• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 19:28:39
Алматы
+12°

Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасында азаматтармен кездесу өтіп, еңбек қатынастары туралы тұрғындарды толғандырған біршама сұрақтарға жауап берілді. Солардың бірқатары төменде ұсынылған.

Сұрақ: Түнгі жұмыс уақыты қалай төленеді?

Жауап: Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 110 бабына сәйкес, түнгі уақыттағы жұмыстың әрбір сағатына еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі негізге алына отырып, бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде ақы төленеді.

Сұрақ: Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілген кезде еңбек өтілі қалай есептеледі?

Жауап: Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілген кезде:

1) нақты жұмыс істелген уақыт;

2) жұмыскер нақты жұмыс істемеген, бірақ оның жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы толық немесе ішінара сақталған уақыт;

3) жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігіне байланысты нақты жұмыс істемеген уақыт, оның ішінде жүктілігіне және босануына байланысты демалыста болған уақыт;

4) жұмыскер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс істемеген уақыт еңбек өтіліне қосылады.

(ҚР Еңбек Кодексінің 91 бабы).

Сұрақ: Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстарын берудің кезектілігі қалай анықталады?

Жауап: Жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берудің кезектілігі жыл сайын жұмыс беруші жұмыскерлер пікірін ескере отырып бекітетін демалыстар кестесіне сәйкес айқындалады не тараптардың келісімі бойынша демалыстар кестесінен тыс белгіленеді.

Демалыстар кестесі өндірістік қажеттілікке байланысты өзгертілген жағдайда, жұмыс беруші бұл туралы жұмыскерге еңбек демалысы басталардан кемінде екі апта бұрын хабардар етуге міндетті.

(ҚР Еңбек Кодексінің 93 бабы)

Сұрақ: Іссапарларға жіберілетін жұмыскерлер үшін қандай кепілдіктер мен өтемақы қарастырылған және жұмыскерлер қандай жағдайда іссапарға барудан бас тартуға құқылы?

Жауап: Іссапар уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) мен іссапар күндеріне келетін жұмыс күндері үшін жалақысы сақталады.

2.Іссапарларға жіберілетін жұмыскерлерге:

1) іссапарда болған күнтізбелік күндері үшін, оның ішінде жолдағы уақыты үшін тәуліктік төлемдер;

2) баратын жеріне дейінгі және кері қайтқандағы жол жүру шығыстары;

3) тұрғын үй-жайды жалға алу шығыстары төленеді.

3. Жұмыскерлерді іссапарларға жіберудің шарттары мен мерзімдері еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады.

4. Он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер, жүкті әйелдер, сондай-ақ мүгедек жұмыскерлер үшін мұндай жұмысқа медициналық көрсетілімдер бойынша тыйым салынбаған болса, оларды іссапарға жіберуге жол беріледі. Бұл ретте, аталған жұмыскерлер іссапарға барудан бас тартуға құқылы.

5. Үш жасқа дейінгі балалары бар жұмыскерлер, егер медициналық қорытынды негізінде мүгедек балалар не отбасының науқас мүшелері тұрақты күтімді жүзеге асыруға мұқтаж болса, отбасының науқас мүшелерін күтуді жүзеге асыратын не мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған жұмыскерлер іссапарға барудан бас тартуға құқылы.

(ҚР Еңбек Кодексінің 131 бабы).

Сұрақ: Жұмыскер жұмысынан айырылғанда қанша көлемде өтемақы төленеді?

Жауап: Жұмыс беруші мынадай жағдайларда:

1) жұмыс беруші заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші жеке тұлға қызметін тоқтатқан жағдайда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде;

2) жұмыскерлердің саны немесе штаты қысқартылған жағдайда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде;

3) жұмыс беруші еңбек шартының талаптарын орындамаған жағдайда жұмыскердің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде бір айдағы орташа жалақы мөлшерінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемдерін жүргізеді.

2. Жұмыс беруші жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына әкеп соққан өндіріс, орындалатын жұмыстар және көрсетілетін қызметтер көлемі азайған жағдайда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде екі айдағы орташа жалақы мөлшерінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемдерін жүргізеді.

3. Еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемінің неғұрлым жоғары мөлшері көзделуі мүмкін.

(ҚР Еңбек Кодексінің 131 бабы).

 

Нарботаев Ержан Жәнібекұлы

Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы

Мемлекеттік еңбек инспекторы

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: еңбек қатынастары

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір