Тәжікстанның Дусти ауданындағы жергілікті имам-хатиберге сақал қоюға рұқсат берілді, талабы – ұзындығы 3 сантиметрден аспау керек, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы аудандық хатибия басшысы Салохиддин Раджабзода журналистермен әңгімесі барысында мәлімдеді. Шенеуніктің айтуынша, 3 сантиметрлі сақал тәжіктердің мәдениеті мен дініне сәйкес келеді.
Дусти ауданындағы Орталық мешіттің имам-хатибы Насрулло Файзуллоев билік органдарының мәлімдемесіне бірінші болып пікір білдірді. Жергілікті Радио Озоди порталымен сұхбатында ханафит мазхабы ізбасарларының сақалының ұзындығы жұдырықтан аспау керек екенін айтты. Сақал қоюдың мұндай ережесі 2012 жылдың қарашасында Тәжікстанда өткен улем кеңесінде бекітілген.
Тәжікстанда 2014 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлермен қатар мешіттердің имам-хатибтері де жалақы алады. Елдегі имам-хатибетрдің саны – 265. Өзге де дін мүшелері мен конфессия өкілдеріне жалақы берілмейді.
2009 жылы Тәжікстанда ұстаздық қызметтегі 50 жастан асқан ер адамдарға сақал қоюға рұқсат етілген. Ұзындығы 3 сантиметрден аспау керек деген талап болды.
Ал 2 жыл бұрын елде сақалдыларға қарсы наразылық науқаны басталды. Милиция қызметкерлері сақал өсіріп алған жүздеген ер адамды ұстаған. Тергеу жұмыстарынан соң күш қолдану арқылы сақалдарын қырғызған.
Тәжікстан ІІМ аталмыш науқанға қатысы бар-жоғын жасырып қалған. 2015 жылдың көктемінде құқық қорғау органдары азаматтардың сақалын күштеп қырғызған екі милиция қызметкерінің ұсталғанын хабарлаған.
Сарапшылардың пікірінше, тәжік билігінің сақал қооюға тыйым салуы радикализммен күрес аясында жүргізілген.
Пікір қалдыру