• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 12:56:23
Алматы
+12°

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы жинағын пайдалану бойынша бір шешімге келе алмаудың себебін атады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

"Бүгінде министрлік пен үкіметтің жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған. Сол жерде көптеген ұсыныс қарап жатырмыз. Біздің жоспарымыз бойынша алдағы желтоқсан айында бір ұстанымға келіп, жұмыс тобының атынан президентке ұсыныс жасауымыз керек. Әзірге, бір шешімге келген жоқпыз", – деп министр баспасөз мәслихатында мәлім етті..

Нұрымбетовтың айтуынша, қазіргі кезде зейнетақы қорында 10 миллионға жуық есепшот бар. Ал салымшылардың жалпы жинақтары 10 триллион теңгені құрап отыр.

"Расында, есептеп келгенде салымшылардың 70 проценті 1 миллион теңгеге дейін ғана ақша жинаған болып шығады. Сондықтан бұл мәселенің қиындығы бар. Ал зейнетақы қорындағы жиналған жарналардың негізгі мақсаты – біздің зейнетақымызды қамтамасыз ету. Негізі, мемлекет тарапынан төленетін зейнетақының ынтымақтастық жүйесі жылдан-жылға жабылып келеді. 2040 жылдан кейін тіпті мемлекеттің тарапынан тағайындалатын зейнетақыға шығатын адамдар болмайды", – деп Біржан Нұрымбетов айтты.

Еске салсақ, қыркүйектің басында мемлекет басшысы зейнетақы жинақтарын пайдалануға қатысты тапсырма берген болатын.

"Үкіметке жылдың аяғына дейін жұмыс істейтін азаматтар үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырамын. Мәселен, ол ақшаны баспананы сатып алуға және білім алуға жұмсауға болады", – деді Тоқаев.

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір