23 Қазан, 2019 NEWS
Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Ресейге сапары барысында екі ел азаматтарының өзара сапарлары мәселесінде бірдейліктің (паритет) жоқтығын айтты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Оның пікірінше, Қазақстан мен Ресейге келетіндерге бірдей мүмкіндіктер жасау қажеттілігі туралы мәселе шешуді талап етеді.
"2014 жылдан бері бізде Қазақстан азаматтарының Ресейде және Ресей азаматтарының Қазақстанда болуына қатысты бірдейлік жоқ. Яғни Қазақстан азаматтары виза режимінде Ресей Федерациясында 90 күн тұрғаннан кейін елден кетіп, қайта келу үшін 90 күн күтуі керек. Ал Ресей азаматтары Қазақстан аумағында 90 күн болғаннан кейін елден кетіп, сол күні қайта оралып, тағы 90 күн сонда тұра алады", - деді Дариға Назарбаева Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесуде.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл мәселені ресейлік тарап қарастырып жатыр.
"Ресейге әр түрлі себептермен келетін азаматтардың ағыны өте қарқынды жүріп жатыр, мұнда бизнестен бастап білім беруге дейін түрлі қызметпен айналысқысы келетіндер көп. Біз сізден осы мәселені шешуге көмек сұраймыз", - деп атап өтті Дариға Назарбаева.
Қазақстан парламенті сенатының спикері Ресейге ресми сапармен барды. Сапар бағдарламасында Ресей Федерациясының премьер-министрі Дмитрий Медведев кездесу жоспарланған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір