• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 11:20:20
Алматы
+12°

Үкіметтің кезекті отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов табысы төмен жұмыскерлердің жалақысын арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді, – деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

"Төмен жалақы алатындардың мәселесіне келсек, бізде еңбек заңнамасында тек төмен жалақы мөлшері реттелген, басқасының бәрі жұмыс берушінің құзырында. Сондықтан Елбасы жолдауына сәйкес, жыл басынан бері Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге – 28 000 теңгеден 42 500 теңгеге дейін артты", – деді Нұрымбетов.

Одан бөлек, оның айтуынша, 25 АЕК дейін, яғни 63 000 теңгеге дейінгі көлемде еңбекақы алып жүрген азаматтардың салық жүктемесі 10 есе азайтылған.

Еске салсақ, биыл 1 маусымнан бастап бюджет саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы 30%-ға артты. 

"Жыл басынан бері елімізде 2,7 мың кәсіпорын аз жалақы алып жүрген 1,2 миллион жұмыскерінің жалақысын орта есеппен 32,5%-ға көбейтті. Әлі де болса, еліміздегі кәсіпорындардың жартысына жуығы қызметкерлерінің табысын өсірген жоқ. Сондықтан, кәсіпорындар басшыларын осыған атсалысуға шақырамыз. Азаматтардың табысы өскен сайын ел тұрғындарының әл-ауқаты да арта түспек", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Сондай-ақ 2020 жылдан мемлекет тарапынан бюджеттік салаға қатысты бірқатар шара қолға алынады. Атап айтқанда, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы 25%-ға, мәдениет саласындағы қызметкерлердің еңбекақысы 35%-ға, кейбірінің жалақысы 50%-ға дейін, әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақысы 30-60%-ға дейін көбейеді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір