• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 12:17:34
Алматы
+35°

24 Тамыз, 2019 Барлық аймақтар

Жалпы адам баласына бір тән нәрсе бар. Біз кез келген нәрсенің дұрыс-бұрыс екендігін өте жақсы білеміз. Бірақ оны біліп тұрып, істейтініміз жаман. Мұны неге айтып отырмыз? Мысалы, біз көшеде кәмпит немесе балмұздақ жеп келе жатып, оның сыртындағы қағазды қоқыс жәшігіне апарып тастамаймыз. Тағы бір мысал, күн өте ыстық. Бөтелкемен су ішіп келе жатып, таусылған соң пластикалық бөтелкені жолдың жағасына лақтыра саламыз. Мұнымыздың дұрыс емес екенін білеміз. Бірақ біле тұра осылай істейміз. Әрине, мұның барлығы да ортада өзімізді ұстау мәдениетімізге байланысты екені сөзсіз. Бірақ...

Әлем халқы қазір қоқыс қалдықтарынан  жапа шегіп отыр. Экологиялық тепе-теңдік бұзылды. Оған қарап жатқан ешкім жоқ. айтады да, қояды. Өндірістен шыққан улы су өзенге құйылып жатыр. Оның суын мал ішеді. Ол су егіс даласына ағып барады. Онымен бау-бақша өнімдерін суарамыз. Шыққан өнімді піскен уағында жейміз. Мұның барлығы денсаулыққа зиян.  

Бүкіл әлем қазір осы өндірістік қалдықтардан зиян шегіп отыр. Тазалықты толық сақтап, оны өмір сүру заңына қалыптастырған елдер бар. Бірақ олар бірен-саран-ақ.

Мысалы, Скандинавия түбегінде Швеция деген ел бар. Тазалықты сақтайтын, қуат көздерін дамытқан, тіпті тиімді пайдаланатын ел. Аталған ел «жасыл экономиканың» рахатын көріп отыр. Қалай?

Шведтер өз еліндегі өндірістік қалдықтардың 99 пайызын әжетке жаратады. Оларда еш жерде шашылған қоқысты көрмейсіз. Оның бәрі қайта өңделіп, бұйым немесе тауар болып қайтадан тұтынушыға жол тартады. Рас, олар тұрмыстық қалдықтар 99 пайызын қайтадан пайдаланады. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Дүниедегі басқа елдер шведтер жүзеге асырған қайта өңдеу өнеркәсібін жолға қоя алмаған.

Мысалы, салыстырмалы түрде айтайық, біз қалай істейміз? Таңертең жұмысқа кетіп бара жатып, үйден шыққан керексіз тұрмыстық немесе тамақтың қалдықтарын сырттағы үйдің арғы шетінде тұрған үлкен жәшікке лақтырамыз да, кете барамыз. Ол металл жәшік толғасын оны арнаулы көлік келіп, қаланың сыртына қоқыс полигонына алып кетеді. Ол жақты өртейді, тегістейді, көмеді, бетін жабады. Ұзақ жылдан соң қоқыстың исі шығып, бықсып жатады. Тіпті қоқыс полигоны өртеніп, тұрғындардың тұншығып қала жаздаған оқиғалары да кездескен. Ал Швеция мұндай нәрсені білмейді. Сонда қалай дейсіз ғой.

Мұнда тұрғындардың санасына тазалық мәдениеті толықтай орнап, сақталған десе де болады. Олар қалдықтың өзін қуат көзіне айналдырады. Пластмасса, бөтелке, тамақ қалдықтары, барлығы да сыртында жазуы бар арнайы металл жәшікке салынады. Әрқайсысының өз жәшігі бар. Тек қайта өңдеуге жарамайтын қалдықтар ғана полигонға барып көміледі. Олар қағаз қалдықты қайтадан қағаз етіәп шығарады, бөьтелке де солай. Бәрін де халықтың денсаулығынан зияны тимейтіндей етіп қайтадан өнім етіп шығарады. Сондықтан да ауа таза, иен далада исі күндік жерде алып жатқан ештеңе жоқ. Олар сонда не істей алады дейсіз ғой?

-Тұрмыстық қалдықтардың 50,6 пайызын қайта өңдеп шығарады.

-Энергия көзін өндіру үшін қайтадан оның 48 пайызын отқа жағып,  пайдаланады.

-Қоқыстың 0,87 пайызын ғана қалдықтар төгілетін полигонға апарып көмеді. Оларда бәрі де жүйе бойынша реттеліп қойылған. Үйінін шыққан адам пакеттегі  қоқысты бөлек-бөлек етіп алып шығады. Бөтелкесін бөлек, қағазын басқа жәшікке салады. Әрқайсысын салатын орны бар. Арғы қарайғы жұмысты арнайы мекеменің жұмысшылары жүзеге асырады. Бірақ елдің бәрі Швецияда тұрып жатқан жоқ. Ең басты мәселе сонда. Ең бір қызығы, әлемнің көптеген елдерінде тұрмыстық қалдықтардың басым көпшілігі полигонға апарып төгіледі. Ал оның зияны туралы әңгіме бөлек. Енді дерекке назар аударайық. Мамандар 2050 жылға қарай қоқыс пен қалдықтардың көлемі 70 пайызға жетеді деп отыр. Бұл шамамен 3,4 миллиард тонна. Бұл сұмдық алаңдатарлық дерек емес пе? Расында да әсіресе  дамушы кедей елдер осындай қоқыс алаңдарынан қатты зардап шегіп отыр. Аталған мемлекеттерде осындай қалдықтардың 90 пайызы қала сыртына апарылып, өртеледі.

Ресей –қоқыс алаңынан көз ашпай елдердің бірі. Мұнда жыл сайын 60 миллион тонна тұрмыстық қатты қалдықтар жиналып қалады. Бұл әрбір тұрғынға 400 келіден келеді екен. Ресейде қоқыс қалдықтарының 7-8 пайызы ғана өңделеді екен. Қоқыстың 90 пайызы полигон аумағына апарылып, өртеледі, көміледі

Әрине, әлем қоқыс қалдықтарынан қатты зиян шегіп отыр. Бірақ әр елдің экономикасы мен дамуы әртүрлі ғой. Сондықтан бір уақытта аталған проблеманы бірден шешу оңайға соқпайды.

Ал Қазақстанда бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?   Біздің республикамызда жыл сайын 6 миллион тоннадан астам қалдық жиналып қалады. Бізде де тұрмыстық қалдықтарды қайта пайдалану, оны өңдеу туралы арнайы заң шыққан. Алдағы он жылда Қазақстанның Энергетика министрлігі қалдықтарды қайта өңдеудің үлесін 40 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Негізі Қазақстанда Ресейге қарағанда жағдай жақсы. Қоқыс қалдықтарының 10 пайызы ғана қайта өңделеді. Әрине, әзір Швецияның деңгейіне жету қиын. Бірақ түбінде мұның барлығы жүзеге асады деп ойлаймыз. Мамандардың салыстырмалы зертеуіне қарағанда, республикамызда қоқыс төгетін 3800 полигон бар көрінеді. Оның 16-сы ғана санитарлық және экологиялық талаптарға сай келеді екен. Тұтастай алғанда, бүгінгі күні елімізде 130 кәсіпорын қоқысты қайта өңдеу ісімен айналысады екен. Мамандар мұның кәсіпорынға да тез пайда беретінін айтады. Егер тиісті ұйымдастыру жұмыстары мен жспар тиянақты жүзеге асатын болса, қоқыс өңдейтін кәсіпорын бір жылдың өзінде –ақ пайдаға кенеледі. Міне «жасыл экономиканың» пайдасы. Бұл ең алдымен халыққа тиімді.

Әрине мұның барлығын да жүзеге асыруға болады. Біріншіден,  бұл мәселені халыққа кеңінен түсіндіру керек. Сонда ғана тәртіп пен тазалық орнайды. Бірақ бұл оаңайлықпен орындалмайтын нәрсе, жеке адам ғана емес, бұған мемлекет мүдделі болуы керек. Жалпы дерекке назар аударар болсақ, орташа есеппен алғанда, әлемде қоқыстың  15 пайызы ғана қайта өңделеді екен. Ал қалған 85 пайызы қоқыс төгетін полигонға апарылып өртеледі. Жағдай жақсы емес. Енді тағы бір мысал келтірелік, жер шарының халқы жыл сайын 1,5-2 пайыз өсім беріп келеді. Ал қоқыс қалдықтары жыл сайын 6 пайызға көбейеді. Бұл шын мәнінде өте қиын алаңдатарлық жағдай емес пе? Мамандар қоқыс полигондарын «баяу жарылатын бомба» деп бекер атамайды. Өйткені мұның бәрі де біртіндеп денсаулыққа зиянын тигізе береді.

Бірақ қисынсыз тағы бір нәрсе бар: «Өркениетті, экономикасы дамыған елдерде мұндай проблема болмайды» десеңіз қателесесіз. Әлемде тұрмыстық қалдықтарды ең көп шығаратын ел АҚШ десек, сенер ме едіңіз. Онан кейінгі орындарды  Қатай мен Бразилия, Жапония алады. Бүкаіләлемдік банк мамандарының зерттеуіне қарағанда, 2025 жылы Қытай мен Үндістан қоқыс қалдықтарын шығарудан алдыңғы орындардың біріне шығады екен. Бірақ ең бір қызығы, әлемдегі ең халқы көп Үндістан мен Қытайда пластикалық бөтелкелер қайта өңдеуге көп өткізілмейді екен. Мұның себебі неде? Өйткені халықтың өмір сүру салты қиын әрі күрделі болғандықтан бұл елдің тұрғындары бұрын пайдаланылған бөтелкелерді жуып, қайта сататын көрінеді. Бірақ бұл үлгі алатын нәрсе емес. Десек те, күндердің күнінде көптеген елдер «жасыл экономиканың» қадірін түсінеді деп ойлаймыз. Өйткені қазірдің бірқатар елдер полиэтилен пакеттерді пайдаланудан бас тартып жатыр. Аталған паакеттер адамның денсаулығына зиян. Оның құрамында химиялық қосындылар мен қорғасын бар деседі.

Қалай айтқанда да, біз экологияның бұзылуына әсер ететін бұйымдардан құтылуымыз керек. Соның бір қарапаым мысалы қоқысты, қағаз қалдықтарын, бөтелкелерді көрінген жерге тастамау. Осы ісіміз арқылы ғана қоршаған ортаның тепе –теңдігін, тазалығын сақтай аламыз .

«Жасыл экономиканы» жолға қойып, баламалы қуат көзінен энергия алып

отырған елдер бар. Мысалы, Сингапурдың халқы өте тығыз орналасқан. Өсімтал ұлт. Оларда ашық жатқан жер жоқ. Бірақ тұрмыстық қалдықтар өте көп. Не істеу керек? Олар ақыры қалдық пен қоқысты жағып, қуат алатын энегоблоктың құрылысын алды. Күніне Сингапурдың энергоблогында 8000 мың тонна қоқыс жағылады. Ал жанбайтын заттарды, мысалы металды қайта өңдеп сатады. Нақты айтқанда, қалдықты жағудың нәтижесінде Сингапур қазір күніне 2500 мвт-сағат электр энергиясын өндіріп отыр.

Оңтүстік Азия құрлығында орналасқан тағы бір елді алайық. Сеулден 60 шақырым жерде орналасқан Сонгдо шаһарын шын мәнінде «болашақтың қаласы» деп атауға болады. Бұл жаңадан тұрғызылған қала. Мұнда таңертеңнен қоқыс шығаратын көліктер есік алдына келмейді. Барлық жұмыс жер асты жолдары немесе құбырлары  арқылы жүзеге асады. Жаңа технологяиның арқасында пәтерде тұрған  тамақ қалдықтарын жер астындағы пневматикалық жүйе арқылы сорып алады. Күнделікті тірлік солай.  Сонан соң ол қоқыстар сұрыпталып, арнайы құбыр арқылы зауаттарға жіберіледі.

Осындай елдің бірі –Бельгия. Мұнда қалдықтардың 75 пайызы қайта өңделеді. Олар қалдықтан энергия көзін алып отыр.

Мұның барлығы да «жасыл экономиканың» жемісі. Шашылып жатқан қалдық жоқ. Барлығы да қайта өңделіп, жүзеге асады. Біз де күндердің күнінде осы нәтижеге жетеміз деп ойлаймыз. Бірақ...

Қалдықтан да ақша жасауға болады. Дегенмен оны құнттай бермейміз ғой. Мысалы, Қазақстанның ірі қалаларында қағаз, бөтелке, картон, пластикалық бөтелкелер, кітап, газет пен журнал, тетрапакет қабылдайтын арнаулы орындар бар. Олардың әрқайсысының өз бағасы бар. Әр келісіне ақша төленеді. Мүмкін сіз де қоқыс қағаздары мен бөтелкелерді үйдің артында тұрған жәшіктерге тастай салмай, өткізгеніңіз дұрыс болар. Аз да болса, қайтарымына тиын аласыз. Оның үстіне «жасыл экономикаға»  көмегіңіз тиеді. Меніңше, бұл дұрыс қадам болар еді. Өйткені атмосфераны ластамау әрбір азаматтың міндеті әрі борышы.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір