Мойынқұм ауданындағы Құралай сұлу кесенесі халық үшін қасиетті орнының бірі саналады. Өйткені түрлі аңыз дастандарға арқау болған Құралай сұлу қазақ қоғамында сұлулықтың символына айналған. Сондықтан да Құралай сұлу кесенесі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары тізіміне алынған деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Аңыз деректерде өз соңынан өшпес із қалдырып, аты аңыз-әңгімелерде күні бүгінге дейін айтылатын Құралай сұлудың қысқа ғана ғұмыры қазіргі Мойынқұм өңірінде өтіпті. Сұлудың мәңгілік тұрақ тапқан орны Мойынқұм ауданы, Кіші Қамқалы ауылы маңындағы Қамқалы көлінің жағасы. Дәл осы орында шикі кірпіштен өрілген кесене шамамен ХVІІІ – ХІХ ғасырларда салынған сәулет ескерткішінің ерекше бір туындысына жатады. Алайда уақыт сынына төтеп бере алмаған ескі құрылыстың тоз-тоз шыққан. Ал 2014 жылы кесене жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен қайта қалпына келтірілген.
Құралай сұлу жайында мол деректер жиып, осы аттас поэма жазған ақын Иса Байзақовтың мәліметіне қарағанда Құралай сұлу қалмақ нояны мен қазақ келіншегінен туған. Өзі жаулаған өңірдегі өзіне ұнаған келіншекті қанжығасына байлау жаукершіліктің ежелден келе жатқан қағидасы. Кейіннен әлгі қалмақ ноянынан қазақ келіншегі ақылына көркі сай Құралай атты сұлу қызды өмірге әкеледі. Қалмақ қызық болғанымен Құралай қазақ жерін атамекенім деп біледі. Сондықтан сұлу туған елге қайта оралуды тапсырған ана аманатын орындау мақсатында Келден деген батырға еріп қалмақтардан қашып кетеді. Алайда сұлуға осы сапар жолында ну қамыстың ішінде жолбарыс кезігіп, мерт етеді. Ал оның осы сапарда жолдасы болған Келден батыр кейіннен 40 нарға жүк артып келіп, Құралай сұлу кесене тұрғызады.
Ақын ел аузынан естіген аңыз-әңгімелердегі деректерге сүйене отырып, «Құралай сұлу» поэмасын жазады. Шығармада қазақ пен қалмақ арасындағы бітіспес дау арқылы адамгершіліктің ақ жолын насихаттайды. Құралай бейнесі асқақтай көрініп, көркемдік көкжиегімен көпті таңдандырады.
Сейқынның бір қызы бар жаннан асқан,
Жерде туып, көкте күнмен нұрын қосқан,
Хан түгіл, халқы сүйіп Құралайды,
Әрдайым, әйелсінбей ақылдасқан, – деп әспеттелген Құралай сұлудың қылығы мен парасаты әлі күнге көпшілікке үлгі етіледі.
Пікір қалдыру