09 Қыркүйек, 2019 Барлық аймақтар
100 нақты қадам: Теміржол арқылы да транзиттік тасымалдың көлемі артады
Темір жол саласының жүк тасымалында артықшылықтар өте көп.
Қазақстанның территориялық жағынан Еуропа мен Азия құрлығының арасында орналасуы геосаяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан өз пайдасын беріп отыр. Біздің ел бұл мүмкіндікті тиімді қарастырып, үлкен жобаларға қатысып жатқаны да аян. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның ұпайы түгенделіп келеді десе де болады. Ашығын айту керек, соңғы ондаған жылдардан бері Нұр-Сұлтан қаласы ғаламдық басқосулардың алаңына айналып келеді. Мұның бір айғағы ретінде Нұр-Сұлтан қаласында өткен тасымалға қатысты теміржол басшыларыныңжиынын айтар едік. Аталған басқосу «Транссібір тасымалдар жөніндегі үйлестіру кеңесі» деп аталады. Бұл басқосудың Елордада өтуі де тегін емес. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан Азия мен Еуропаның кіндігінде орналасқан. Бұл жиынға да отыздан астам елден тиісті мекеме өкілдері мен жолаушылар тасымалының басшылары және министрліктің қызметкерлері келіп қатысты. Басқосудағы басты мәселе не? Темір жол саласындағы тасымал мәселесі, оның жай- күйі мен ортақ проблемаларды бірлесіп шешу.
Нақты айтқанда, транзиттік тасымал саласында әлеуетін арттырып келе жатқан Қазақстанның шын мәнінде халықаралық рөлі үлкен. Біздің еліміздің аумағы арқылы Еуропа мемлекеттеріне дейін жүк жеткізіледі. Ел экономикасы үшін мұның барлығының да маңызы жоғары. Сондықтан да Нұр-Сұлтанда өткен Үйлестіру кеңесіне қатысушылар темір жол арқылы тасымалдың тиімді екенін айтты. Бір ғана мысал, егер Қытайдан шыққан жүк теңіз арқылы Еуропа құрлығына 40-45 күнде жететін болса, Ал Қазақстан аумағы арқылы қарт құрлыққа 10 күннің ішінде жететіні белгілі болып отыр. Демек, біздің еліміз транзиттік тасымалды тиімді пайдаланып отыр. Ал мұның Қазақстан экономикасы үшін үлкен пайдасы бар.
Ескерте кетейік, Транссібір тасымалдары жөніндегі Үйлестіру кеңесіне Қазақстан 1994 жылы мүшелікке қабылданған. Негізінен Азия мен Еуропа құрлығы аралығында жүк тасымалымен айналысады және теңіз арқылы жүретін тасымалға қарағанда, бұл арзанға түсетіні жасырын емес. Сондықтан Нұр-Сұлтанда өткен жиында кеңестің атауын өзгерту туралы шешім қабылданды. Енді аталған ұйым «Трансеуразиялық тасымалдар жөніндегі Үйлестіру кеңесі» деп аталатын болды.
Осы жерде айта кететін бір нәрсе, кеңестің де басты мақсаты –темір жол бойынша біртұтас тасымал дәлізін тұрақты түрде дамытып отыру. Сондықтан да болар, 200-ден аса келген келген делегаттардың алдында сөз сөйлеген «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев транзиттік тасымал бағытындағы ынтымақтастық пен қарым-қатынасты арттыру қажеттілігіне тоқталды. Әрине, бұл орайда жұмыс одан ары дамыту керек. Сауат Мыңбаев Үйлестіру кеңесінің арқасында Азия-Еуропа арасында экспорттық-импорттық әлеуеттің артып келе жатқанын сөз етті. Бұл өз кезегінде Қазақстан темір жолының жүк айналымына да жағымды әсер етуде. Дерекке жүгінер болсақ, 2019 жылдың алғашқы алты айында тасымал көлемі 134 миллион тоннаны құраған. Алдағы уақытта ынтымақтастықтың нәтижесінде бұл көрсеткішті одан ары жақсарту көзделіп отыр.
Әрине темір жол саласының жүк тасымалында артықшылықтар өте көп. Тек соны ұтымды пайдалануымыз керек. «Транссібір тасымалдар жөніндегі үйлестіру кеңесіне» келіп, Нұр-Сұлтанда бас қосқандар транссібір дәлізінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, оны одан ары дамыту тұрғысында сөз байласып тарасты.
Елбасы қол қойған 100 нақты қадам Ұлт жоспарының 65-қадамында «Еуразиялық трансконтинентальдық дәліз» мультимоделдік көлік дәлізін құру. Ол Орта Азиядан Еуропаға жүк транзитін кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді» деп атап көрсетілген. Демек, Еуразияның кіндігінде орналасқан Қазақстан үшін транзиттік тасымалдың теміржол үшін де, көлік үшінде табысы орасан және бұл сөзсіз нәтижесін беретіні сөзсіз.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір