәдени, әлеуметтік мәселелерге тап болуда? Олардың өмірлік мақсаттары қандай? Балаларын болашақта осы жерде оқытып, осында орнығу ма, жоқ әлде жай ,ана қазақ жеріне келіп тәу ету ме? Әркімнің өз себебі бар. Соларды зерттеу керек.
Кеңестік кезеңде де бірнеше репатриациялық толқындар болды. Мысалы, Қытайдағы мәдени төңкеріске байланысты елге көшкендер болды. Мұнда адамдар үнемі көшіп келіп жатты. Бірақ, жаппай көшу болмады. 1991 жылы Моңғолия қазақтарын көшіруге әрекет жасалды. Баян Өлгий, Қобда аймақтарынан қазақтарды Шығыс Қазақстанға, солтүстік облыстарға ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын дамыту үшін көшіру жоспарланды. Сол жылдардағы мұрағат құжаттары осылай дейді. Одан кейін 1993 жылы Иранмен Ауғанстандық босқын қазақтарды қабылдау туралы келісім жасалды. Осы кезеңде мемлекеттік тетіктер іске қосылып, көші-қон туралы заңның негізі қаланды», - деп отырған тарихшыға «Караван» тілшісі «Бірақ, қазақтардың өз тарихи отанына оралуының басқа да себептері бар емес пе?», - деген сұрақ қояды. Орынды сұрақ. «Сырттағы қазақтарды тек ауылшаруашылығын дамыту үшін ғана пайдалану керек» деген кеңестік қағидаға имандай сеніп, ғылыми ұстаным етіп алған тарихшының мына сөздеріне таң қалған кез келген журналист қоятын сұрақ. Әйтпесе, кеңестік заман қайда, біз қайда?! Бүгінгі таңда кеңестік стандарттарды басшылыққа алу деген тек күлкі шақыратыны рас. алайда, апамыз оған айылын жия қоймапты.
«Сіз не туралы айтып тұрғаныңызды білем. Кейбір жауапсыз (!) ғалымдар қазақтар шетелден халық санын өсіру үшін келуде деп жүр. Бірақ, 2015 жылдың басындағы деректерге сүйенсек, 24 жылда 956 мың қазақ көшіп келіпті. Былайша айтқанда, бір миллионға да жетпейді. Сондықтан, мұндай спекуляцияға жол бермей, цифрмен сөйлеген дұрыс», - дейді Г. Меңдіқұлова.
Тарихшының логикасына салсақ, 24 жылда сырттан келген қандастардың саны 1 миллионға жетпей қалғанына сол алыстағы ағайын кінәлі болып шығады. Ал, атамекен деп келген ағайынның алдынан кез болатын қағазбастылық пен әлеуметтік қиындықтар есепке алынбайды. Қайта, Г. Меңдіқұлова ханым «Оралмандар басқаларға кесірін тигізбей тыныш жүрсін» деп кіжінеді.
«Біріншіден, оралмандар кеуделерін соқпай, өздерін дұрыс ұстасын. Әйтпесе, мында келіп алып «Мен атамекеніме келдім» деп аузын көпіртеді. Дұрыс. Келсін. Мемлекет барлығын жасады. Өмір сүрсін, жұмыс істесін. Бірақ, біреулерге кесірін тигізудің қажеті қанша? Мысал келтірейін, 3 жыл бұрын Моңғолиядан келген «оралманка» Көкшетауда мектепті көтеруге барын салған директордың үстінен барлық орындарға шағым жазды. Біздің билік арызға сеніп, директорды жұмыстан босатып, орнына жаңағы оралманды отырғызды. Тағы бір мысал: 1996 жылы бір ақсақал жиналыста өздерін жарықсыз, газсыз Жамбыл облысына орналастырғанын айтып шағым жасады. Сол ауданда тұратын достарым, керісінше, мемлекет оралмандарға барлық жағдай жасап отырғанын, олар болса, барлығын теріске шығаратынын айтады. Мен осындай қарым-қатынасқа таң қаламын. Сендер жұмыс істемей, барлығын үкімет әкеп берсін деп отырсаңдар ешқашан ештеңеге көңілдерің толмайды. Мен әлемнің 35 елінде болып, ондағы қазақтармен сөйлескенмін. Мұнда кімдер келіп жатқанын, кімдердің сол жақта қалып жатқанын жақсы білемін.
Бұлардың бір жаман әдеті бар. Бірдеңе болса бірден Президентке хат жазады. Сондықтан, жер-жердегі шенеуніктер тексеріс пен шағымнан қорқып солардың айтқандарын істеп береді», - деп оралманнан бөлек шенеуніктерге де кінә арта сөйлейді.
Әңгімесінің аяғында «Бізге мына дағдарыс заманында жерлік, оралман деп бөлінбей, бірлік сақтау керек» деп мырзатайшалаған тарихшының айтқандарынан түйгеніміз Қазақстандағы барлық сәтсіздіктер мен қиындықтарға ең алдымен «оралмандар» кінәлі екен. Ғалымның ойынша, сырттан келетін қазақ мұнда құл болуға дайындалып келуі тиіс көрінеді. Заңды құқықтарын талап етіп, мемлекет кепілдік беретін әлеуметтік жәрлемақылар сұрауға болмайды. Өзі тұрып жатқан елді мекендегі, еңбек ететін ұжымдағы заңсыздықтар туралы жақ ашпауы, ешқайда шағымданбауы, ешкімге «ақыл үйретпеуі» қажет екен.
Қазақ диаспорасының тарихын өзек еткен докторлық диссертация жазған ғалымның ол еңбегінде не айтқанына дауымыз жоқ, бірақ, мына сөздерінен сырттан келетін азаматтарды тек тегін еңбек күші деп бағалайтын кеңестік ойлау жүйесінен әріге ұзамағанын, ұлттық идеология мен саясаттан бейхабар, қазақ мүддесіне еш бас ауыртпайтын жан екенін ұқтық. Мұндайда қазекем «Жаны ашымастың қасында басың аурмасын» дейтіні бар...
Дархан Мұқан
Пікір қалдыру