• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 20:30:15
Алматы
+12°

04 Шілде, 2019 Айтты-ей, бауырың!

Білім алғанмен жұмыс табылмаса, нарыққа қажет емес мамандарды не үшін оқытамыз?

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде ең көп дайындалған мамандар – заңгерлер, қаржыгерлер, экономистер екені жайында жазбаған газет, айтпаған радио, көрсетпеген телеарна қалмаған шығар.

Міне, тағы бір оқу жылы аяқталды. 20-30 маусым аралығында еліміз бойынша 1188 аудиторияда Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) өтті. Оған  қатысу үшін 117 242 адам өтініш берген. Соның ішінде 96 мыңнан астамы – осы жылғы мектеп түлектері (мектеп бітірушілердің 72 пайызы) болса, 20 мыңнан астамы – биыл және өткен жылдары колледж бен шетелдік білім беру ұйымдарын бітірушілер.

Биылдан бастап ҰБТ-ның төрт рет – қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында өткізілетіні бұрын хабарланған болатын. Қаңтардағы тестілеуге – 35 мыңға жуық, ал наурызда – 80 мыңдай оқушы қатысып үлгерген. Осы екі ҰБТ-да жалпы мектеп бітірушілердің 78 пайызы қамтылды. Оның 70 пайызы қазірдің өзінде ақылы негізде оқуға түсе алады. Ал 20-30 маусым аралығында биыл орта мектепті бітіретін түлектер ҰБТ тапсырып,  мемлекеттік грант үшін сынға түсті.

Қарап отырсаңыз, бұл сандардан жас түлектердің 3/2 бөлігінен астамы ақылы негізде ғана оқи алатынын көреміз. Мына жұмыс пен табыс аз заманда  ата-анасының табан ет, майдай терімен тапқан қаржысына, ұл-қызым қатарынан кем болмасын деп оқытқан балалары ертең сол оқуға бірнеше миллион теңгесін шығындап, 3-4 жыл уақытын жұмсаған соң жұмысқа орналасып кете ала ма? Өте қиын сұрақ!

Қазір Қазақстанда 128 жоғары (Өкінішке қарай, мұны теларналар мен радидодағы көптеген әріптестеріміз «жоғарғы» деп айтып жүр, бұл мүлде қате. Өйткені, жоғарғы деген сөз орыс тілінде верховный деген мағынаны береді) оқу орны бар екен. Солардың 45-і – мемлекеттік, 79-ы – жекеменшік, ал қалған 4-еуі – халықаралық жоғары оқу орындары. Сарапшылардың зерттеуінше, 2018 жылы осы ЖОО-ларды бітірген жастардың 40%-і жұмыссыз қалса, 35%-і дипломдағы мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, басқа салаларда жұмысқа орналасуға мәжбүр болған. Сонда бұл мамандар не үшін оқыды? ЖОО-лар нарыққа қажет емес сонша жасты не үшін оқытты? Әрине, дәл жауабын беру қиын. Бірақ, ойланған адамға сол жекеменшік оқу орындарының, тіпті кейбір мемлекеттік жоғары оқу орындарының басшылығы тек өздерінің ғана қаржылық жағдайын ойлап, онсыз да әлеуметтік жағдайы мәз емес халықтың қаржысын, арман қуған жалынды жастардың алтын уақытын бекер шығындап, ұлтымызға зиянын тигізіп жатқанын түсінетіні сөзсіз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде ең көп дайындалған мамандар – заңгерлер, қаржыгерлер, экономистер екені жайында жазбаған газет, айтпаған радио, көрсетпеген телеарна қалмаған шығар. Содан халықтың құқықтық мәдениеті артып, қоғамдық тәртіп, әлеуметтік әділдік нығайып, жемқорлық азайып, экономикамыз қатты дамып кетті ме?! Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмас, азды-көпті өсім бар шығар. Бірақ ол еліміздің әлеуетіне, халқымыздың парасатына, азаматтардың заңды құқықтарына сай емес қой! Қайта жемқорлық шарықтау шегіне жетті. Өмірден өз орнын таба алмаған, жұмыс істеп жеткілікті жалақы ала алмаған, сөйтіп бала-шағасын баға алмаған  кейбір жастар өнер, білім, жұмыс іздеп шетелдерге кетті. Ұлттық идеологияның әлсіздігінен, жұмыссыздық пен әділетсіздіктен, биліктегі шенділердің бюрократтығынан тіпті, титтей балапандарын ертіп Сирия асып, лаңкестердің де қатарына өтті!.. Ұлан-ғайыр жері, қойнауы толы кені, тасқа басылған бірнеше мың жылдық тарихы, адамзат өркениетіне өлшеусіз қосқан үлесі бар қазақтай бірегей ұлт үшін бұл масқара емес пе?! Білім, білім дейміз, білімсіз күнің жоқ дейміз. Сөйтіп отырып, білім алуға құштар, табиғатында зерек ұл-қыздарымызға көп жағдайда ақысыз білім бермейміз!

Ал неге тәуелсіздіктің алғашқы жалдарында көпшілік жастар заңгер болуға ұмтылды? Оның себебі, әрине бұл менің жеке пікірім, біреу-ақ: жемқорлық жайлаған қоғамда жемқорлықсыз ештеңеге де қол жеткізе алмайтынын түсінген жастар ертең заңгерлік мамандықты меңгеріп тергеуші, прокурор, судья, адвокат, полиция қызметкері болып, елден пара алу арқылы жақсы өмір сүремін деген ойда болды. Олар 60-80 жылдары қоғамда үлкен сұранысқа ие болған үнді кинофильмдеріндегі озбырлықты, әділетсіздікті көп көрген халқын әділетке жеткіземін деп ұмтылған бас кейіпкерлер сияқты жақсы оймен, ізгі ниетпен бұл мамандықты таңдаған жоқ. Демек, о баста олардың ниеті түзу болған жоқ! Сол жастар оқу бітіріп, жұмысқа араласқан соң алдындағы үлкендерден көргеннің бәрін істеп, жемқорлық қоғам өмірінің қалыпты нормасына айналды. Оның үстіне үкіметтегі ең үлкен билік орындарында отырған шенділердің өзі «жемқорлықты жеңе алмаймыз» деп мемлекеттің дәрменсіздігін көрсетті.

Мұның бәрін айтудағы мақсат – биылғы мектеп бітіріп жатқан түлектерге азды-көп кеңес беру. Бұдан былай әйтеуір «жоғары білімі бар» деген диплом алсам болды деген ойды санадан мүлдем шығарып тастау керек! Диплом алғанмен білім болмаса, білім алғанмен жұмыс табылмаса – бекерге уақтыңды жоғалтып, ата-анаңның қыруар  қаржысын шашып қажеті қанша?! Сондықтан, ең алдымен өзіңнің икем-ұқыбың бар, жаның қалайтын, сүйсініп істейтін, ең маңыздысы нарықта әрқашан сұранысқа ие кәсіпті таңдап, сол бойынша оқыған, тәжірибе жинаған дұрыс деп ойлаймын. Оның үстіне тек жоғары білім алу міндет емес. Жалақысы жоғары қарапайым жұмысшы мамандығын иелеп те бала-шаға бағуға, қоғамға пайдаңды тигізуге, бақытты өмір сүруге болады. Абай атамыз айтқандай, баланы жоғары болсын, орта-арнайы болсын, тіпті кәсіптік-техникалық оқу орны болсын, қызмет қылсын, шен алсын деп бермей, үйренсін, білім алсын деп беру керек.

Ең бастысы, қандай оқу орны, қай мамандықты таңдасақ та ниет түзу болуы керек. Дана қазақ әзелден «Жақсы ниет – жарым ырыс», «Жақсы сөз –жарым ырыс», «Ниетің – жолдасың болсын» деген тұжырымдарды бекер айтпаған. Ниет түзу болмаған жерде жақсылық болмайтынын адамзат тарихы сан мыңдаған рет дәлелдеді. Тағы бұл тек оқу, білім қуған жастарға ғана емес, ата-ана, балабақша, мектеп, университет сияқты білім мен тәрбие орындары, ауылдық әкімдіктен бастап, аудан, облыс, республикалық деңгейдегі барлық шенділерге, жалпы қазаққа, бүкіл адамзатқа қатысты айқындаушы мәселе. Егер ең төменгі басқыштан бастап, ең жоғарыға дейінгі барлық сатыларда ел үшін, мемлекет үшін адал қызмет етемін, сол адал қызметтен ләззат алып, халқымның құрметіне бөленемін, сөйтіп Адам деген ұлы атқа лайық болып, бақытты ғұмыр кешемін дейтін ниеті түзу жандар отырса, ондай қоғамда ешқандай заңбұзушылық, әлеуметтік әділетсіздік, билікке деген наразылық болмайды деп ойлаймын. Ол үшін кеңестік кезеңнен қалған ел басқарудың әкімшіл-әміршіл әдістерінен арылып, биліктің қайнар көзі ретінде халықтың ой-тілегіне, арман-мұратына құлақ асу керек. Мемлекет азаматтардың Ата Заңда жазылған барлық құқықтарының қорғалуына, орындалуына барынша жағдай жаратуы тиіс.

Дана бабаларымыз «Халық деген – Құдайдың бір аты» деп бекер айтпаған шығар! Ата Заңдағы «Биліктің қайнар көзі – халық» деген тұжырым да осы пікірге негізделгені күмәнсіз. Ендеше халықтың өзі де осы ұлы атқа лайық болуға ұмтылуы керек. Ұлттық сана өсіп, жақсы сөзді көбірек айтып, әрдайым ниетіміз түзу болуы керек. Әйтпесе қазір, аузымыздан жақсыдан гөрі жаман сөздер көбірек шығып жатқаны жасырын емес. «Бәленбай гектар жеріміз сатылып кетіпті. Ертең бізді жаулап алады. Болашағымыз бұлыңғыр. Келешегіміз жоқ» деп күнде бәріміз қақсай берсек, солай болуы да әбден мүмкін. Ал, жақсы ниетпен «Мың өліп, мың тірілген қазақ қалған жағында өз арасында бірлік болса, ұлтының қамын, елінің жайын, мемлекетінің мүддесін ойлайтын азаматтар көбейе түссе – ешкім де бізден ештеңе ала алмайды, ұзаққа созылған бодандық бұғауынан құтылған қазақ құлдық санадан арылса – енді ешкімге де бас имейді» деп ойлап, ұрпағымызды осы бағытта тәрбиелесек – бүгініміз айқын, болашағымыз жарқын болатынына күмән жоқ. Сонда ғана Құдайдың бір аты, биліктің қайнар көзі саналатын халыққа мемлекеттік қызметте отырған шенділер шын мәнінде қазіргідей билік өкілі емес, нағыз биліктің қызметшісіне айналады.

Сондықтан, ей қазағым, ең алдымен ниетің түзу болсын!

Құтмағамбет Қонысбай,

 журналист 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір