• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 06:48:28
Алматы
+12°

Оппозициялық саясаткер, Қазақстан Жоғарғы кеңесінің бұрынғы төрағасы Серікболсын Әбділдинмен қоштасу рәсімінің Жамбыл атындағы филармонияның фойесінде өтуі – бірнеше күннен бері әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқылануда. Қазақстанда жерлеу рәсімін ұйымдастыруда алалық барын қоғам белсенділерінің кейбірі бұрын да жазған.

Мәселен, жазушы Ғаббас Қабышұлы белгілі ақын Қадыр Мырза Әлиді ақтық сапарға шығарып салуға биліктегі жоғары дәрежелі шенділердің ешқайсысы келмегенін, қоғамға белгісіз В. Ни деген кәріс азаматымен қоштасуға қазіргі президент, ол кездегі сенат төрағасы Қ.Тоқаевтың арнайы барғанын айтқан.

"Өлім де – сын" депті қазекем. Бағана М. Әуезов атындағы драма театрының табалдырығын аттай бере есіме осы сөз түсті де, Қазақстанның, Қазақтың Қадырын соңғы сапарына шығарып салуға кімдер келетінін ойлап, ығы-жығы көпті көзсүзгімнен өткізе бастадым. Берісі Алматының әкімі Ахметжан Есімов, арысы республиканың бас министрі Кәрім Мәсімов келеді деп ойладым. Жоқ, олар көрінбеді. Мәдениет министріміз Мұхтар Құл-Мұхаммед елдің алдымен жетуге тиіс еді, ол да жоқ!

Исі қазақ төбесіне көтерген, алақанына салған Қадырдың адамгершілік, қаламгерлік қасиетін Алматы мен Астанаға сыймай шіреніп жүрген шенеунік атаулы тани алмаған екен ғой?! Ай, рухани сорлылық-ай! Иә, рухани сорлылық!..

Өткен жылдың аяқ шенінде Алматыда В. Ни деген кәріс қайтыс болыпты да, «Егемен Қазақстан» бастаған гәзеттерден оқып, радиодан естіп, телеарналардан көргенімдей, оны жерлеуге Астанадан парламент сенатының төрағасы Қ. Тоқаев бастаған делегация ұшып келіпті. Марқұмның аруағы кешірсін, мемлекеттік-үкіметтік деңгейде соншалық құрмет көрсететіндей, В. Ни кім болып еді? Кеңес өкіметінің соңғы жылдарында, одан кейін де республика Министрлер Кеңесі құзырында Шаруашылық басқармасына еге болған. Жоғарғы басшылықтағы шенеуніктердің қарын қамын, яғни ішіп-жемін ойластырумен шұғылданды, үй-жайын жыл сайын жасартты, жиһазын жаңартты, тойын түгендеп, меймандарының көңілін көншітті. Ол, В. Ни, бертінде президент Назарбаевтың кадр-қаржы жөніндегі бейресми кеңесшісі болған деседі. «Қалауын тауып қарды жандырған» ғой. Қадырды Тау десем, нилер оның етегінде шашылып жатқан қара тастар еді, бірақ олар ымдас-жымдас құлқынбайлар үшін «асыл тастар» екен ғой!..." делінген жазушы жазбасында.

Бұл мәселені беріректе публицист-журналист Марат Тоқашбаев та көтерді.

"Бүгін көрнекті ғалым, академик Әбдуали Туғанбайұлы Қайдардың дүниеден өткеніне тура бір апта. Бізді әйгілі тұлғаларды жерлеу рәсімін ұйымдастыруда мемлекеттік органдардың алалық жасайтыны алаңдатты.

Мысалы, соңғы жылдарда өткен үш тұлғаны алайық. Салық Зиманов, Сұлтан Жиенбаев, Әбдуали Қайдар. Алғашқы екі ағамыздың сүйегі Абай атындағы опера және балет театрынан шығарылды. Олар әлбетте мұндай құрметке әбден лайық. Екеуі де майдангер. Екеуі де көрнекті қайраткер. Қоштасулар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған өте ризамыз. Ал Әбдуали Туғанбайұлы «Ғылым ордасының» Құрманғазы көшесі жақтағы өзі тар, өзі күңгірт, еңсесі төмен фойэсінен шығарылды. "Ит сүйреткен тулақтай ету" деген осы.

Үшеуі де көрнекті тұлға, үшеуі де мемлекетке еңбегі сіңген қайраткер, үшеуі де майдангер. Үшеуінің де жасы қатар. Үшеуіне де Елбасының көңіл айту хаты жолданды. Енді келіп неге алалаймыз?

Әбдуали Қайдар ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұзақ жылдар Төрағасы болды. Қазақ тілінің конституциялық деңгейде мемлекетік тіл болып орнығуын табандылықпен қорғаған, қазір өзіміз мемлекеттік деңгейде ауысқалы жатқан Латын қарпіне көшу туралы ең алғаш ұсыныс жасаған, оның ілкі нұсқасын әзірлеген, тіл білімі ғылымына этнолингвистика сияқты жаңа сала енгізген, түркологияны ерекше дамытысқан, орасан еңбек сіңірген Ғалым. 17 ғылым докторын, 75 ғылым кандидатын дайындаған. 39 орден-медалін Президент архивіне өз қолыммен санап өткіздім. Президенттікке кандидаттардан, оның ішінде Н.Назарбаевтан да қазақ тілі бойынша емтихан алғаны есте. Осындай тұлға опера театрынан шығаруға лайық емес пе еді?!

Осындай лайықты тұлғаны отбасының келісімі солай болды деп сылтауратып «Ғылым ордасының» фойэсінен шығарғаны мүлде ұят болды. Жерлеуді ұйымдастыруға байланысты комиссия құрылса да мұндай болмас еді. Мемлекет өзінің лайықты тұлғаларын мемлекеттік тұрғыдан әспеттеп шығарғаны жарасар еді. Немқұрайдылық қадам басқан сайын көрініп тұрды. Қоштасу рәсімінде ешбір министр, тіпті қала әкімі де бой көрсетпеді. Әдеттегі сылтаулар" деген журналист көрнекті тұлғаларды соңғы сапарға аттандыруға байланысты алалық саясатын жанашырлық саясатына ауыстыру қажеттігін айтқан.

Сүйегі суи қоймаған марқұм Серікболсын Әбділдинмен қоштасу рәсіміне қатысты қоғамда өкпе-реніш тіптен көп.

Ринат Рафхат есімді желі қолданушысы Серікболсын Әбділдиннің қазасы билік пен қоғам алшақтығын тағы айқындап көрсетті деген пікірде.

"Қазақстанның тәуелсіздік декларациясына қол қойған тарихи тұлға, оппозициялық саясаткер, ғалым Серікболсын ӘБДІЛДИН атамыздың қоштасу рәсімінде билік өкілдерінен ең болмағанда қала әкімі Сағынтаев пен жергілікті мәслихат депутаттары болмағаны қынжылтты. Кезінде қазақ-жоңғар шапқыншылығында да қолға түсіп, қаза тапқан батырларды хандар бас болып, батырға лайық арулап жер қойына тапсырған Қазақтың тектілігі бұл жүйеде көрінбеді. Десек те, бұл қаза – билік пен қоғам алшақтығын тағы айқындап көрсетті, деп жазған.

Шалқар Нұрсейітов атты желі қолданушысының жазуынша, биліктің қоштасу рәсіміне қатыспауы Әбділдиннің тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ерекше орнын одан сайын өсірмесе, кішірейтпейді деген пікірде.

"Шен-шекпенділер Серікболсын Әбділдин ақсақалды ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне қатыспады" деп ренжімеуіміз керек секілді. Назарбаев режимінің "мемлекетшілдерінен" парасаттылық, қайраткерлік пен азаматтыққа тән іс-әрекетті күту – оларға берілген тым артық баға болар еді.

Кезінде дүние салар алдында америкалық сенатор Джон Маккейн өзінің жерлеу рәсіміне президент Дональд Трамптың қатысқанын қаламайтынын айтқан екен. Өйткені Маккейн Д.Трамптың мінез-құлқы мен жүріс-тұрысы "АҚШ президенті" деген атқа мүлдем лайық емес деп есептейтін. Маккейннің отбасы мүшелері марқұмның өтінішін орындап, Д.Трампты сенатормен қоштасу рәсіміне шақырған жоқ. Америка халқы мен азаматтық қасиетін жоғалтпаған саясаткерлер соғыс ардагері, мемлекеттік қайраткер, сенатор Маккейнмен Трампсыз-ақ лайықты қоштаса білді.

С.Әбділдин ақсақалда Дж.Маккейн секілді мүмкіндік болғанда, қазіргі режимнің қызметінде жүрген шенеуніктердің өзін ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне қатысқанын қаламас та еді деп ойлаймын. Ал билік өзінің бүгінгі ишарасы көпшілікке қазақстандықтар "елге елеусіз тұлғамен қоштасып жатыр" деген әсер қалдырады деп үміттенсе, қатты қателеседі. Олардың бүгінгі жерлеу рәсіміне қатыспауы халықтың көз алдында Спикер Әбділдиннің тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ерекше орнын одан сайын өсірмесе, кішірейтпегені әбден анық" дейді ол.

Журналист Молдияр Ергебеков мұндай жайттардың түп-себебі қоғам өмірінің екіге бөліну деп санайды.

"Әбділдинге және халыққа жасалынған нәрсе маған қатты батты. Осыншама жыл қызмет еткен халқымен қоштасатын есі дұрыс жер бұйырмады. Ғалымдар үйі берілмеді. Жамбыл атындағы филармонияда өтеді дегенді естігенімде «мейлі, тым болмаса үлкен залы бар, халық болып сол жерде қоштасармыз» деп ойлаған болатынмын. Алайда жаңылыппын. Билік өзінің жылдар бойғы оппонентіне ақтық «сюрприз» жасапты: Халық Әбділдинімен филармонияның екінші қабатындағы кішкене ғана фойесінде «қоштасты». Таң азанмен ағылып барған халық сыймай қалды. Кім сөйлеп жатыр, не сөйлеп жатыр естілмеді, көрілмеді. Халық Әбділдиннің азиз денесінің қарсы алдында жеке бір қоштасу рәсімін жасай алмады. Жасатпады. Рахмет айта алмады. Айтқызбады өйткені.

Мұның ең басты себебі поляризация. Яғни қоғамның күнделікті өмірінің екі полюске бөлінуі. Мұның ортасының болмауы. "Я анаусың, я болмаса мынаусың" түсінігі. Басқаша айтар болсақ "Я мендіксің, я болмаса жауымсың!". Яғни адамдардың екі полюс арқылы қоғамдық өмірді жоспарлауы. Бұл полярлық түсінік сонау тәуелсіздік жылдарының басында пайда болды (деп ойлаймын). Оған алғашқы 2-3 жылда конституцияның өзгеріп, парламенттік республикадан бас тартылып, бір ғана адамның екі езуіне қарайтын жүйені қалыптастырған кезеңнің тарихы куә. Сол кезеңнен бастап біздегі саясат қоғамды екіге бөлумен айналысты.

Нәтижеде елімізде жаңа құрылып келе жатқан саяси топтар да елдегі саяси биліктің поляризацияшыл дәстүрін қайталауда. Яғни елімізде билік ауысар болса да түсінік ауыспайды деген сөз. Бәріміз Нұрсұлтан болуға міндеттіміз бе? Немесе сұрағымызды былайша сұрайық: Қалайша бәріміз Нұрсұлтанға айналдық? Баршаны құшақтайтын бір саясат өндіре аламыз ба? Оппоненттеріміз қайтыс болғанда оған жоғары дәрежеде құрмет көрсету батылдығымыз бар ма? Әлде қайтқан адамның сүйегі де қарсылас деп есептейтіндердің жасағанын жасаймыз ба? Адамдыққа, яғни ұлылыққа қашан және қалай ие боламыз?" дейді журналист.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: жерлеудегі алалық

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір