• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 20:30:20
Алматы
+12°

06 Сәуір, 2018 Саясат

Елбасы мен елдің сөзін екі бетімен тыңдайтын шенеуніктер (фото)

Бірі президенттің сынына ұшырап масқарасы шықса, енді бірі елдің көңілін таба алмады.

Ел алдында сүйкімі кетіп, Елбасыдан сөз естісе де, беті бүлк етпейтін, жылы орынтағында міз бақпастан отыра беретін шенділер бар. Бірі президенттің сынына ұшырап масқарасы шықса, енді бірі халықтың көңілін таба алмады. Алайда ешбірінің өз еркімен қызметтен бас тартқысы жоқ. Осыған орай Qamshy.kz ақпарат агенттігі «бетін тілсе, қан шықпайтын» шенеуніктердің тізімін жасап көрді.

 

Ерлан Сағадиев

Ерлан Сағадиев 2016 жылдың ақпанынан бастап білім және ғылым министрі қызметін атқарып келеді. Бұған дейін оның білім саласына байланысты жаңа реформасы тек халық арасында ғана емес, қоғам белсенділері арасында да қызу талқыланған. Ерлан Сағадиевтің білім реформасын Бекболат Тілеухан мен Мұхтар Тайжан қатты сынға алып, ашық пікірталасқа да шақырған болатын.

Ерлан Сағадиев ғасырлық тарихы бар «Әліппенің» атауы мен формасын өзгертіп, «Сауат ашу» деп атаған болатын. Қазақ оқушыларының сауат ашуына септігін тигізгісі келетін Ерлан мырза әлі күнге дейін қазақша «ежіктеп» сөйлейді. Қазақ тіліне сауатсыз министр білім мен ғылымды дамытады дегенге сенбейтіндер көп. Алайда Сағадиев мыңдаған сыни пікірді елемей, өзінің реформасын әлі де жалғастырып жатыр.

Зағипа Балиева

Зағипа Балиева. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің есімін ел аузынан жиі еститін болдық. Оның басты себебі – ОҚО Сарыағаш ауданы Абай ауылында тұратын 7 жастағы баланың оқиғасы. 1-сыныпта оқитын оқушыны өзінен 6-7 жас үлкен төрт оқушы 5 ай бойы зорлап келген көрінеді. Аталмыш мәселе Зағипа Балиева араласқалы мүлде шиеленісіп кетті. Қоғам белсенділері Зағипа Балиеваны істі ым-шыңсыз жапқысы келетінін айтып айыптады. Тіпті кей белсенділер Балиеваның отставкаға кетуін талап етті.

Сонымен бірге осы іске қатысы бар Селтановтар мен Балиеваның бұрын қызметтес болғаны анықталды. Тағы бір айта кетерлігі, 1-сынып оқушысын зорлады деген жеткіншек, сол мектептің директоры, аудандық мәслихат депутаты, жәбір көрдім деген балаға алғаш тексеріс жүргізген дәрігер-уролог, ОҚО ІІД криминалды полиция бастығы – барлығы да Селтановтар болып шықты. Істің ақ-қарасы әзірге белгісіз. Алайда Құрманғазы Мүсір мен заңгер Дінмұхаммед Артықов 7 жастағы баланың «зорлануына» қатысты Селтановтардың қысым көрсетіп жатқанын мәлімдеген болатын.

Асқар Жұмағалиев

Асқар Жұмағалиев 2017 жылдың тамыз айынан бастап ҚР премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарып келеді. Биыл ақпан айындағы үкімет отырысында Асқар Жұмағалиев Елбасыдан сын естігендердің қатарында болды. Цифрландыру­ тақырыбына байланысты баяндама жасаған вице-премьер Асқар Жұмағалиевті Елбасының өзі тоқтатты.

«Егер сен жұртқа осылай түсіндірсең, кәдімгі шопан мен механизатор  түгілі, білімді адамның өзі ештеңе ұқпайды. Сондықтан саусағыңды бүгіп тұрып, өте қарапайым тілмен жеткізуге тиіссің! Мысалы, медицинада адамның денсаулығына қатысты нәрсенің бәрі санмен жазылады. Кез келген адам қандай аурумен ауырды, өзін кім, қашан емдеді деген ақпаратты лезде алуы керек. Ең қарапайым мысал – осы», - деп түсіндірді мемлекет  басшысы. Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, цифрландыруды мектептен бастап  енгізу керек.

Қанат Бозымбаев

Қанат Бозымбаев. Былтыр халық жанар-жағармай бекеттерінде ұзын сонар кезекте тұрғанда Қанат Бозымбаев: «Елімізде бензин тапшылығы жоқ», - деп айды аспанға шығарды. Кейін «бензин тапшылығы жойылып, баға тұрақталады» деп қанша уәде берсе де, Үкімет басшысы Сағынтаевтың қатаң ескертуі мен Елбасының сөгісінен қашып құтыла алмады. Тіпті, ашуға булыққан премьер-министр Бозымбаевтың орынбасарын қызметінен қуған болатын. Алайда араға біраз уақыт салып президент Бозымбаевқа жасаған сөгісін қайтарып алды. Бірақ мұнайға бай елімізде бензин тапшылығы әлі күнге дейін толық жойылмады. «Бір айналдырса, шыр айналдырады» демекші, алдағы егіс науқанында да бензин қымбаттауы мүмкін деген болжам бар. Ал халық алдындағы уәдесін орындамаған Қанат Бозымбаев жылы орнын қимай жүрген сияқты.

Бақыт Сұлтанов

Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысы кезінде Елбасыдан «2» деген баға алған болатын. ҚР Қаржы министріне Елбасы қатаң ескерту жасады.

Үкімет отырысы кезінде бюджеттің қаражатын үнемдеуге әлі үйренбеген министрге: «Біз – мемлекеттік қызметшілерміз. Адал қызмет етейік! Ол үшін әр тиынды үнемдеп, орнымен қолданайық. Сонда бұл іспен мен айналыс­уым керек пе? Сендер ай қарап отырсыңдар ма? Ақшаны үнемдей алатын­дарға ғана беру керек», - деп ескерт­ті. Президенттің пайымдауынша, кадр саясатында да осындай ұстаным болуы қажет. Мысалы, қандай да бір министрлік, ведомство қызметшілерінің 10 пайызын қысқартса, үнемделген ақша үздік қызметкердің жалақысын көбейтуге жұмсалғаны жөн. «Ал бізде қалай? Қолына қарындаш ұстаған бір адам отырады. Оған қағаз, үстел, көлік, тіпті кейбіріне қабылдау бөлмесі мен хатшысын қоса беру керек», - деп мысал­мен түсіндірді. Мемлекет бас­шы­сы электрондық декларация жұмысын ақсатқаны үшін де Бақыт Сұлтановқа қатаң ескерту жасады. «Саған екі рет ескерттім. Байқа, үшіншісі қатты болып жүрмесін!», - деді Н.Назарбаев.

Сонымен, елімізде «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын», жылы орнынан айрылмау үшін өтірік уәде беруден талмайтын шенділер көп-ақ. Ел мен Елбасы оларға сын айтудан жалықпайды, олар нәтижесіз жұмыс істеп, жоғары жалақыны қалтаға басудан танбайды. Әйтеуір қызметін дұрыс атқара алмай жүргенін мойындап, өз еркімен кеткісі келетіндердің әзірге қарасы көрінбей тұр.

Əсел Болатқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір