Тараздағы "Даңқ" залы өшпес ерлікке қойылған ескерткіш  

/image/2019/08/23/crop-7_10_565x1258_b.momyshuly.jpeg

 

Тараз қаласындағы «Даңқ» залы Ұлы Отан соғысының тарихынан сыр шертетін бірден орынға айналмақ. Қазірдің өзінде мұнда 1,5 миллион астам майдан даласында түсірілген фото және майдангерлердің, Совет Одағының Батырларының жеке заттары, медальдары мен ордендері қойылған. Мұнан бөлек залда Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының ғылыми-зерттеу орталығы да жабдықталған деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Тараз қаласында өткен жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қолға алынған құрылыстың алғашқы нәтижесі ретінде «Ерлік» мемориалдық кешені пайдалануға берілгені белгілі. Сол кезде мемориалдық кешеннің атын затына сай ету мақсатында мұнда Тараз қаласының әр қиырында тұрған Бауыржан Мошышұлының еңселі ескерткіші мен «Мәңгілік алау» көшірілген-ді.

Ал ағымдағы жылы Жеңіс күні қарсаңында мұнда «Даңқ» залы есігін айқара ашты. Сән салтанатты жарасқан екі қабатты ғимараттың аумағы 1500 шаршы метрді құрайды. Оның алғашқы қабатындағы витриналарда жамбылдық майдангерлердің жеке құжаттары мен қарулары, жеке заттары қойылған. Сондай-ақ мұнда майданнан жазылған хаттарды, таратылмай қалған қара қағаздарды табуға болады. Арасында тыл еңбеккерлері қолданған құрал-саймандар да жетіп жатыр.

«Даңқ» залының екінші қабаты Ұлы Отан соғысының даңқты қолбасшы, Жуалы жерінен шыққан қазақтың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлы атындағы ғылыми-зерттеу орталығы етіп жабдықталған. Бұл ғылыми-зерттеу орталығы қазірдің өзінде республика аумағындағы барлық архивтер мен алыс-жақын шетелдердің архивтерінде жатқан батыр Бауыржан Момышұлы жайындағы құнды құжаттарды жинаумен айналысуда. Болашақта бұл құнды деректер негізінде және қаһарманның қаламынан туған туындыларының 100 томдығын жарыққа шығарып, қалың оқырманға ұсынылмақ.

«Данқ» залында Бауыржан Момышұлы атындағы ғылыми-зерттеу орталығының жабдықталуын батырдың келіні, жазушы Зейнеп Ахметова ерекше қуанышпен қабылдағанын айтады.

–Атам марқұм«Мен өлгеннен кейін де тірілердің ішінде жүремін», деуші еді. Мінеки, бүгін ата арамызда жүргендей. Рухы, қасиеті, барлығы қасымызда. Қазақ: «Өткендерін ескерген – өскендіктің белгісі, өткендерін ұмытқан – өшкендіктің белгісі» дейді. Өсіп-өніп жатқан елміз. Сондықтан халқымыздың өміріндегі әрбір үлкен істерді, ерліктерді жастарымызға үлгі етіп, ұрпағымызды сол аталардың биік рухы, қасиетті әруағына лайық, солардан үлгі-өнеге алатындай етіп тәрбиелеу – бүгінгі күннің міндеті. Мына іс те сол өсіп келе жатқан буынның өткенін ұмытпау үшін жасалып жатқан тірлік, – деп ағынан жарылды З.Ахметова.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар