2019 жылғы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесінде тәрбие мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. «Әлеуметтік салада мынандай бағыттарға аса мән беруіміз керек.
Бірінші. Білім беру сапасын жақсарту..
Екінші. Отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру.Бала құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне басымдық беруіміз қажет. Жасөспірімдер арасында көбейіп кеткен суицид мәселесімен мақсатты түрде айналысу керек. Біз зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен олардың отбасын қорғау жөнінде толыққанды бағдарлама әзірлеуіміз қажет» деп атап көрсетілген міндеттерді шешу маңызды іс.
Осы орайда педагогика ғылымдарының.докторы, профессор Жансәуле Әлиқызы Мақатова басқаратын «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлері біліктілігін арттыратын Республикалық институтында елеулі жұмыстар атқарылуда. Білім беру үдерісін психологиялық-педагогикалық қолдау кафедрасы аталған мәселеге қатысты «Білім беру ұйымдарында кәмелетке толмаған балалар арасында суицидті мінез-құлықтың және зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арналған біліктілікті арттыру курстары оқу бағдарламасын дайындады (авторы А. А. Маханбетова) және Білім және ғылым министрлігі тарапынан бекітілді. Аталған курс жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Мектептегі зорлық-зомбылық мәселелерін шешудің ең жақсы тәсілі орын алмас бұрын оның алдын алу, сондай-ақ ол байқалған жағдайда тиісті әсер ету болып табылады. БҰҰ Балалар қоры ЮНИСЕФ және ББЖ ҚБАРИ бірлескен «Мектепте зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған орай әрекет ету» жобасы аясында Қызылорда және Маңғыстау облыстарының 14 пилоттық мектептерінде жұмыс жүргізілді (жоба үйлестірушісі Л.А.Дорожкина, сарапшы А. А. Маханбетова). Осы жоба педагогикалық ұжыммен, оқушылармен, ата-аналармен бірлесіп қауіпсіз орта құрудың мақсатты қадамдарын белгіледі.
Жоба жұмысын жүргізу төмендегі мазмұнды қамтыды:
- мектеп қызметкерлерімен және оқушылармен мектеп миссиясын белгілеу, мінез-құлық ережелерін күшейту;
- мектептің қауіпсіздік командасын құру;
- ата-аналарға бағдарламаны және оның мақсаттарын түсіндіру және тарту;
- мектеп миссиясын белгілеу, этикалық ережелерді сыныптарда талқылау және бекіту;
- мектептегі зорлық-зомбылық оқиғаларын хабарлау жүйесін құру, тәуекел тобындағы балалармен жұмыс жүйесін құру.
Мектептермен кері байланыс кезінде оң пікірлер берілді. Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Т. Жүргенов атындағы № 123 мектеп-лицейінің жоба туралы пікірі: «Ақпараттық жұмыстар негізінде мектеп миссиясы мен этика ережелері бекітілді. Мектеп миссиясы - “Бақытты болашақтың кепілі – зорлық-зомбылықсыз орта”. Бағдарламаға сәйкес әдептілік, қамқорлық, жауапкершілік сияқты этика ережелерін бала бойында қалыптастырамыз деп сенеміз. Мектебіміз барлық оқушылардың зорлық-зомбылықсыз оқуына және олардың әлеуетін толық ашуға, мектептегі басқа балалармен және ересектермен берік байланыс орнатуға мүмкіндік беруге және қолдау көрсетуге ұмтылады. «Мектептегі зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған орай әсер ету» бағдарламасы мектеп оқушыларына оң әсерін берді. Сонымен қатар, ата-аналар тарапынан да жақсы пікірлер айтылуда. Оқушылардың әрдайым мадақтауға, марапатқа ұмтылғандары байқалды. Күнделікті тіршілікте қарапайым ғана ережелерді сақтау - ортаны жақсы жағына қарай өзгертетініне көздері жетті. Зорлық-зомбылықсыз орта құруда өздерінің алатын орындары ерекше екендіктерін әрқайсысы жете түсінді және де қоршаған ортамен байланыста қамқорлық, мейірімділік қасиеттері байқалды».
Білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықтың, өзіне-өзі қол жұмсаушылықтың алдын алу бойынша курс аясында өзіндік және жобалық жұмыстар орындауға және курсаралық іс-шаралар өткізуге ерекше көңіл бөлінеді.
Жамбыл облысы, Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов атындағы №37 орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.С.Дуанбекованың «Жасөспірімдердің суицидті мінез-құлық әрекетінің мотивтері мен себептері» тақырыбындағы өзіндік жұмысында мынадай ой түйінін жасайды:
«Жасөспірімдердің суицидті мінез-құлқының алдын-алу процесі әртүрлі әлеуметтік институттар кешені арқылы жүзеге асады. Алдын-алу шараларымен отбасы, мектептен тыс ұйымдар (спорттық секциялар, клубтар және т.б.) сияқты әлеуметтік институттар да айналысады. Олардың алдын-алу шаралары жасөспірімдерге қоғамда қабылданған тәсілдермен өздерінің қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік беруге және жағдай жасауға, сонымен қатар, индивидке өмірлік субъективті қиын жағдайларда дер кезінде кәсіби көмектер көрсетуге бағытталған. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде»,- демекші жасөспірімдер тәртібіндегі ауытқушылықты түзетуден гөрі оны болдырмаудың жолдарын іздеген әлдеқайда тиімді. Девиантты мінез-құлықтың алдын-алу – бұл индивидке әлеуметтік ортаның жағымсыз факторларының әсерін жоюға және олардың қалыпты өмір деңгейін қорғауға, денсаулығын сақтауға және қолдау көрсетуге бағытталған әлеуметтік, әлеуметтік-психологиялық, педагогикалық және медициналық ғылыми негізделген және дер кезінде қолданылған кешенді шаралардың жиынтығы».
«Болашағыңды болжау үшін ұрпағыңның денсаулығы мен тәрбиесіне көңіл бөлу керек» деген ұстанымды басшылыққа алуда әрбір ата-ана, ұстаз және медициналық қызметкерлер, инспектор, психолог мамандар бірлесе еңбек етсе, өскелең ұрпақтың саналы, иманды әрі дені сау болып өсері анық.
Ағима МАХАНБЕТОВА, «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы филиалы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлері біліктілігін арттыратын Республикалық институтының Білім беру үдерісін психологиялық-педагогикалық қолдау кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты
Пікір қалдыру