Сенбіде Бейжің Хьюстондағы Қытай консулдығына АҚШ құқық қорғау органдары қызметкерлерінң "мәжбүрлі түрде" басып кіргенін айтып, айыптаған. Бұл туралы Suth China Morning Post хабарлады.
Қытай СІМ өкілі Ван Вэнбинь жасаған мәлімдемесінде АҚШ-тың консулдыққа кіруге құқығы жоқ екенін және Бейжің "қажетті жауап қайтаратынын" ескерткен.
– Қытайдың Хьюстондағы бас консулдығы дипломатиялық және консулдық үй, сондай-ақ Қытайдың мемлекеттік меншігі. АҚШ консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясына және Қытай-АҚШ консулдық келісіміне сәйкес бұл нысанды ешқандай тәсілмен бұзбауы керек, – деген Қытай СІМ өкілі.
Ванг АҚШ-тың бұл қадамына "қатты наразы" және "оған толықтай қарсы" екенін айтып, Бейжің Вашингтонға қатаң ескерту бергенін мәлімдеген.
Жұма күні Хьюстон консулдығынан Қытай дипломаттарын шығарудың соңғы мерзімі өткеннен кейін, АҚШ мемлекеттік департаментінің шенеунігі делінген ер адам және басқа бірнеше адам консулдықтың артқы есігін күшпен ашып кірген.
Хабарламада айтылғандай, департаменттің қызметкерлері оған дейін үш бөлек есіктен кіруге тырысқан, бірақ кіре алмаған.
Біраз уақыттан бері АҚШ пен Қытай арасында шиеленіс күшейе түсті. Құрама Штаттар прокурорларының сотқа берген мәліметтері бойынша, Америкадағы қытай зерттеушілері визалық алаяқтығы үшін қамауға алынған. Вашингтон "визалық алаяқтық жасады және әскери байланыстарды жасырды" деп күдіктенген қытай ғалымы Сан-Францискодағы Қытай консулдығына қашып тығылғанын мәлімдеген.
Сәрсенбіде Трамп әкімшілігі Қытайдың Хьюстондағы консулдығын 72 сағат ішінде жабуға бұйрық берген.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Вашингтонның шешімі Қытайдың зияткерлік меншіктерді "ұрлап жатқандығына" байланысты қабылданғанын мәлімдеген.
Бейжің бұл қадамды "саяси арандатушылық" деп атаған.
Бірақ Трамп Қытай консулдықтарының көбін жабуға бұйрық беретіні "әрқашан мүмкін" екенін мәлімдеген.
Кейінірек Қытай оңтүстік-батыстағы Чэнду қаласында орналасқан АҚШ консулдығын жабуға бұйрық берген. Қытай бұл қадамды АҚШ-қа "қажетті жауап" деп атады.
Вашингтон Бейжіңді сауда және коронавирустық пандемияға қатысты бірнеше рет айыптаған, сондай-ақ Қытай Гонконгқа қауіпсіздік туралы даулы жаңа заң қабылдады.
Ал Трамп Қытайдың Шыңжаң провинциясындағы этникалық қазақтар мен ұйғырлардың қысымға ұшырауына қатысы бар 50-ге жуық қытайлық компанияға санкция салды.
Пікір қалдыру