21 Тамыз, 2019 Саясат
"Партия мүшесі екендігімізден қорқамыз ба?" Назарбаев билік партиясының кейбір мүшелерін сынады
Назарбаевтың айтуынша, ""Нұр Отан" партиясының барлық мүшесі жария түрде партияға қатысы бар екендігін паш етуі тиіс".
Қазақстандағы билік партиясы "Нұр Отанның" төрағасы, елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел астнасы Нұр-Сұлтан қаласында өткен партияның саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партияның құрамында бар екендіктерін көрсеткісі келмейтін әкімдер мен министрлерді сынады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Назарбаевтың айтуынша, ""Нұр Отан" партиясының барлық мүшесі жария түрде партияға қатысы бар екендігін паш етуі тиіс".
"Мұнан да жаманы кейбір мемлекеттік органдардың басшылары, министрлер, әкімдер өзін партиямен бірге екендігін көрсеткісі келмейді. Партия былай, мен былай, өзіме өзім осы жерде бастықпын. "Нұр Отан"-ның барлық мүшесі жария түрде партияға қатысы бар екендігін паш етуі тиіс. Партия төсбелгісін бүгінгі отырысқа ғана тағып келмеу қажет. Мысалы, Малайзияда министрлер, премьер-министр, орынбасарлары, барлығы төсбелгі тағып жүреді. Көшеде адамдар мемлекеттік қызметші келе жатқанын көреді. Ал біз ше? Партия мүшесі екендігімізден қорқамыз ба? Онда шығыңыздар, басқасын таңдап аламыз", - деді билік париясының төрағасы.
Сонымен қатар Назарбаев маусым айында Шымкент қаласында өткен наразылық кезінде "Нұр Отанның" туын жұлып тастағанда партия мүшелерінің шарасыздық танытқанын сынға алды.
"Шымкентте партияның туын жұлып тастады. Бұл оқиға орталық кеңсенің алдында болды. Біреуі де ләм-мим деген жоқ. Партия қайда қарады? Артынан бәрін орнына келтіруге тура келді. Міне, бәрі осындайда байқалады. Партия, "Нұр Отан" дейміз. Бірақ тып-тыныш отырамыз. Бір нәрседен қорқамыз ба?", - деді Назарбаев.
Еске сала кетейік, 24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласында оқ-дәрі сақтайтын қойма жарылып, қала тұрғындары Шымкентке эвакуацияланған болатын. 27 маусымда Арыс тұрғындары Шымкетте митинг жасап, қала көшелерімен жүріп өтті. Сол кезде бір жас жігіт "Нұр Отан" партиясы ғимаратының алдындағы тұғырға мініп, партияның туын жұлып тастамақ болды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір