ШҚО әкімі Даниал Ахметов коронавирустан сауығып шыққан әрі антиденесі бар адамдардың қан плазмасынан жинақталған банкті 19 қыркүйекке дейін ашуды тапсырды.
Аймақ басшысы банкте кем дегенде 1000 доза болуы керектігін атап өтті.
«Біз қазан айындағы коронавирустың екінші толқынына дайын болуымыз қажет. Қазірден бастап плазма банкін құру үшін тиісті жұмыстарды атқару керек. Шығыс Қазақстанда 4 409 адам коронавирустық инфекциямен ауырып, жазылды. Ол адамдардың қан плазмасы арқылы өзге жандардың аурудан сауығып кетуіне көмек бере аламыз», - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
Оның айтуынша, плазма банкін құруға жедел түрде кірісу керек. Бүгінгі күні медициналық мекемелердегі бас дәрігерлер мен әкімдердің басты міндеті - өңір тұрғындарына қан плазмасын тапсырудың маңызын түсіндіру.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі күні ШҚО-дағы медициналық мекемелер үздік техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. 27 аурухана, оның басым бөлігі аудандық ауруханаларда орташа есеппен 5 концентратордан бар екенін айта кеткен орынды. Шығысқазақстандық дәрігерлермен COVID-19 күресудегі тәжірибелерімен бөліскен Татарстан Республикасының дәрігерлері біздің стационарлардың медициналық препараттармен жабдықталуына оң бағаларын берді.
Аймақ басшысы облыс маусымдық ауруларға дайын екенін атап өтті. Мәселен, тұмауға қарсы вакцина егу жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Облыстағы медициналық мекемелерге 20 000 вакцина сатып алып, жеткізу жоспарлануда. Тегін вакцина осал топтағы тұрғындарға салынады.
Пікір қалдыру