Жамбыл облысының елтаңбасы 20 жыл бұрын бекітілді  

/image/2019/08/23/crop-7_6_506x505_emblema.jpg

 

Бүгінде Жамбыл облысын айшықтау мақсатында қолданылып жүрген елтаңбасы өңірдің құрылғанына 60 жыл толуы қарсаңында 1999 жылы 23-шілдеде бекітілген. Облыстың елтаңбасының авторы Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының мүшесі Салауат Дембай болып табылады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Архивте сақталған Жамбыл облыстық мәслихаты мен облыс әкімінің шешіміне №1қосымшада елтаңба жайында толық сипаттама берілген. Мұндағы толқын мен су бейнесі облыс аумағындағы Шу мен Талас өзендерінің айдынды шалқарын айшықтайды. Сондай-ақ елтаңбада облыста орналасқан Алатау мен Қаратаудың биік шыңдарын, асқақтығын таңбалайтын символдар да үйлесіммен орын тапқан. Сонымен қатар облыстың елтаңбасында әртүрлі символдармен ынтымақтастық пен жарасымға құрылған отбасы құндылықтары, өңірдің табиғи байлықтары, әлеуметтік-экономикалық дамуы сипатталады.

Жалпы сәулетшілермен суретшілер арасында облыстың рәсіміне лайықты нұсқасын әзірлеу байқауы өңір басшысының 1999 жылдың 19 наурыздағы өкімімен жарияланған екен.

Ал байқау жеңімпазы болып табылған сәулетші Салауат Дембай да Жамбыл облысының тумасы. Ол 1975 жылы қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің сәулет-құрылыс факультетін бітірген. Сәулетші ретінде Жамбыл облысының қала құрылысы саласында қызмет етіп, оның сәулеттік келбетін жақсарту ісінде із қалдырған тұлға. Сондай-ақ әр жылдары Жамбыл облысының құрылыс комитетін басқарып, әуелі Тараз қаласының кейіннен тұтас облыстың бас архитекторы болған. Сондықтан да сәулетшінің облыстың елтаңбасын жасау кезінде оның әлеуметтік-экномикалық өмірінен жан-жақты хабардар болғанын сеніммен айтуға болады.

Ол Жамбыл облысының елтаңбасының авторы болуымен бірге Тараз қаласындағы «һиббатула Тарази» орталық мешітімен, Әулиеата шаһарының кіреберіс қақпасымен, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштердің жобасын жасаған. Сәулетші ретінде Тараз қаласының орталық алаңында тұрған Бәйдібек ескерткіші мен қазір «Ерлік» мемориалды кешеніне көшірілген Бауыржан Момышұлының еңселі ескерткішінің жобасында қолтаңбасын қалдырған. Мұнан бөлек облыстағы бірқатар аудан орталығындағы Жамбыл Жабаев, Тұрар Рысқұлов, Кенен Әзірбаев ескерткіштерінің де авторы болып табылады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар